Әлі аяқталмаған көктемгі әскерге шақыру кезеңінде Атыраудан әскер қатарына 500-ден аса адам аттанады.
Атырау облысы Қорғаныс істері департаментінің әскери қызметке жинау басқармасының бастығы Рашид НАУРЗАБЕКОВТЫҢ айтуынша, биылғы шақырту кезеңі сәуір айынан маусымның аяғына дейін созылады. Барлық шақыртушылар наркологиялық және психологиялық тестілеуден өтеді. Облыс бойынша 8 жинау бекеті бар: біреуі Атырау қаласында және 7 ауданда. Енгізілген жаңашылдықтар – шақыртушылар үшін жинау бекеттерінде үш мезгіл тамақ, монша және шаш қидыру ұйымдастырылған. Өткен жылдардан тағы бір айырмашылығы – оларға әскери киімді қызмет атқару жерінде емес, Атыраудан кигізіп жібереді.
– Жарты жылдан кейін, күзгі шақырту кезеңінде, шақыртушыларды тексеру барысында «Ақ Сұңқар» әмбебап психикалық-диагностикалық кешен базасында «Автоматтандырылған әлеуметтік-психологиялық тексеру сыныбын» қолданамыз деп жоспарлап отырмыз,– дейді Р. Наурзабеков. – Бұл аппарат агрессивтілік, күйзеліс, невротизацияның жоғары деңгейі сияқты өзі-өзіне қол жұмсауға апаратын факторларды анықтауға арналған. Бұл әдіс пилоттық жоба ретінде Қызылорда мен Қарағандыда қолданылуда.
Анастасия ПАСТУХОВА