Атырау, 25 сәуір 21:16
 ашықВ Атырау +17
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Өз балаңыздай болады

6 209 просмотра

«Бала асырап алғым келеді. Бұл өте күрделі, ұзақ процедура деп естідім. Неден бастау, кімге жолығу керек, ол үшін қандай құжаттар, үй және басқа да жағдайлар қажет?».

Д.В.

Сұраққа қала прокурорының көмекшісі Асхат ҚАБДЕШЕВ жауап береді: «Сәбиді асырап алуға рұқсат алуда қойылатын негізгі талаптардың бірі – отбасында сәбидің дұрыс дамып, тәрбиеленуіне және білім алуына жағдай болу керек. Егер сіздің баспанаңыз, тұрақты табысыңыз және т.б. болмаса сәбиді асырап алуға рұқсат бермейді. Заңда асырап алуға рұқсат берілмейтін тұлғалардың тізімі белгіленген, бұлар:

- сот еңбекке қабілетсіз немесе қабілеттілігі шектеулі деп таныған тұлғалар;

- сот ерлі-зайыптылардың бірін еңбекке қабілетсіз немесе қабілеттілігі шектеулі деп таныған тұлғалар;

- сот арқылы ата-аналық құқықтарынан айырылған немесе ата-аналық құқықтарын сот шектеген тұлғалар;

- заңмен жүктелген міндеттемелерді тиесілі орындамағаны үшін қамқоршы (қорғаншы) міндетінен шеттетілген тұлғалар;

- сот олардың кінәсінен сәби асырап алуға берген рұқсаттың күшін жойған болса, бұрынғы сәби асырап алушылар;

- денсаулығына байланысты ата-аналық құқығын жүзеге асыра алмайтын тұлғалар.

Өзара некеге тұрмаған тұлғалардың бір баланы бірге асырай алмайтынын ескеру керек. Сондай-ақ, некеге тұрмаған асырап алушы мен асырап алатын сәбидің жасының арасындағы айырмашылық 16 жастан кем болмауы тиіс. Алайда сот дәлелді себеп деп таныған жағдайда, жас айырмашылығы азайтылуы мүмкін. Мәселен, егер сіз туысқаны боп келсеңіз немесе бала сізге үйреніп қалған болса. Алайда, егер сіз сәбидің өгей әкесі немесе өгей шешесі болсаңыз, аталмыш жас айырмашылығының болуы міндетті емес.

Сонымен, ең алдымен – қамқорлық және қамқоршылық органына арыз беру қажет. Ол ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың республикалық дерекқорына енгізіледі. Арызға төмендегідей құжаттар жалғануы тиіс: жеке бас куәлігінің нотариалды расталған көшірмесі, неке туралы куәлік көшірмесі, есепке алынған тұрғындар көрсетілген үй кітабының көшірмесі, пәтердің құжаттары, еңбекақысы көрсетілген жұмысынан берілген анықтама, тұрғын үй жағдайын тексеру актісі, медициналық анықтамалар, өмірбаяны және мінездемесі.

Бұдан басқа, сәбиді асырап алу үшін оның ата-анасының келісімі керек. Бұдан басқа, сіз асырап алатын сәбидің ата-анасы 16 жасқа толмаған болса, онда олардың да ата-аналарының (қамқоршыларының, қорғаншыларының, патронаттық тәрбиешілерінің, қамқоршылық және қамқорлық органының) келісімі қажет. Алайда сот сәбидің мүддесі үшін аталмыш тұлғалардың келісімінсіз оны асырап алу туралы шешім қабылдауға құқылы. Сондай-ақ, егер ата-аналары белгісіз болса, сот қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен, еңбекке қабілетсіз, ата-аналық құқығынан айырылған деп таныса, сондай-ақ, олар сәбиімен бірге тұрмайтын болса, дәлелді себептерсіз жарты жылдан астам уақыт бойына оны тәрбиелеуден жалтарған болса, келісім қажет болмайды. Егер сіз 10 жасқа толған баланы асырап алуды ұйғарған жағдайда, бұған оның өзінің де келісімі қажет.

Егер сіз барлық талаптарға сай келсеңіз, барлық шарттар орындалып, барлық анықтамалар жинақталған болса, қамқорлық және қамқоршылық органы сәбилер үйіне жолдама береді. Әрі қарай қамқорлық органы сотқа сәбидің мүддесіне сай асырап алуға сәйкестілігі туралы қорытындыны береді. Талап арызға мынадай құжаттар тіркелуі қажет: сәбидің тұрғылықты мекен-жайы бойынша қамқорлық және қамқоршылық органының сәйкестілігі мен дәлелдер келтірілген қорытындысы, асырап алушылардың тұрмысын тексеру актісі, акт жазбасының және баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі, баланың (егер ол 10 жасқа толған болса) асырап алуға келісімі және ата-аналарының асырап алуға келісімі. Егер баланың ата-анасы ата-аналық құқығынан айырылған болса, онда оны жарты жыл өткен соң асырап алуға болады.

Сот шешімі оңды шыққаннан кейін және ол заңды күшіне енгеннен соң (15 күн) ғана, баланы балалар мекемесінен алып кетуге құқылысыз. Сәбиді асырап алу процедурасына кірісерде, қаладағы білікті заңды компаниялардың көмегіне жүгінгеніңіз жөн. Олар кеңес беріп, арыз жазуға, қажетті анықтамаларды алуға көмек көрсетеді. Қосымша ақпарат алу үшін білім беру департаментінің балалар мекемелері жөніндегі маманға хабарласу керек. Баланы асырап алуға қажетті құжаттар тізімі мен медициналық тексеруге жолдаманы қамқоршылық және қорғаншылық органы ұсынады.

Айтпақшы, биылғы жылдың тоғыз айы ішінде облыс соттары асырап алу жөніндегі 129 істі қарап, барлығына да оңды шешім шығарылыпты.

Дайындаған Лев ГУЗИКОВ

1 желтоқсан 2010, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.