АМУ-дің «Жайық» ДСК-нде қазақ батырлары Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлын еске алуға арналған бокстан VI халықаралық турнир өтті.
ТІСТЕУІК ДЖАХОННЫҢ ІНІСІ
Турнирдің мәртебесін көтеру үшін Республикалық бокс федерациясы әр облыстан қатысатын өкілдерді үшке дейін қысқартты. Жарысқа бірінші рет «Астана Арланс» командасы мен олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев жетекшілік ететін эксперименталды Қазақстан құрамасы қатысты. Сонымен қатар, Ресей, Украина, Иордания, Қытай, Моңғолия, Әзірбайжан, Қырғызстан және Ирак (Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері Дамир БУДАНБЕКОВ жаттықтырады) құрама командалары додаға өз мықтыларын қосты.
Айқастардың барлығы да қызықты өтті. Біз тек Атырау облысы өкілдерінің қалай өнер көрсеткендерін атап өтпекшіміз.
Алайда, алдымен, Алматы өкілінен бастайық. Бекболат ҚҰРАМЫСОВ 64 келіге дейін салмақта оңтүстік астана намысын қорғаса да, өзі Ганюшкин ауылының тұрғыны, қазір Қазақ спорт академиясында оқиды. 26 сәуірде оған «Астана Арланс» клубының кәсіпқой боксшысы Руслан Мәдиев қарсы тұрды. Бірінші раундта Бекболат тек қорғанысқа көңіл бөліп, анда-санда ғана шабуылдап тұрды. Осының арқасында қарсыласын бір рет нокдаунға жіберді. Алайда, бұл Мәдиевтің шамбайына тиіп, қалған уақытта ол толассыз шабуылға көшті. Төрешілердің басым дауысымен жеңіс «арланға» берілді. Айта кетсек, Мәдиев ақтық айқаста Ресей құрамасының бірінші нөмірі Фарид Алешкинді бірнеше секундта нокаутқа жіберіп, алтыннан алқа тақты.
Осы күні 91 келіге дейінгі салмақта Рахман ӘЛЖАНОВ бұрынғы турнирлердің бірнеше дүркін жүлдегері, тәжік Джасон Құрбановты сенімді түрде жеңді. Бұған дейін біздің осы турнирімізге ағайынды Құрбановтардың екеуі де келген. Үлкен ағасы Джахон бокс тарихына Бейжің олимпиадасында біздің Еркебұлан Шыналиевтің құлағын тістеп алумен кірген. Тәжікстан құрамасының өкілдерінің айтуынша, Джахон бүгінде спорттық мансабын аяқтаған.
27 сәуірде 69 келіге дейінгі салмақта Азамат ДОСМАҒАМБЕТОВ моңғол Тавшбаат Виамбаттың тас-талқанын шығарды. Атырау облысы құрамасы сапындағы шымкенттік легионер Тоқтар ОСПАН 81 келіге дейінгі салмақта әзірбайжандық Александр Брендинді ұтты. Атырау құрамасындағы екінші легионер Сержан АТЫРАУБАЙ 60 келіге дейінгі салмақта ақтаулық Жәнібек Мұратовты 2:1 есебімен ұтты.
Алайда, келесі күні моңғолдар жеңіл салмақта өнер көрсететін, өткен жылғы турнирдің жеңімпазы Рәшид САЛАУАТОВТЫ жеңіп, еселерін қайтарды. Ол таза қазақ қаны бар Жолдасбек Тастінәліден 1:2 есебімен ұтылды. Дегенмен, бұл күні Атыраубай мен Досмағамбетов кезекті жеңістеріне жетіп, көрермендердің көңілін көтеріп қойды.
ДОСЫНАН ҚАЛМАДЫ
29 сәуірде жартылай финалдық ойындар өтті. Әлжанов украиналық Игорь Вилчитскийді 2:1 есебімен ұтты. Досмағамбетов эксперименталды Қазақстан құрамасының өкілі Алмаз Тілеубергеновты оңай ұтты. Оспан мен Атыраубай құрама команда өкілдерімен өткізген кездесулерінде жеңілді және екі айқасты да Атырау облысының аға жаттықтырушысы Қанат ОРАҚБАЕВ екінші раундта рингке орамал лақтырып тоқтатты.
30 сәуір күні финалда Досмағамбетов Қазақстан құрамасының мүшесі Сергей Кербивочныймен кездесіп, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Р. Әлжанов та өткен жылғы Қазақстан және Азия чемпионы Әділет Орынбасаровпен өткізген ақтық айқасын сәтті өткізді. Нәтижесінде Досмағамбетов пен Әлжанов турнир жеңімпаздары атанды.
- Мен финалда қалай да жеңуді көкседім, өйткені алдымда «алтын» жүлде алған досым Азамат Досмағамбетовтен қалғым келмеді, - дейді Рахман әзіл-шыны аралас. - Өткен жылы мен жарты жылдай Маңғыстау облысы құрамасының сапында өнер көрсеттім. Тәжірибе жинап, 11 келі салмақ лақтырдым, басқа салмаққа ауысып, Қазақстан бокс федерациясының кубогын ұтып алдым. Осындай керемет бокс мерекесін ұйымдастырған турнир ұйымдастырушыларына көп рахмет.
Басқа салмақтарда турнир жеңімпазы атанғандар: Мардан Берікбаев (Қазақстан), Нұрлан Асқар (Моңғолия), Айдар Иманғалиев (Қазақстан), Алкашбеш Обада (Иордания), Руслан Мәдиев (Қазақстан), Петр Хамуков (Ресей), Тұрсынбай Құлахмет (Қазақстан) және Никита Стогов (Ресей).
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ