Атырау, 27 қараша 04:23
 бұлттыВ Атырау +3
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Бір жұтым су болсашы

2 934 просмотра

Индербор кентінің тұрғындары биыл тағы ауыз су тапшылығын қатты сезінуде. 

Олар ауыз су мәселесін шешіп беруді сұрап, ауданды сумен қамтушы мекеме – «ИнТехЖайық» ЖШС-не былтыр қараша айында арыз жазғандарымен, осы уақытқа дейін еш нәтиже болмаған.

- Аудан әкімдігі кенттегі ауыз су тапшылығын «Бау-бақша суарып, көліктеріңді жуып, суды ысырап етіп отырсыңдар» деп өзімізден көреді. Бізге кінә артқанша, құрылысына қыруар ақша жұмсалған жаңа су тазарту қондырғысын іске қоссын немесе жазғы су құбырын жөндеп берсін, -дейді индерборлықтар. - «ИнТехЖайық» судың ақшасын төлеуімізді сұрайды. Ал, сумен қамтып отырғаны шамалы. Біз ауыз судың үш тоннасын өзіміз 2,5 мың теңгеге құйдырып алып отырмыз.

«ИнТехЖайық» ЖШС 2 980 үймен келісімшартқа отырған. Орталық көше мен көпқабатты үйлерге екі мезгіл екі сағаттан су берілсе, Барлаушылар ықшамауданына тәулігіне бар болғаны үш сағат су жіберіледі. Себебі 1972 жылы салынған ескі су тазарту қондырғысының қуаты сумен қамтуға толық жетпейді. Ал, 2008жылдан бері салынып жатқан жаңа су тазарту қондырғысын (жалпы бюджеттің 700 млн теңгедей қаржысы жұмсалған) аудан әкімдігі осыған дейін қабылдаудан бас тартып келген болатын. Бірақ ауыз су мәселесін реттеу үшін бұл шешімді енді өзгертуге бекінген.

Индер аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Бауыржан ИМАНҒАЗИЕВ:

- «АминаСтройСервис» ЖШС банкротқа ұшырағаннан кейін жаңа су тазарту қондырғысын қабылдау мүмкін болмай жатыр. Біз оларды сотқа бердік. Бүгінде жаңа су тазарту қон-дырғысының құжаттары қаржы полициясында жатыр. Егер олардан құжаттарды ала алсақ, суландыру қондырғысын қабылдап алуды ұйғарып отырмыз.

«ИнТехЖайық» ЖШС директоры Ерлан БИСЕНҒАЛИЕВ бүгінде жаңа су тазарту қондырғысының көмегімен тәжірибе жүзінде су жіберіп отырғанын айтады:

- Өзіміздің есептеуіміз бойынша егер жаңа су тазарту қондырғысы іске қосылса, тәулігіне 1 000 текше метр су береміз, ал қалған 1 200 текше метрін ескі су қондырғысымен беретін боламыз. Бірақ бәрібір халықты тәулік бойы сумен қамту мүмкін емес, -дейді Е.Бисенғалиев.  - Бүгінде бір текше метр су 78 теңгеге бағаланса, оның 30 теңгесін халық, қалған48 теңгені субсидия арқылы беріп отыр. Негізі тұрғындардан алажағымыз жоқ, ал электр энергиясы үшін бережағымыз 2 млн теңгеге жетті.

Сондай-ақ, Е.Бисенғалиев жаңа қондырғыны тек су тапшылығы орын алатын жаз айларында ғана уақытша іске қосатындарын айтты.

- Дәл осындай су беру қондырғысы Батыс Қазақстан облысында бар, – дейді Б.Иманғазиев. - Қондырғы жақсы жұмыс жасап тұр. Сондықтан жаңасын іске қосқаннан кейін ескі қондырғыны резервке қоятын боламыз. «ИнТехЖайық» ЖШС-нің жаңа қондырғыдан бас тарту себебі электр энергиясына ақшаның көп кетуінде жатыр. Олар артық шығындардан қашып, қондырғыны қабылдамай отыр.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

22 мамыр 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.