5 мамыр күні кешкісін Азаттық-Тельман көшелерінің қиылысында тұрған машиналардың бірінің астындағы асфальт опырылып түсті.
– Мен Азаттық даңғылы бойында келе жатқан едім. Алдымнан он шақты машина өтіп кетті, бәрі ойдағыдай болатын. Бағдаршамның рұқсат еткен белгісі жанғаннан кейін, Тельманға қарай бұрыла бастадым. Сол кезде түсініксіз жағдай орын алды, - деп әңгімелейді ойылған шұңқырға көлігі түсіп кеткен қала тұрғыны. – Көлігімнің астындағы асфальт ойылып, тереңдігі 1,5-2 метрлік шұңқыр пайда болды. Сол жерге ӘПБ қызметкерлері келді, бір жарым сағаттан соң эвакуатор жетті.
Көлік қожайыны асфальттің опырылуы нәтижесінде көлігінің жүріс бөлігі мен бампері зақымданғанын айтты. Оның айтуынша, оқиға орнына «АтырауСуАрнасы» КМК өкілдері жетіп, бүлінген көлікті қалпына келтіруге көмектерін ұсыныпты. Асфальттің ойылу себебі анықталуда.
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ