Атырау қаласының сол жақ жағалау бөлігі 12 мамырдан бастап, шамамен, бір аптаға газдан ажыратылады.
Бұл туралы «Интергаз – Орталық Азия» АҚ-ның «Атырау» магистральды газ құбыры басқармасы бас инженерінің орынбасары Мұрат ЕРІМБЕТОВ хабарлады. Осы уақыт ішінде «Мақат – Солтүстік Кавказ» магистральды газ құбырынан Атыраудың сол жақ жағалауындағы газ тарату стансасына дейінгі 530 миллиметрлік тұрбаның шұғыл жөндеуді қажет ететін 32 шақырымдық учаскесі ауыстырылатын болады.
– «Мақат – Солтүстік Кавказ» газ құбыры 1987 жылы салынған, бұл жерде бірде-бір рет күрделі жөндеу жүргізілген жоқ, - дейді М. Ерімбетов. – Өткен жылдың мамырында біз тұрбаішілік диагностика жүргіздік, ішіне робот енгіздік. Әзірге оның көмегімен мамандар мәліметтерге талдау жасады. 2013 жылдың қыркүйегінде жылу маусымы басталғанға дейін жалпы ұзындығы 200 метрдей анағұрлым ақаулы деген сегіз тұрбаны ауыстырдық. Қазанда қанағаттанарлықсыз күйдегі тұрбалардың толық тізімі алынды. Осы тізімге сәйкес, тағы 104 ақаулы тұрбаны ауыстыру керек. Биылғы жылы оның 47-сін мамырда, 57-сін қыркүйекте ауыстыруды жоспарлап отырмыз.
Біз жөндеу бригадасының санын көбейтеміз, олар тәуліктік режиммен жұмыс істейтін болады. Осылайша бес күннен асырмауға тырысамыз. Алайда, қыркүйектегі жөндеу жұмыстарына, кем дегенде, жеті күн уақыт кетеді. Бұл жердегі жұмыс көлемі өте көп...
«Мақат – Солтүстік Кавказ» – «мұнай астанасын» газбен қоректендіретін газ құбырының бірден-бір тармағы. Мәселен, Индербор поселкесінің маңында облыс аумағында жүргізілген «Орта Азия - Орталық» газ құбырының бес тармағы бар. Жыл сайын төрт елдің - Өзбекстанның, Түркіменстанның, Қазақстан мен Ресейдің отын министрліктері профилактикалық жөндеу мерзімі туралы келісім жасайды. Биыл ол 19-22 тамыз аралығына жоспарланған. Атыраулық газшылар өз тұрбаларын жөндеуге кірісу үшін осы мерзімге ілесетін болады. Біздің облыстың аумағы бойынша «Мақат-Солтүстік Кавказ» магистралінің ұзындығы – 370 шақырым. 19-22 тамызда Мақат поселкесінің маңында нөлден 30-шы шақырымға дейінгі тұрба учаскесін жөндеу жоспарланды. Осы күндері елді мекендерді газбен қамту тоқтатылмайды. 30-шы шақырымда тұрбаны қайта жасайды. Ол үлкен 340 шақырымдық баллонға айналады, оның отынын облыс осы үш күн бойына пайдаланатын болады. Мамандар Атырау қаласының екі бөлігінде жөндеу салдарынан әлсін-әлі газды ажыратып тастау проблемасы «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ жергілікті филиалы екі жағалаудағы газ тұрбаларын шығыршықтау бағдарламасын жүзеге асырғаннан кейін және бірыңғай қалалық газбен қамту жүйесін құрған соң шешілетінін айтады. Биылғы жылы компания осы жобаның жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуді жоспарлап отыр.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ