Шұңқырға түсіп кетпеңіз
Индербор кентінде автокөлік жолының жиегінде он метрлік жыра пайда болды.
Көктемде жердің үстіңгі қабатының бір бөлігі қар суының шаюынан шөккен. Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімінің басшысы Орынғали ХАСАНОВ «жырадан төнген қауіп жоқ» деп, оны тегістеу жұмыстарын бастауға әлі ерте деп санайды. Ал жергілікті көлік жүргізушілері бұл жермен жүрген сайын бойларын үрей билейтінін айтады.
***
Тағы 35 шақырым
Былтыр басталған Миялы-Индер жолын күрделі жөндеужұмыстары биыл қайта жалғасты.
Қызылқоға аудандық тұрғын-үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімінің басшысы Сейуғали МАХАМБЕТТІҢ айтуынша, қазір Миялы ауылынан Көздіғара ауылдық округіне дейінгі 35 шақырым жолды күрделі жөндеуден өткізу басталып кеткен. Мердігер мекеме - «АтырауИнжСтрой» ЖШС.
***
Дала шақырады
Құрманғазы ауданында егін шаруашылығымен айналысушылар саны көбейіп келеді.
Осыған орай егін алқабының көлемі де артқан. Бүгінде аудан бойынша537 гектаржерге егін егілуде. Сандуғаш ЖАРМҰХАМБЕТОВА секілді тәжірибелі диқандар егін егуді ерте бастаған. Ал биыл ғана егіншілікті қолға алған Көптоғай ауылдық округінің тұрғыны Нұрлыбек МҰСТАХОВ 100гектаржердің тең жартысына картоп, қалғанына түрлі дақыл екпекші.
***
Террорист-мысықтар
Қызылқоға аудандық прокуратурасы бір топ ветеринарға айыппұл салды.
Бұған Жасқайрат және Қарабау ауылдарында орын алған жағдай себепші болып отыр. Онда мысықтар адамдарға шапқан - екі мысық жеті адамды жарақаттаған. Бірақ бұл туралы ветеринарларға хабарланбаған. Жарақат алған адамдар мысықтарды сол бойда өлтіріп, кейін өртеп жіберген. Сондықтан мысықтардың құтырған-құтырмағанын анықтау мүмкін болмаған.
Дегенмен, аудандық прокуратура аудандық ветеринария бөлімінің басшысы мен Қызылқоға, Ойыл ауылдық округтерінің ветеринар мамандарын аса қауіпті инфекциялық аурулардың алдын алу бойынша санитарлық-эпидемияға қарсы іс-шараларды ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қағидаларын сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА