Атырау, 27 қараша 04:30
 бұлттыВ Атырау +3
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Айыппұлдар өсіп, қамақ мерзімі ұзарды

3 988 просмотра

30 сәуірде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне (ӘҚтК) жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін жазаны қатайтуға енгізілген түзетулер күшіне енді.

Атырау облыстық ІІД әкімшілік полиция басқармасы (ӘПБ) салыстырмалы кестені ұсынды.

461-1-бап. Көлік құралын жүргізу кезінде жүргізушінің телефонды не радиостанцияны пайдалануы

2. Осы баптың 1-бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады (бұрын7 АЕК). (2014 жылы 1 АЕК 1852 теңгеге тең).
Ескерту. Көлік құралын жүргізу кезінде телефонды не радиостанцияны тыңдауыш немесе қатты дауысты байланыс арқылы пайдалануға рұқсат етіледі.


462-бап. Көлiк құралдары жүргiзушiлерiнiң қозғалыстың белгiленген жылдамдығын арттыруы

1. Көлік құралы қозғалысының белгiленген жылдамдығын сағатына 10-нан 20 шақырымға  дейiнгi шамаға арттыруы 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады (бұрын 5 АЕК).
2. Көлiк құралы қозғалысының белгiленген жылдамдығын сағатына 20-дан 40 шақырымға дейiнгi шамаға арттыру 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады (бұрын 10 АЕК).
3. Көлiк құралы қозғалысының белгiленген жылдамдығын сағатына 40 шақырымнан асатын шамаға арттыру 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады (бұрын 15 АЕК).
4. Осы баптың 1-, 2- және 3-бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер 40 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады (бұрын 20 АЕК).


463-1-бап. Жол қиылыстарынан өту қағидаларын бұзу немесе жолдың жүру бөлігін кесіп өту

1. Көлік құралдарының көлденең бағыттағы жол жүрісіне кедергі келтіруге (кептеліске) әкеп соққан жол қиылысына шығуы немесе жолдың жүру бөлігін кесіп өтуі 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады (бұрын 5 АЕК).
2. Жол жүрісі қағидаларының жол қиылыстарынан өтудің басымдық құқығын пайдаланатын көлік құралына жол беру талабын орындамау 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
 4. Осы баптың 1-, 2-бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады (бұрын 15 АЕК).

463-2-бап. Маневр жасау қағидаларын бұзу

1. Жол жүрісі қағидаларының жүру, қайта ауыстыру, бұрылу, кері бұрылу немесе тоқтау алдындағы сигнал беру талабын орындамау 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады (бұрын 3 АЕК).
2. Мұндай маневрлер жасауға тыйым салынған жерлерде кері бұрылу немесе артқа жүру 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Осы Кодекстің 463-1-бабының 2-бөлігінде және 463-5-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, жол жүрісі қағидаларының жүрудің басым құқығын пайдаланатын көлік құралына жол беру талабын орындамау 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады (бұрын 5 АЕК).
4. Осы баптың 1-, 2- және 3- бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады (бұрын 15 АЕК).


463-3-бап. Көлік құралын жолдың жүру бөлігінде орналастыру, қарсы жүріп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу

1. Жол жүрісі қағидаларын бұза отырып, жаяу жүргіншілер жолдарымен, жол жиектерімен немесе тротуарлармен жүру 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады (бұрын 7 АЕК).
2. Көлік құралын жолдың жүру бөлігіне орналастыру, қарсы жүріп өту немесе жолдың жүру бөлігінің қарсы бағытта жүруге арналған жағына шықпай, басып озу қағидаларын бұзу, сол сияқты ұйымдасқан көлік немесе жаяу колоннаны кесіп өту не оның арасынан орын алу 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады (бұрын 7 АЕК).
3. Егер бұл жол жүрісі қағидаларында тыйым салынған жағдайларда, жолдың жүру бөлігінің қарсы бағытта жүруге арналған жағына шығу 1 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады (бұрын 15 АЕК).
4. Осы баптың 1- және 2-бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады (бұрын 15 АЕК).
5. Осы баптың үшінші бөлігінде көзделген, көлік құралын басқару құқығынан айырылған не ондай құқығы жоқ адам жасаған әрекет 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады (бұрын жауапкершілік болған жоқ).


463-4-бап. Көлік құралдарын тоқтату немесе тоқтап тұру қағидаларын бұзу

1. Осы Кодекстің 463-бабының бірінші бөлігінде, 466-бабында және осы баптың 2 және 3 бөліктерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, көлік құралдарын тоқтату немесе тоқтап тұру қағидаларын бұзу 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады (бұрын 5 АЕК).

2. Көлік құралдарын тротуарда тоқтату немесе тоқтап тұру қағидаларын бұзу, сондай-ақ, көлік құралдарын гүлзарларда, балалар немесе спорт алаңдарында тоқтату немесе тоқтап тұру 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады (бұрын6 АЕК).
3. Басқа көлік құралдарының жол жүрісіне кедергі келтіруге әкеп соққан, көлік құралдарын жолдың жүру бөлігінде тоқтату немесе тоқтап тұру қағидаларын бұзу 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады (бұрын 7 АЕК).
4. Мүгедектердің көлік құралдарын тоқтатуы немесе тоқтап тұру үшін бөлінген жерлерде көлік құралдарын тоқтату немесе тоқтап тұру қағидаларын бұзуы 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады (бұрын жауапкершілік болған жоқ).
5. Осы баптың 1, 2 және 3 бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады (бұрын 15 АЕК).
6. Осы баптың 4-бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет 75 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады (бұрын жауапкершілік болған жоқ).


467-бап. Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру

1. Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру 3 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады (бұрын 2 жыл).
2. Авариялық жағдай туғызуға әкеп соққан нақ сол әрекеттер 4 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады (бұрын 3 жыл).
3. Осы баптың 1-бөлігінде көзделген, ЖКО-ға әкеп соққан әрекеттер 5 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады. (бұрын 4 жыл)
4. Осы баптың 1-, 2- және 3-бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және 6 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады (бұрын 10 тәулік және 5 жыл).
5. Осы баптың 4-бөлігінде көзделген әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған нақ сол әрекеттер 30 тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және он жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады (бұрын 15 тәулік және 10 жыл).
6. Осы баптың 1-, 2- және 3-бөліктерінде көзделген, көлік құралын басқару құқығынан айырылған адам жасаған әрекеттер 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады (бұрын 10 тәулік).
7. Осы баптың алтыншы бөлігінде көзделген әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған нақ сол әрекеттер 30 тәулікке әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады (бұрын 15 тәулік).
8. Осы баптың бірінші, екінші және үшінші бөліктерінде көзделген, көлік құралдарын басқару құқығы жоқ адамдар жасаған әрекеттер 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады (бұрын 10 тәулік).
9. Осы баптың 8-бөлігінде көзделген әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған нақ сол әрекеттер 30 тәулікке әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.
10. Осы баптың 6-, 7-, 8- және 9-бөліктерінде көзделген, осы Кодекстің 55-бабының 3-бөлігіне сәйкес әкімшілік қамаққа алу қолданылмайтын адамдар (кәмелет жасқа толмағандар, жүкті әйелдер, 14 жасқа дейінгі балалары бар әйелдер, І және ІІ топ мүгедектері, 58 жастан жоғары әйелдер, 63 жастан жоғары ерлер) жасаған әрекеттер 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.


471-бап. Ішкі істер (полиция), көліктік бақылау органдары қызметкерінің заңды талаптарын орындамау...

1. Көлiк құралын тоқтату туралы заңды талабын орындамау 1 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыруға, ал мұндай құқығы жоқ не одан айырылған адамдарға қатысты 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады (бұрын 10 АЕК).
12. Жүргізушіні ішкі істер органдарының қызметкері тоқтатқан жағдайда оның рұқсатынсыз жүргізушінің және жолаушылардың көлік құралы кабинасынан (салонынан) кетіп қалуы, сондай-ақ, олардың көлік құралы кабинасынан (салонынан) шығу туралы талаптарды орындамауы жүргізушіге және жолаушыларға 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады (бұрын жауапкершілік болған жоқ).
13. Осы баптың 12-бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер жүргізушіге және жолаушыларға 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады (бұрын жауапкершілік болған жоқ.
Ескерту. Нысанды киім киген ішкі істер (полиция), көліктік бақылау, әскери полиция органдары қызметкерлерiнiң көлiк құралын тоқтату туралы талабы ысқырып сигнал берумен бір мезгiлде қол қимылымен немесе таяқшамен сигнал беру арқылы не дыбыс күшейткiш құрылғының көмегiмен бiлдiрiледi. Сигналдар жүргiзушiге түсiнiктi болуға және оларды орындау авариялық жағдай туғызбайтындай болуы үшін дер кезiнде берiлуге тиiс.
 

«БЕЙНЕКАМЕРАНЫ ІЗДЕМЕҢІЗ – ЕРЕЖЕНІ САҚТАҢЫЗ»

Атырау облыстық ІІД ӘПБ-нің әкімшілік тәжірибе бөлімінің аға инспекторы Арман СЕЙІТҚАЗИЕВТІҢ айтуынша, Атырауда 7 жерге 70 км/с және одан жоғары жылдамдықты белгілейтін «Red Speed» жылдамдық өлшегіштері орнатылды. Олар қаланың Геолог, Жұмыскер, Балықшы, Сәтпаев даңғылы, Махамбет, Сырым Датұлы көшелері, Аэропорт аудандарына қойылды. Сейітқазиевтің айтуынша, жыл басынан бері жылдамдық өлшегіштер 1976 жылдамдық режимін бұзушылықты белгілеп, 24,1 млн теңге айыппұл салынды.

Сонымен қатар қалаға «зияткерлік камералар» орнатылды, қазір қосу жұмыстары жүріп жатыр. Зияткерлік камералар инспектордың көмегінсіз бағдаршамның қызыл белгісінен, стоп-жолақтан өту, қарсы бағыттағы жолға шығу сияқты жол айрығынан өту ережелерін белгілейді.

- Жүргізушілер зияткерлік камералардың жұмысы туралы қалай біледі?

- Жүргізушілерге олар туралы білу міндетті емес, олардың міндеті – ереже бұзбау, - дейді ІІД ӘПБ ЖПҚ бөлімінің бастығы Талғат МАРДАНОВ. – Дегенмен, жол айрықтарына орнатылған камералар көрініп тұрады.

- Жол-патрульдік полиция қызметкері стационарлық бекеттерден басқа жерлерде көлік құралын еш себепсіз, тек құжаттарын тексеру үшін тоқтатуға құқылы ма?

- Инспектордың көлік құралын себепсіз тоқтатуға құқы жоқ. Алайда, ішкі істер органдары туралы заңға және басқа да нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес, ЖПҚ қызметкері қоғамдық тәртіп және жол қозғалысы қауіпсіздігі бұзылғаны анықталған жағдайда бұл құқық бұзушылықтарға жол бермеуі керек. Ол тоқтату себебін түсіндіреді.

Әкімшілік полиция басқармасының деректері бойынша, осы жылдың алғашқы төрт айында облыста 113 ЖКО болған және салдарынан 15 адам қаза болып, 134-і түрлі деңгейдегі жарақаттар алған.

ІІД ӘПБ әкімшілік полиция қызметі іс-әрекеттеріне бақылау жасау бөлімінің басшысы Арман МЕҢДАЛИЕВТІҢақпараты бойынша, төрт айда денсаулығына орташа ауыр зиян келтірілген 44(өткен жылдың осы кезеңінде – 69), материалдық шығын келтірген 932 (638) ЖКО тіркелген.

Үстіміздегі жылдың төрт айында 24 346 (20 352) заң бұзушылық анықталды. Соның ішінде:

жылдамдықты асыру – 4 767 (2422);

ұялы телефон қолдану (бұл құқық бұзушылықтың 70%-ы камералармен анықталады) – 1 153(907)

көлікті пайдалану ережелерін бұзу – 1942 (1410);

қауіпсіздік белдігін тақпау және тасымалдау ережелерін бұзу – 2 970 (3021);

қарсы бағыттағы жолға шығу – 173 (155);

бағдаршам белгісінің талаптарын орындамау – 423 (487);

белгіленген жерде жаяу жүргіншіні өткізбеу – 1 266 (966);

жол айрықтарын, жол белгілерін сақтамау– 2 643 (2619);

мас күйінде көлік айдау – 761 (868);

көлік жүргізу құқығынан айырылған тұлғаның көлікті басқаруы – 391 (383);

тоқтау туралы талаптарды орындамау – 103 (157);

жаяу жүргіншілердің жол ережелерін бұзуы – 1 113 (832).

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

22 мамыр 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.