Атырау, 23 қараша 12:54
 ашықВ Атырау +2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Құжаттарыңызды көрсетіңіз!

2 075 просмотра

Балалар үйінде тәрбиеленген 17 жастағы Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының тумасы Алмас ПУЛАТ он айдан бері жеке куәлігін, Жаңаөзендегі өзіне тиесілі пәтер құжаттары мен мектеп құжаттарына қол жеткізе алмай келеді. Олар қазір кезінде баланы қамқорлығына алған Атырауда тұратын нағашы апасының қолында, ал ол құжаттарды қайтармай отыр.

Алмастың апасы Динара СИСЕНОВА Атырауға өзінің туысының үстінен облыстық прокуратураға шағым түсіру үшін арнайы келген.Оның айтуынша, 2006 жылыЖаңаөзен қаласында олардың анасы Куляра ИСМАҒАМБЕТОВА қайтыс болған. Ол кезде Алмас 10 жаста еді.

- Одан бері сегіз жыл өтті. Қазір апайым да, мен де тұрмыстамын. Бастапқыда Алмасты қолымызға алуға жағдайымыз келген жоқ. Міне, аяққа енді тұрып жатырмыз, Алмастың болашағы үшін біз күресуге тиіспіз, - дейді Д.Сисенова.  

Куляра қайтқан соң Алмасты қамқорлығына алған апасы Гүлсім СҮЙЕСИНОВА кейін оны балалар үйіне тапсырды.

- Себебі сол жылдары Гүлсім апайымның баласы көлік апатына ұшырап, оны басқа қалаларға апарып емдетуге тура келді. Алмасты қарауға жағдайы болмаған соң, оны балалар үйіне тапсырды. Ал үш айдан кейін інімді анамның басқа бір апайы К. балалар үйіненкері алып кетті, - дейді Д. Сисенова.

Жаңаөзен қаласы әкімінің қаулысында көрсетілгендей, К. балалар үйінің тәрбиеленушісі, 1996 жылғы Алмас Пулатты 2010 жылы 19 қаңтарда қамқорлығына алады. Ол Алмасты Жаңаөзеннен қазір де өзі тұрып жатқан Атырауға алып келіп, жергілікті мектептердің біріне оқуға береді. Көп кешікпей Алмасқа Жаңаөзен қаласындағы «Рауан» ықшам ауданынан мемлекеттік тұрғын үй қорынан бір бөлмелі пәтер беріледі. Жаңа пәтердің кілтін және құжаттарын алуға К. Алмаспен бірге келеді. Алайда, жаңа отбасында келіспеушіліктер орын алған соң, Алмастың кейінгі кездері Жаңаөзенге қашып кетуі жиілейді. Жаңаөзен ҚІІБ-де оның Атыраудағы үйінен «өз еркімен қашпайтыны» жөнінде жазылған арызы тіркелген. 

Бүгінде 9-шы сыныпты бітірген Алмас құжаттарының жоқтығынан оқуын да жалғастыра алмай отыр, жұмысқа да орналаса алмай отыр. Іске өкілетті органдар араласқанмен, ешқандай нәтиже шығара алмаған.

2014 жылы 9 сәуірдегі Жаңаөзен қалалық білім бөлімінің бастығы Г.АЗАННЫҢ Атырау қаласы білім бөлімінің бастығы Алпамыс ҒИЛЫМОВҚА жолдаған хатында Алмастың қорғаншысы К. комиссия отырысына бірнеше рет шақырғанымен келмегені жазылған:

«К. 2013 жылы тамыз айында Маңғыстау облысына бірнеше рет келіп-кетіп жүріп, кәмелетке толмаған А. Пулаттың түпнұсқа құжаттарын қалдырған жоқ. Осы себепті ол оқу орнына түсе алмай отыр».

2013 жылы 19 қыркүйекте Жаңаөзен қаласы әкімдігі қорғаншылық қамқоршылық Кеңесінің А. Пулатты апасыГаухар СИСЕНОВАНЫҢ қамқорлығына уақытша беру, К.-ны қорғаншы етіп тағайындау туралы қаулының күшін жоюға ұсыныс беру жөнінде шешімі шығады. Бүгінде А. Пулат үлкен апасы Гаухардың қамқорлығында.

Біз Атырауда тұратын К.-ға жолығып, мән-жәйді өз аузынан естімекке тырыстық. Алайда, біздің сауалдарымызға жауап беруден бас тартқан ол былай деп қана қайырды:

- Олар Алмастың үйін жалдап қойған, содан табыс тауып отыр. Және шешелерінен қалған екі бөлмелі үйді пайдаланып кетпекші. Мен Алмасты Жаңаөзендегі медколледжге оқуға түсірдім, қырық мың теңге төлеп қойдым.

- Мен Атыраудан  ешкімге айтпастан кетіп қалғанмын. Құжаттарым апайымның үйінде қалып қойған. Құжатсыз мен кімге керекпін? Қазір оқуда да жоқпын, жұмыс та жасамаймын, үйде отырмын, - деді бізге Алмас телефон арқылы. 

Жасөспірімнің құжаттарына қатысты істі енді сот қарайды. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

1 мамыр 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.