Облыстық прокуратураның қарсылығы бойынша ...Қазақстан азаматын Қазақстаннан тысқары шығару туралы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімі жойылды.
«Құрманғазы ауданындағы заставалардың бірінің аумағынан мемлекеттік шекара арқылы өтіп бара жатқан жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ азамат А. ұсталды. Соған байланысты оған қатысты «азаматтығы жоқ тұлғаның Қазақстанның мемлекеттік шекарасының режимін бұзғаны үшін» әкімшілік заң бұзушылық туралы хаттама толтырылды», - делінген облыстық прокуратураның баспасөз хабарламасында. Прокуратураның баспасөз қызметі нақтылағандай, бұл адам бірнеше уақыт Ресей аумағында шекаралас елді мекендердің бірінде тұрған. Әлдебір себептермен өзіне қазақстандық төлқұжатты рәсімдемеген. Оның жеке бас куәлігі де болмаған.
Сот шешімі: «2 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, кейін Қазақстан Республикасынан тысқары шығарылсын» делінген. Ал прокурорлар заң бұзушының азаматтығы жоқ тұлға еместігін, өйткені туу туралы куәлігіне сәйкес, Қазақстанның тумасы, Құрманғазы ауданында отбасымен және туыстарымен бірге тұратындығын анықтады.
Сот қаулысы жойылды, ал азамат А-ға міндетті түрде құжаттар алу ұсынылды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ