Атырау, 21 желтоқсан 12:44
 ашықВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

«Атырау Барыстары» жеңістен үмітті

2 199 просмотра

«Атырау» ДСК-нде Қазақстан Ұлттық баскетбол лигасычемпионатының «Атырау Барыстары» мен «Астана»командалары арасындағы финалдық плей-офф сериясының үшінші матчы өтті. Ол ойын 73:64 есебімен қонақтардың пайдасына шешіліп, «Астана» чемпион атанды. Астанада өткен екі матчта да «Астана» ұтқан болатын (90:61 және 87:65), ал регламентке сәйкес плей-офф сериясы үш жеңіске дейін созылады.

- Үш жыл қатарынан біз ұлттық чемпионаттың «күмісін» алып келеміз. Әрине, «алтын» алуға барымызды салдық, бірақ күшіміз жетпеді, - дейді «Атырау Барыстары» БК бас бапкері Эдуард СКРИПЕЦ.«Қапшағаймен» өткізген жартылай финалдық матчтарда екі негізгі құрам ойыншысы жарақаттанып қалды –Эдгарс Желенис қолын сындырып, Василий Савченкоаяғын қайырып алды.

«Атырау Барыстары» БК бас бапкері Эдуард СКРИПЕЦ«Атырау Барыстары» БК бас бапкері Эдуард СКРИПЕЦҚазір командамыз Балтық баскетбол лигасының квалификациялық раундына барады, ал ол ойындардан оралғаннан кейін ойыншылар демалысқа кетеді. Шілдеде келесі ел чемпионаты алдындағы оқу-жаттығу жиынына жиналамыз, - дейді ««Атырау Барыстары» спорттық ойын түрлері бойынша облыстық командасы» КМК директоры Болат МҰХАМБЕТҚАЛИЕВ. – «Барыстардың» фарм клубы – «Барыстар-2» Жоғары лига чемпионатында төртінші орын алды, үшінші орын алуға да болатын еді, алайда «Астана Жолбарыстары - ЕҰУ» командасына салынған доптар айырмасы бойынша есе жіберіп қойды. Келесі маусымда біз сол ойыншыларды негізгі командаға тартып, «Барыстар-2» командасын 1998 ж.т. БЖСМ шәкірттерінен қайтадан жинаймыз деп жоспарлап отырмыз.

Келесі маусымнан бастап ережелер өзгереді: матчқа қатысу тізіміне тек төрт легионер тіркеледі, алайда алаңға бір мезгілде тек үшеуі ғана шыға алады (бұған дейін «беске» - «төрт» болды). Яғни, бізге легионерлердің бірімен қоштасуға тура келеді. Командамыз өте тату, көңілді. Жігіттердің ешбірі кеткісі келмейді.

Сонымен, «Атырау Барыстары» командасы 2013-2014 ж.ж. ел чемпионатында екінші орын алғаны үшін күміс Кубокке ие болды. Облыстық туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы Асан РАУШАНОВ кубокты «Атырау Барыстары» командасының капитаны, Қазақстан құрамасының ойыншысы Михаил ЕВСТИГНЕЕВКЕ өз қолымен табыстады.

Баскетболшыларда мынадай дәстүр бар: финалдық матчтың жеңімпазы жеңілген команда себетінің торын олжа ретінде қиып алып кетеді. Атыраулық тор «Астана» командасының көшбасшысы, Латвия құрамасының ойыншысы Янис БЛУМСТЫҢ қолындағы қайшыға бірден қиыла қойған жоқ, алайда біраз күштеуді қажет еткен тор Астанаға кетті. Дегенмен, алда жаңа маусым, жаңа үміттер күтіп тұр. Ал, қайшы «Барыстарда» қашан да табылады.

2013-2014 ж.ж. маусымдағы «Барыстар-2» командасының құрамы: Александр Лысяк, Ибрагим Қонысов, Рустам Өтеген, Әлішер Төлеуов, Айбар Қабдрешов, Ярослав Скрипец, Қадыржан Рубашев, Жалғас Нұрғалиев, Роман Новиков, Ілияс Сұлтанов, Тимур Манабаев.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

1 мамыр 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.