Атырау, 27 қараша 02:39
 бұлттыВ Атырау +3
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

«Тәртібі үшін босатылды»

2 994 просмотра

2009 жылы 4 наурызда Ақжар ауылында кісі қолынан қаза тапқан 15 жастағы Дархан ОЛЖАҒАЛИЕВТІҢ (суретте) апасы бізге інісінің өліміне кінәлі деп танылып, түрмеге жабылған Сағындық ТҰРҒАЛИДЫҢ жазасын толық өтемей жатып бостандықта жүргенін хабарлады.

-Сағындықтың ауылда жүргенін жақында көрдік. Кісі өлтірген адам жазасын өтеу мерзімі бітпей жатып қалай бостандыққа шыққан? – деп сұрайды марқұм Д.Олжағалиевтің апасы.

Сағындық Тұрғали Атырау қалалық №2 сотының 2011 жылдың 26 шілдесіндегі үкімімен ҚР ҚК-нің 103-бабы 3-бөлігімен («Абайсызда кісі өлтіру») бес жыл мерзімге бас бостандығынан айырылған болатын. Дарханның апасының сұрауы бойынша біз жіберген ресми сауалға облыс прокурорының орынбасары Бауыржан САУҒАБАЕВ «С.Тұрғали қазіргі уақытта жазасын Шымкент қаласындағы ИЧ-167/2  мекемесінде өтеп жатыр» деген жауап берді. 

Осыдан соң біз сауалымызды Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне жолдадық.

Департамент бастығы, әділет полковнигі Бақытжан ҚУАНДЫҚОВ бізге былай деп жауап берді:

- «04.02.1993 жылғы Тұрғали Сағындық Әділғалиұлы ОҚО бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ИЧ/167/2 мекемесінде 2012 жылдың 30 мамырынан 2014 жылдың 17 наурызына дейін жазасын өтеген.

Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласы Еңбекші аудандық сотының 2014 жылдың 27 ақпанындағы қаулысымен С.Тұрғали 2014 жылдың 17 наурызында ҚР ҚК-нің 70-бабының негізінде жазаны өтеуден мерзімінен бұрын шартты түрде босатылған. 

ҚР ҚК-нің 70-бабына сәйкес, бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жүрген және сот тағайындаған жазаны толық өтеудi қажет етпейтiн адамды сот құқық бұзбайтын мiнез-құлқы, еңбекке (оқуға) адал қарағаны, көркемөнерпаздар ұйымдарының жұмысына және тәрбиелiк iс-шараларға белсендi қатысқаны, қылмысымен келтiрген залалын өтеу жөнiнде шаралар қолданғаны үшiн сот тағайындаған жазадан шартты түрде мерзiмiнен бұрын босату қолданылуы мүмкiн.

ҚР-ның 2007 жылдың 12 қаңтарындағы «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңының 12-бабына сәйкес, осы шешіммен келіспеген жағдайда жоғары тұрған лауазымды тұлғаға немесе сотқа шағымдануға құқығыңыз бар екенін ескертеміз».

Осылайша мерзімінен бұрын шартты түрде босатылған С.Тұрғали енді жазаны өтеу мерзімі аяқталғанша учаскелік полицейдің бақылауында болады.

Естеріңізге сала кетейік, 2009 жылдың 4 сәуірінде Дархан Олжағалиевті үйінен сыртқа шақырып алған қатарластары оны тепкінің астына алып, балабақшаның ауласына көміп кеткен болатын. Олардың арасында С.Тұрғали, М.Шолақовтың туған інісі Абылайхан ШОЛАҚОВ және тағы басқа да жасөспірімдер болған. Кейін М.Шолақов інісінің қылмысқа тікелей қатысы бар деген оймен кінәні мойнына алғандығын түсіндірді. Ал Р.Вознюк досын түрмеде «жалғызсыратпас» үшін кінәні бірге өз мойнына алған. Ақжардағы жасөспірімнің өліміне қатысты қылмысты өз мойындарына алған екі дос - Махамбет Шолақов пен Роман Вознюкке ҚР ҚК-нің 96-бабы («Қасақана кісі өлтіру») бойынша айып тағылды. Сол кезде М.Шолақовтың әкесі Қабидолла ШОЛАҚОВ тергеу ісі әділ өтпей жатыр деп күйініп, облыстық прокуратура ғимаратының алдында өзін-өзі өртеп жіберген болатын. Бұл оқиғадан соң айыпталушыларға тағылған айып 103-бап («Абайсызда кісі өлтіру») бойынша өзгертілді. Ал кейін сот процесінде екі айыпталушының да қылмысқа кінәсі жоқтығы дәлелденіп, куәгер ретінде қатысып отырған Дархан Олжағалиевтің өзімен бірге оқыған жасөспірім Сағындық ТҰРҒАЛИДЫҢ оның өліміне тікелей кінәлі екендігі дәлелденіп, ол сот үстінде қамауға алынды. 

Ең соңында жасөспірімдердің қатыгездігі, әкенің күйініші, аңғал ағасы мен оның досының «мәрттігі» туралы оқиға Атырау сотының С.Тұрғалиды кінәлі деп танып, соттауымен тынды. Ал ОҚО соты оның абақтыдағы үлгілі тәртібін оң бағалап, қамаудан босатты.

С.Тұрғалидың мерзімінен бұрын босатылуымен келіспеген Д.Олжағалиевтің туыстары сотқа арызданып, мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы шешімді даулайтындарын хабарлады.

Айнұр САПАРОВА

1 мамыр 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.