Жайық-Каспий бассейні су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау инспекциясының басшысы Ғалидолла ӘЗИДУЛЛИННІҢ айтуынша, Атырау қаласы аумағындағы Жайық өзеніне өр суы келуінің шарықтау шегі мамырдың аяғында болады.
Сушылардың соңғы болжамдары бойынша, шарықтау шегі кезінде өр суының деңгейі әрі-бері 3-10 см айырмашылығы бар 404 сантиметрді құрайды (желдің бағытына байланысты). Естеріңізге салсақ, судың көтерілуі 450 см-ден асса, қауіпті деп саналады. Яғни, биылғы өр суы қалаға еш зиянын тигізбейді. ¤ткен жылы да қауіпсіз шекте - 413 см болған.
- Біз ресейлік сушылармен үнемі байланыста отырамыз. Көктем басында олар Ириклин су қоймасына құйылатын өр суы тәулігіне 10 млн текше метрге дейін көтеріледі деп болжам жасаған. Алайда, бұл расталмады. Қар аз-аздан еріп жатыр. Сондықтан да Атыраудағы өр суы салыстырмалы түрде жоғары болмайды, бірақ ұзақ келеді, -дейді Ғ. Әзидуллин. – Жем, Ойыл, Ембі сияқты шағын өзендерде өр суының шарықтау шегі көп жылғы орташа деңгейден төмен болды.
Мамыр айының аяғында Атырауда ауа райының ыстық болатыны белгілі. Сондықтан да қалалықтар Махамбет ауданындағы тоғайлы жерлерге барып, суға түседі. Жайыққа суға түскенде сақ болу керек: өр суының ұзақ келуіне байланысты ағыс сол кезде де қатты болады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ