Атырау, 27 қараша 04:21
 бұлттыВ Атырау +3
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Берекесіз өткен байқау

3 062 просмотра

Құрманғазы атындағы мәдениет үйінде би ұжымдары арасында «Би Думаны» бірінші қалалық байқауы өтті. Бір аптадан кейін хореографтар мен әділ қазылар мүшелері өз шешімдерін кері талқылауға қайтадан жиналды.

Мәдениет үйінде көп жылдардан бері Атырау мен қала маңындағы ауылдардың би топтарының фестивалі өтетін. Биыл қалалық мәдениет бөлімі жеңімпаздары мен арнайы сыйлықтары бар нағыз байқау өткізуді шешті. Оған кіші, ортаңғы және үлкен жас ерекшеліктері бойынша 30-ға жуық ұжым қатысты. Алайда, ұйымдастыру деңгейі мен қазылар алқасының шешімін қатысушылар әр түрлі бағалады.

Педагогтар мен ата-аналар қазылардың өз шешімдеріне еш түсінік бермегендеріне, нәтижелерді жариялағанда да, байқаудан кейін де хореографтарға ешқандай ескертулер мен ұсыныс айтпағандарына шағымданды. Сондықтан олар бір ұжымның неге жеңімпаз атанғанын, келесісінің неге жүлде алмағанынтүсіне алмады.Тіпті, кіші топта екінші және үшінші жүлде бір ғана «Жұлдыз» ұжымына беріліпті.

- Осы байқау бірге билеп жүргендеріне жылға жетпейтін уақыт болған біздің балаларымыз үшін бірінші сын болды. Олар тәжірибесі мол, билері қалыптасқан ұжымдармен бәсекеге түсті, бірақ еш ұятқа қалдырмады, - деп есептейді Гаухар есімді ата-ана. – Белгісіз себептермен біздің би ұжымына байқауға қатысты деген диплом да бермеді, балаларымыз «5 жастан 9 жасқа дейінгі» санатта ең кішілері болып еді. Біздегі ең үлкен биші қыз 7 жаста. Біз балаларымызбен бірге сахна алдында қашан бізді шақырып, диплом береді екен деп күттік, алайда бізді атамады. Балалар қатты ренжіді, барлық еңбектері, тынымсыз дайындықтары босқа кетті, олар не болғанын түсіне алмады.

Осы «Фламинго» тобының үлкен құрамының биін қазылар алқасы «үш адамнан құрылған» деп бағалаудан бас тартты. Алайда байқау ережесінде қатысушылардың саны еш белгіленбеген.

- Мен ережемен таныстым және құжаттарды қабылдап отырған маманмен кеңестім. Ол топ қатысушыларының саны маңызды емес деп сендірді, - деді қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінде болған арнайы отырыста «Фламинго» ұжымының жетекшісі Венера МАНАСОВА.

Жиналысқа, сондай-ақ, мәдениет бөлімі басшысы Ғалым ҚАМИЕВ, мәдениет үйінің директоры және оның орынбасарлары, әділқазы мүшелері – мәдениет үйінің хореографы Мәдина НИТОКШИНА мен педагогикалық колледж оқытушысы Анна ЖИДКОВА қатысты. Үшінші төреші, Кіші өнер академиясының хореография оқытушысы Талғат ҒАТАУОВ қалада болмады. Талқылау өте қызу өтті, кейде, тіпті, дауыс көтеруге дейін барды.

Анна Жидкова қазылардың ұжымдарды бағалағанда бидің қойылымы, орындау техникасы және т.б. критерийлерге сүйенгені туралы айтты. Қазылар алқасы мүшелерінің айтуынша, «Жұлдыз» ансамблі бір санатқа екі топ қосқандықтан екі жүлделі орын алған. Байқау ережесінде мұндай талаптар жоқ, алайда, М. Ғалиеваның айтуынша, «Жұлдыз» жетекшісі төрешілерге бұл жөнінде ескерткен, сондықтан да рұқсат етілді. «Фламинго» балалар тобына дипломның өз уақытында берілмеуінің себебі кейін анықталды, әділқазылар қателесіп басқа топқа беріп жіберіпті. «Фламингоның» үлкен құрамы бойынша да үлкен дау болды. Қазылардың пікірінше, үш адам ансамбль бола алмайды, сондықтан да олар байқаудан тыс өнер көрсеткен.

- Бұл байқау бірінші рет ұйымдастырылып отыр, сондықтан да ұйымдастыру жағынан келеңсіздіктер болды. Келесіде мұндай дау-дамай болмас үшін жауапты адамдар ереже талаптарын анық жазатын болады, - деп түйіндеді Құрманғазы атындағы мәдениет үйі директорының орынбасары Гүлжан ТАЛПАҚОВА.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

15 мамыр 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.