Автомат арқалаған қыздар
Дене тәрбиесін дамыту өңірлік орталығының қолдауымен қалалық №2 мектептің базасында әскери-патриоттық клубтардың жиыны болып өтті.
Финалдық жиынға дейін мектепішілік және аудандық екі іріктеу кезеңі өтті. Орталық-тың деректері бойынша, бағдарлама-ға барлығы бес мыңға жуық мектеп оқушылары тартылған.
Финалға 9 команда қатысты. Жарыстар бағдарламасына сап-тық дайындық, Калашников автоматын шашу және жинау, қорғаныс кешенін кию, 100 метрге жүгіру, белтемірге тартылу, пневматикалық винтовкадан ату кірді.
Сайыс нәтижесінде Құрманғазы ауданындағы Бегәлиев орта мектебі (АӘД мұғалімі – Ғ. Оралбек) 1-орын алса, 2-орынды Мақат ауданының Сарғұнанов атындағы орта мектебі (Е. Бигалиев), 3-орынды Индер көп салалы ауылшаруашылық колледжі (А. Бижанов) иеленді. Бір қызығы, автоматты шашып, кері жинау бойынша ең үздік нәтижені Бегалиев орта мектебінің оқушы қызы Орынай Қонашева жинады – 21 секунд.
Жеңімпаз команда маусым айында Шу қаласында республикалық жиында облыс намысын қорғау мәртебесіне ие болды.
***
Дойбышылар додасы
«Мұнайшы» спорт кешенінде дойбыдан қала біріншілігі өтті.
Турнирге 24 ойыншы қатысты. Жеңімпаздар мыналар: ерлер арасында - Берік Молдашев, әйелдер арасында – Әйгерім Қазиева, ер балалар арасында - Ержан Кенжеғали, қыздар арасында – Мөлдір Қажимова.
***
Атыраудың үлкен үлесі
Малайзияда ересектер мен жастар арасында муай-тайдан әлем чемпионаты өтті.
Жарысқа76 елдің өкілі қатысты. Қазақстан құрамасы сапында 24 спортшы өнер көрсетті, олардың бесеуі – «Қайсар» (Атырау) және «Алан» (Доссор) спорт клубтарының шәкірттері.
Қорытындысында ел құрамасы үш алтын мен жеті қола медальға ие болды және барлық үш алтын да атыраулықтардың иелігінде (Әбіл Ғалиев, Әлішер Мұхтаров жәнеЕламан Саясатов). Абылай Құралбаев қола жүлдегер атанды.
Спортшыларды жаттықтырушылар М. Ғалиев, Б. Мұхамбеталиев, Н. Әміржанов және А. Рахман дайындады.
***
Алаң иелерінің мерейі
«Атырау» ДСК-нде 1997-98 ж.т. мектеп және колледж оқушылары арасында самбодан 7-ші республикалық спартакиада өтті.
Атырау қаласы құрамасы ұтып алған жүлделер саны бойынша 1-орын иеленді. Өз салмақ дәрежелерінде Асқар Есбосынов, Айболат Ыстыбай, Зоя Сағынова, Айдана Тянова, Парасат Жұмабай, Анель Сүлейменова, Дәурен Болатбекұлы, Гүлдана Сәрсенова, Елшат Әбу және Алтынбек Зинолла жеңімпаз атанды.
Атыраулық самбошылар Қызылорда облысы Қармақшы ауылында өткен Кеңес Одағының батыры Т. Көмекбаевті еске алуға арналған халықаралық турнирде де жақсы өнер көрсетті: Әсет Әлдешев (52 келіге дейін) пен Асыланбек Әзімов (57 келіге дейін) қолаға қол жеткізді.
***
Ауыр жеңіс
10 мамырда «Судоремонтник» стадионында футболдан «Атырау» мен «Астана» командалары арасында ел чемпионатының 11-ші тур матчы өтті. Алаң қожайындары Қазақстан құрамасының базалық клубын 1:0 есебімен жеңді.
Ойын өте қызу өтті. «Атырау» командасының қақпашысы Андрей ШАБАНОВ бірнеше қауіпті соққыны қақпаға дарытпады. Ол сонысымен есте қалды. Матчтың алғашқы минуттарында алаң қожайындарының қорғаушысы Майкл ОДИБЕ даулы жағдайда ойыннан алыстатылды. Алайда әділеттік орнап, 30-шы минутта қонақтар айып алаңында ереже бұзған кезде «Атырау» командасының сербиялық шабуылшысы Милош ТРИФУНОВИЧ пенальти (11 метрлік айып соққысы) орындады. Қалған уақытта біздің команданың ойыншылары сәтті қорғана білді (сонымен қатар қауіпті жағдайда қарсы шабуылдады да). Есеп сол күйінде қалды - 1:0.
***
Гол соққанмен, жеңген жоқ
Қызылордада футболдан ел чемпионатының 10-шы тур матчы өтті. Онда «Атырау» командасы жергілікті «Қайсар» командасынан 1:2 есебімен жеңіліс тапты.
Ал, бастамасы жаман емес еді... 12-шi минутта «Атыраудың» жартылай қорғаушысы Дмитрий ПАРХАЧЕВ есеп ашты. 56-шы минутта айып добынан соң алаң қожайынының сербиялық легионерi Милян ЯБЛАН гол салды. 80-шi минутта «Қайсар» құрамындағы эстониялық легионер Римо ХУНТ жеңіс голын соқты.
***
Зауыттықтар жеңді
Футзалдан облыс чемпионаты аяқталды. «АМӨЗ»облыс чемпионы атағына ие болды.
«Күміс» өткен жылғы чемпион «КеденТрансСервис» командасына бұйырды. Ал үшінші орында - «ЕмбіМұнайГаз» командасы. Жеңімпаз бен жүлдегерлер әуесқой командалар арасында Қазақстанның аймақтық біріншілігінде бақтарын сынайды.
***
Алтыннан басқасы біздікі
Қарағанды облысының Сәтпаев қаласында 1997-98, 1999-2000 ж.т. ер балалар мен қыздар арасында бокстан республикалық турнир өтті.
Атырау облысын жарыстарда БЖСМ-3 тәрбиеленушілері таныстырды. Олар 3 күміс пен 4 қола медаль жеңіп алды. «Күмісті» салмағы 44 келіге дейінгі спортшы Надежда Сергей, 50 келі салмақтағы Динара Зинуллина, 54 келі салмақтағы – Әнел Харина қанжығаларына байласа, «қола» салмағы 50 келіге дейінгі спортшы Қуаныш Жолдасовтың, салмағы 57 келіге дейінгі Лейла Әзілханованың, салмағы 63 келіге дейінгі Альфия Дүйсенбекованың, салмағы 80 келіден жоғары спортшы Мейірбек Өтеповтің еншісінде. Ә. Харина, сондай-ақ, «Жеңіске деген жігері үшін» сыйлығымен марапатталды. Балаларды жаттықтырушылар А. Юн, А. Көшенов, Ж. Молдашев және А. Байдуллиев дайындады.
Суретті БЖСМ-3 ұсынды
***
25 минуттық ойын
АМУ спорт залында ҚР дене тәрбиесінің құрметті қайраткері Қожаахмет Шәмбіловті еске алуға арналған шахматтан облыстық жеке абсолюттік чемпионат өтті.
Жарыстар «рапид» санаты (партияның ұзақтығы әр ойыншыға 25 минуттан) бойынша 9 турдан өтті. Қорытындысында 8-сынып оқушысы Нұрбол Ғалымжанұлы облыстың абсолютті чемпионы атанса, Басир Дауылбаев 2-орын, Шыңғыс Боран 3-орын иеленді. Сонымен қатар, әр түрлі номинацияларда келесілер жеңімпаз атанды: ардагерлер – Ағаша Бөкенбай, әйелдер – Гүлнұр Төлеуова, 1994-97 ж.т. балалар – Батыржан Әбдрахманов және Жұлдыз Елеусін, 1998-2001 ж.т. – Бейбарыс Өтепов және Диляра Ғабитова, 2002 ж.т. және одан да жасы кішілер – Нұраділ Жамбыл және Фатима Құрманғалиева. Чемпионатқа облыстық шахмат федерациясының вице-президенті С. Гайсин төрелік етті.
***
Көктемгі марафон
Дене шынықтыру тәрбиесін дамыту Орталығының қолдауымен Жайық жағалауында 1998-99 және 2000-01 ж. т. мектеп оқушылары мен колледждерде оқитын жастар арасында дәстүрлі жеңілатлетикалық «Көктемгі марафон» өтті.
«Үш батыр» тұрғын үй кешенінен «Атырау» ДСК-на дейін жүгіруге 125 бозбала мен бойжеткен қатысты. Бозбалалар арасында өз жас ерекшеліктеріне сәйкес бірінші орынды Мұратбек Жанғазиев пен Ризабек Жаңбырұлы (екеуі де Индербор кентінен) алса, қыздар арасында Екатерина Ларманова (Индербор кентінен) мен Әйгерім Хамитова (Атырау қаласынан) ие болды.
Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ