Жақын арада танысым сұлулық салоны ретінде қызмет ететін түсініксіз орынның тұтқынына айнала жаздағанын әңгімелеп берді. Оның бүкіл хикаясын түгел баяндап бермей-ақ қояйын, жәй журналистік тапсырма бойынша осы орынға барған кезде өз басымнан өткізген жайттарды баяндап берейін.
ТАҢДАУЛЫЛАРҒА АРНАЛҒАН САЛОН
Космицевтердің (бұл орынның қызметкерлері өздерін осылай атайды) қызметін пайдалану оңай нәрсе болмай шықты. Олар клиенттерді бұрын келген адамдардан сұрап алған телефон нөмірлері бойынша өздері шақырады. Сall-орталықтан ықтимал клиенттерге қоңырау шалатын телефон нөмірін алған соң, процедураға барғым келетінін айтып, өзім хабарластым. Әйел дауысы менің кім екенімді, нөмірді кім бергенін және т.б. мәліметтерді ұзақ сұрады. Соңында «бос терезе» болған бойда хабарласатынын айтып, уәде берді. Бір аптадан соң да, екі аптадан соң да хабар болмады. Күтіп шаршаған соң сол салонға өзім бардым. Тіркеуші қыз да ұзақ жауап алды. Салон жанынан өтіп бара жатып, кіріп шықпақ болдым деген әңгімемді тыңдаған соң, телефон нөмірін жазып алып, қоңырау шалуға уәде берді. Бірақ қоңырау шалмады.
Ендеше, бұл жолмен болмаса, басқа жолмен баруды ұйғардым. Бұл салонға менің басқа бір танысымның шақырту бойынша баратынын кездейсоқ білген соң, ол жерге құрбыларының байланыс телефондарымен бөлісуді сұраған кезде менің телефон нөмірімді қалдыруды өтіндім.
Тағы екі апта өтті. Міне, көптен күткен қоңырау да соғылды:
- Тамарасыз ба? Қайырлы күн! Сіздің құрбыңыз Алмагүл бізде болып, өз достарының байланыс нөмірін қалдырған еді. Сіз біздің салонның тегін SPA-процедурасынан өту үшін сыйлық сертификатына ие болдыңыз! Қазір бізде акция жүріп жатыр. Сол акция шеңберінде бетіңізге жұмсақ әрі терең тазарту, теріні ылғалдандыру процедурасын, массаж, жаңа ультрадыбыстық аппараттың әсерін байқап, бетіңізге компьютерлік диагностиканы тегін жасата аласыз. Қайталаймын, мұның бәрі - тегін. Сіз акциялық ұсынысты пайдаланғыңыз келе ме?
Әлбетте!
Белгіленген уақытта сол салонға бардым. Тіркеуші қыз жеке бас куәлігімді сұрап, үлкен журналға менің мағлұматтарымды жазып алды. Менен басқа SPA-процедураға мен секілді ондаған бақытты иегерлер келіпті. Фойедегі былғары диванға жайғасқан соң әртүрлі жастағы әйелдер салонның атымен аттас косметиканы жарнамалайтын таныстырылым журналдарын парақтай бастады. Теледидардың үлкен экранында ол туралы кино мен эстрада жұлдыздары сөйлеп жатты.
Кенет фойеге су жаңа киім киген жігіт шығып, біздің бәрімізді алдағы керемет SPA-процедурамен құттықтады. Оның артқы жағында ақ халат киіп, күлімсіреген кеңесшілер сап түзеп тұрды. Біздің әрқайсымызды кезекпен шақырған жас жігіт кеңесшіге дейін жеткізіп салып, процедура кезінде жақсы демалуға тілек білдірді. Қандай қызмет?! Нағыз патшайымдай сезінесің!
ПРОЦЕДУРА
Санаулы секундтарда бізді кеңесшілер жеке кабинеттерге кіргізді. Кабинеттің іші емхананы еске түсіреді екен. Үстел, екі отырғыш, қабырға жанына қойылған кәдуілгі тақтай төсек пен косметикалық құралдардың сықпалары мен құтылары орналасқан медициналық этажерка бар. Кеңесші менің жасымды, келу мақсатым және күтілетін әсер туралы әдеттегі сұрақтарды қойып, оларды сауалнамаға енгізіп, содан соң процедураны бастауды ұсынды.
- Мен сізге алдымен нәтижені байқау үшін процедураны бетіңіздің бір жағына жасаймын. Содан кейін екінші жағына да жасаймыз, - деп іске кірісті ол. – Біз израильдік өнімнің ерекше құралдарын қолданамыз. Бұлардың барлығы табиғи болғандықтан, тиімді әсер етеді әрі ешқандай аллергиялық реакция тудырмайды. Кез келген теріге қолдана беруге болады.
Алдымен тазартатын құрал, содан соң жұмсақ скраб, кейін «бриллиант ұнтағы» бар масканы (оның әсері кеңесшінің бетіме жүргізген ультрадыбыстық аспаппен күшейді) жасады да, ылғалдандыратын иісмай жақты. Әрбір құралды жаққан қыз менің не сезетінімді сұрады. Процедура жасалған бетімнің бір жағының балғындығынан басқа ештеңе сезбедім. Бұл, менің ойымша, заңды құбылыс. Мұның бәрі 10 минуттан артық уақыт алмады.
- Иә, қалай, айырмашылықты көріп тұрсыз ба? – деп сұрады ол мені айна алдына әкеліп.
Шынымды айтсам, аса бір айырмашылықты байқамадым.
- Қалайша?! Дұрыстап қараңыз! Мына жерде теріңіз ағарып, тегістеліп, терідегі ұсақ тесіктер тарылған! Әрине, бірінші қолданыстан кейін препараттың әсерін байқау қиынға түседі. Ал бірақ сіз емдеу курсын бастаған соң біздің косметикамызды курспен қолдана бастасаңыз, қалай өзгере бастағанын көретін боласыз.
Һм… Мені әлденеден емдегісі келетіні қызық екен...
Кеңесші бір бума қағаздардың астынан менің бетімді өңдеген косметикалық құралдың сапа сертификатының тігіндісін шығарып алды да, шығып кетті. Кейінірек, ғаламторға қосылған компьютерге жеткен соң, сертификаттың баяғыда-ақ қолданыс мерзімі өтіп кеткенін, ал Кедендік одаққа арналған тауарлардың сапа сертификаттары мен декларациялары туралы бүкіл деректер сақталатын «Роспотребнадзор» дерекқорында бұл құжаттардың мүлдем жоқ екенін білдім.
Қайта келген кеңесші өзімен бірге жүруді өтінді. Біз басқа кабинетке бардық. Ол жерде бір сүйкімді қыз теріме компьютерлік диагностика жасауды ұсынды. Арнайы датчик теріге тиген кезде монитордан үлкейтілген бейнесі көрінді. Егжей-тегжейін тәптіштемей-ақ қояйын, алайда өңделген бетімнің бөлігін өңделмеген жартысымен салыстырып, менің бетімде үлкен проблема бар екендігіне, одан тек ғажайып құралды сатып алған соң ғана құтылуға болатынына сендіруге тырысты.
«СІЗГЕ БАНКОМАТҚА ДЕЙІН ЕРІП БАРАЙЫН»
Процедуралық кабинетке оралған соң мені бағаларымен таныстырды. Көзім ұясынан шығып кете жаздады: бірнеше құтысы бар әдемі кейстің құны 335 мың теңге екен.
- Алайда, бүгін ерекше ұсыныс бар. Сіз үшін 297 мың теңгеге акциялық баға қарастырылады. Сізге бар болғаны бастапқы жарнаға 75 мың теңге немесе 57 мың теңге салу керек, ал қалған соманы сіз жарты жылға немесе бір жылға банк арқылы несие ретінде ресімдей аласыз. Айта кетелік, клиенттерге қолайлы болу үшін салон кеңсесінде екі танымал банктің өкілдері отыр.
- Маған ойлану керек, аз ақша емес қой, - дедім аузыма сөз түспей.
- Не туралы ойлануыңыз керек? Не маңызды – ақша ма, әлде сұлулығыңыз ба? – деп қоймады салон қызметкері.
Мені «өңдеу» ұзаққа созылды. Кеңесші мені мақтап, іші-бауырыма кіріп барады, әбден ығыр қылып жіберді. Бұл кәдімгідей маған көрсетілген қысым болып көрінді. Шынымды айтсам, маған, осы жерге газет мақаласын әзірлеу үшін дайындалып келген адамға қиын тиді. Сол кезде «қармаққа ілінгендей» түр танытып, бірақ бастапқы жарнаға өзіммен бірге жеткілікті сомам жоқ екендігін сылтаураттым. Осыдан соң менімен қош айтысар деген үмітте едім. Бірақ олай болмады. Кеңесші бірер минут күте тұруды өтініп, қайтадан кабинеттен шығып кетті. Біраздан соң жымия күліп, бір жапырақ қағаз ұстай келді:
- Менде сіз үшін керемет жаңалық бар. Мен қаржы бөліміне барып келдім, сіз үшін жеңілдік жасады. Біз сізге кейсті толықтай бастапқы жарнасыз сата аламыз.
Қызық екен. Ғажайып құралды қатты алғысы келген жанға ол, бәлкім, жақсы жол шығар; бірақ қарсылық көрсете алмайтындар үшін бұл мойнына «несие» іліп алса да, осы жерден шығып кетудің мүмкіндігі болар еді. Мені банк қызметкеріне апаруға дайын болды.
Мен ойланып қалдым...
- Мен банкке осындай сома үшін және осындай үлкен мерзімге кіріптар болғым келмейді. Одан да банкоматқа барып, қажет сомамды түсіріп, бастапқы жарнаны салайын. Ал қалғанын несиеге алсам бола ма? – деп лақ еткіздім.
- Түсінесіз бе, егер сіз қазір салоннан шықсаңыз, сіздің мәліметтеріңіз дерекқордан жойылады да, сіз ешқашан біздің ұсынысымызды пайдалана алмайсыз, - деді кеңесші жымиған күйі.
- Ендеше... бұйырмаған шығар...
Мені қазір жоғалтып алатынын түсінген кеңесші селк ете түсіп, миығынан күліп, банкоматтың қай жерде екенін сұрады.
- Жоға... осы маңда...
- Жарайды, тек мен сізбен бірге барамын. Сізбен банкоматқа дейін барып, бірге қайтып келеміз, - деді ол мені тілсіз қалдырып.
- А..а… Не үшін?!
- Жәй. Не үшін деуге бола ма…
- Білесіз бе, бұл енді шектен шығу! – дедім шыдай алмай. Бұл «журналистік тапсырма» сценарийінде болмаған еді, шынымен де, ығырымды шығарды. Содан соң салоннан қашып шыққандай болдым. Сырттағы ауамен еркін тыныс алғанға не жетсін...
P.S. Ғаламторда бұрынғы Одақ елдерінің көпшілігінде жұмыс істейтін осы салондар желісі туралы жағымсыз пікірлер көп екен. Адамдар «құрыққа қалай түсіп қалғанын» жазыпты: «Миымыз айналып, кейсті қалай сатып алғанымызды білмей қалдық. Біз біраз уақыт өткен соң ғана есімізді жидық».
Чемоданды кері қайтару өте қиын екен. Кері қайтара алғандар кеңес береді. Айта кетелік, осы косметиканың атауын естіген израильдіктер ол туралы ештеңе естімегендерін айтады.
Құқыққорғау органдарына арыз жазғаннан пайда жоқ, себебі психологиялық қысым көрсетілгенін дәлелдеу өте қиын. Сондықтан, қырағылық танытыңыздар, ханымдар!
Тамара СУХОМЛИНОВА