«Атырау» ДСК-нде панкратионнан бірінші рет Азия чемпионаты өтті.
Жарысқа Жапониядан, Ираннан, Ауғанстаннан, Үндістаннан, Тәжікстаннан, Қырғызстаннан, Өзбекстан мен Қазақстаннан спортшылар қатысты.
Собнишен (греплинг) санатында облыс құрамасы қоржынына алғашқы алтын медальді Ерлан Сағидолла салды. Ол екі айқас өткізіп, екеуін де мезгілінен бұрын аяқтады.
Жарыстың екінші санаты дәстүрлі панкратионнан (традишен) атыраулық спортшылар бес алтын медаль алды: 66 келіге дейін – Ербол Хамитов, 77 келіге дейін – Имран Әбубәкіров, 84 келіге дейін – Азамат Өтеулиев, 93 келіге дейін – Жасұлан Қасымов және 100 келіге дейін - Тыныс Бисалиев.
Тыныс келесі күні фулл-контакт (ережесіз айқас) санаты бойынша 100 келіден жоғары салмақта өнер көрсетіп, тәжіктің ауыр салмақты спортшысынан ұтылып қалды, нәтижесінде - «күміс». Фулл-контакт санатында әлем чемпионы Жұмагелді Жалғасұлы (66 келіге дейін) мен Асыланбек Тәженов тағы да екі «алтын» әкелді. Екеуі де айқасты әдемі де үстеме соққылармен аяқтады.
Балалар мен жастар арасын-дағы жарыста да атыраулықтар сәтті өнер көрсетті. Мұнда Әділбек Амангелдиев (греплинг) пен Данияр Жетпісбаев (панкратион) чемпион атанды. Нұрбек Екібаев, Өмірбек Шайденов, Әділбек Ерғабылов, Мансур Махамбетаминұлы «күміс» иеленсе, Шыңғыс Жайсан, Әлібек Мизамов, Дастан Аманжолов пен Абылайхан Мырзақұлов қолаға қол жеткізді.
Жеңімпаздар ММА-дан әлем чемпионатына (Сан-Паулу), панкратионнан әлем чемпионатына (Будапешт) және панкратионнан балалар мен жастар арасындағы әлем чемпионатына (Калининград) қатысатын Қазақстан құрамасына қосылды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ