11 мамырда Назарбаев зияткерлік мектебінің (НЗМ) оқушылары 4 жасар Жасұлан ҚОРҒАНБЕК үшін қаржы жинау акциясын ұйымдастырды.
Сирек сырқатқа – ихтиозға шалдыққан кішкентай қызылордалық бүлдіршін туралы сюжет еліміздің бүкіл телеарналарында көрсетілді. Баланың терісінің орнына балықтың қабыршағына ұсқайтын мүйізгек пайда болған. Терісінің қабығы түлеп, қатпарланып қалады. Әсіресе, жазды күні қиын. Ыстықтан терілері жарылып, қансырайды. Дәрігерлердің айтуынша, бүкіл дүние жүзінде бірнеше адам ғана ихтиоздың осы сирек түрімен ауырады екен. Сырқаттың дәрісі әлі ойлап табылмаған, бірақ медиктер науқастың сырқатын жеңілдетіп, аурудың бетінің қайтуына қол жеткізе алады. Жасұланға израильдық медиктер қол ұшын бере алады, алайда айлық емдеу курсы 8 млн теңге тұрады. Әкесі ғана жұмыс істейтін сәбидің отбасы үшін бұл - өте қомақты ақша.
Осы отбасына қарапайым қазақстандықтар, алдымен туған қаласы, кейін бүкіл ел болып қол ұштарын созды. Атырауда Жасұланға НЗМ оқушылары көмекке келді. Олар белсенділік пен ересектерге тән дербестік танытып, қайырымдылық акциясын өткізеу орны мен уақыты туралы қалалық әкімдікпен келісім жасап, баннерге тапсырыс беріп, сценарий құрыпты.
– Біз ауқымды концерт Жасұланның проблемасына жұртшылықтың көңілін аудартудың ең тиімді тәсілі деп ұйғардық, - дейді «НЗМ парламентінің» өкілі Диана БЕРНИЯЗОВА. –Осындай алғашқы концертті 7 мамырда «Тамаша» сауда-ойын сауық кешенінің маңында өткіздік. 60 мың теңгедей жинадық. Ал, мектебіміздің оқушылары мен педагогтарының жинаған жәрдем ақшасы 100 мың теңгеден асады. Бүгінгі күні бүлдіршіннің басына түскен жағдайға бей-жай қарамайтын адамдар табылатындығына сенімдімін.
Исатай мен Махамбет алаңындағы концертте «Иверия» би тобы, «Фламинго» эстрадалық би тобының кіші құрамы, SuperSonic жастар тобы қатысты. Барлығы бірге Жасұланның еміне 400 мың теңгедей қаржы жинады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ