Бұл үйдің өз ПИК-і жоқ, тұрғындар қордаланып қалған коммуналдық мәселелерді өздері шеше алмайды.
Қазір Мақаттағы екі қабатты №18/1 үйдің жертөлесі қайтадан кәріз қалдығына толған. Шынымен де, тыныс алу мүмкін емес.
- Мен осыдан екі жыл бұрын жертөледегі лас суды сорғызып, кәріз құбырларын өз қаражатыма ауыстырғанмын. Бірақ одан кейін кәріз жүйесі құдығы қыс кезінде қатып қалып, құбырлар қайтадан істен шықты. Бұл жөнінде «АтырауСуАрнасы» КМК-не хабарласқанмын, олар апат кезінде актке қол қойдырып алды да кетті, -дейді үйдің тұрғыны, зейнеткер Қуаныш МҰХТАРОВ (суретте).
Бұған қатысты «АтырауСуАрнасы» КМК директорының міндетін атқарушы Р.ҚҰРМЕ-ТОВ былай дейді:
- Біз тексеріс жүргізіп, Мақат кентіндегі №18/4 үйдің жертөлесіндегі құбырлардың істен шығып, апатты жағдайға жеткендігін анықтадық. Алайда үйлердің жертөлесін тазарту біздің міндетімізге жатпайды. «Елді мекендерді сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін пайдалану Ережесінің» 39-тармағына сәйкес аталмыш үйдің аулаішілік кәріз жүйесіне жауаптымыз, ал ол жұмыс жасап тұр.
Мақат аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімінің басшысы Аслан ҚОСМАҒАМБЕТОВ тұрғындардың арызына орайжертөлені күтіп ұстауға бюджеттен қаражаттың қарастырылмайтынын айтады. Ал, белгілі болған жағымды жаңалық - демеушілік көмекпен кенттегі үйлердің жертөлелерін тазарту жұмыстары басталып кетіпті:
- №18/4 үйдің жертөлесін тазарту жұмысы жоспарға енгізілген. Жұмысты дәл қашан бастайтынымыз белгісіз, әйтеуір, осы жазда жертөле қалыпқа келетін болады, - деді А.Қосмағамбетов.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА