«Ақ Желкен» шығармашылық орталығында «Жерұйық» мәдениет орталығы» қоғамдық қоры ұйымдастыруымен «Дала дарабоздары» фестивалі өтті.
Фестиваль аясында өткен «Әбдірашид әлемі» байқауына бейнелеу пәнінің мұғалімдері қатысты.
- «Дала дарабоздары» - жергілікті бейнелеу өнерінің майталмандары есімін халыққа кеңінен насихаттау мақсатында 4 жылға бекітілген фестиваль. Былтыр фестиваль Шаймардан Сәриевке арналса, биыл Әбдірашид Сыдыхановқа, 2015 жылы Мұхит Қалимовқа, ал 2016 жылы Мақым Қисамиденовке арналмақ, -дейді «Ақ Желкен» шығармашылық орталығының директоры Нұрберген ДӘУЛЕТОВ. - Оқушылар арасында осы конкурс ақпан айында өткізілген болатын, сайыс қорытындысында әділқазылардың шешімімен жеңімпаз атанған төрт оқушы Кіші өнер Академиясына емтихансыз оқуға қабылданды.
Мұғалімдер арасында жеңімпаздар кескіндеме, қолөнер және графика номинациялары бойынша анықталды.
Кескіндеме бойынша жүлделі ІІІ орынды Еркін БОЗЖІГІТОВ, ІІ орынды Отарбай КЕНДІР, І орынды Тілекші ЗАЙНЕДЕНОВА (суретте) жеңіп алды. Ал қолөнер номинациясында ІІІ орынға Құндыз НҰРҒАЛИЕВА, ІІ орынға Айнұр КЕНЖЕҒАЛИЕВА, І орынға Кеңес ӘЙІПҚАЛИЕВ ие болды. Графика бойынша ІІІ орын Мейіргүл АСАНБАЕВАҒА, ІІ орын Айтбай СЕЙІЛХАНОВҚА, ал І орын Бақберген ШАМШЕНОВҚА бұйырды. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды.
- Мен Махамбет ауданы Береке (Память Ильича) ауылындағы Береке негізгі мектебінде бейнелеу пәнінен сабақ беремін. Ұстаздық қызметіме алты жыл болды, - дейді кескіндеме байқауының жеңімпазы Тілекші. -Осындай деңгейдегі конкурстарға екінші рет қатысып отырмын. Былтыр ІІІ орын алған едім, енді биыл, міне, І орынға ие болдым. Өте қуаныштымын. ІІ орын алған Отарбай ағай менің университетте сабақ берген ұстазым (қысыла жеткізді).
Бірақ шара барысында сөз алған университетте сабақ беретін Отарбай Кендір оқушыларының жеңімпаз атанып, өздерінен оза шапқанына қуанышын білдірді:
- Ұстаз бақыты - озған шәкірті, шәкірттерімнің осындай дәрежеге жетіп, халыққа танылып, өз өнерлерін дамытып жатқанына ризамын.
Айта кетейік, жас ұстаз Тілекші Зайнеденованың шәкірті, 6-сынып оқушысы Рамазан Бисенғали оқушылар арасында өткізілген конкурста бірінші орын алып, Кіші өнер Академиясына емтихансыз оқуға түскен төрт шәкірттің бірі екен.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суретті түсірген автор