Индер ауданына қарасты Елтай ауылдық округінің құрамына кіретін Аққала ауылы таяу болашақта Индербор кентіне қосылып, ықшамауданға айналмақ.Аққала ауылын тарату жөнінде мәслихат шешімі мен аудан әкімінің қаулысы жобасы жуырда өткен аудандық мәслихаттың сессиясында мақұлданған болатын.
Бүгінде Индербор кентінің аумағынан үй салуға жер телімін сұраушылардың саны 3 мыңға жеткен. Алайда, кентте бос жатқан жер қалмаған.
- Аққала ауылының тұрғындары жиында ауылдың болашақта ықшам аудан болып өзгертіліп, кентке қосылатынын естігенде бірден келісті. Себебі мұнда жол, мектеп, балабақша, ауыз су секілді шешілмеген мәселелер көп, ал ауыл кентке біріктірілсе, бұл мәселелерді біртіндеп шешуге мүмкіндік туады, -дейді Елтай ауылдық округінің әкімі Ербол ДҮЙШІМ.
Қазір кент пен ауыл арасындағы жерлерді кент аумағының құрамына біртіндеп енгізу жұмыстары басталып кетті. 165 га жерге егжей-тегжейлі даму жоспарын жасақтау үшін бюджеттен 20 млн теңге (мердігері - «РикS-Трай» ЖШС)бөлінген. Жұмыстар жылдың соңында аяқталуға тиіс.
- Бұдан кейін тағы 170 га жердің даму жоспары жасалады, -дейді аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Бауыржан ИМАНҒАЗИЕВ.
Биыл Аққала ауылында 120 орындық мектеп салынады. Сонымен бірге, 90 орындық балабақша мен 200 орындық интернат салу жоспарда бар.
- Алдағы уақытта Аққала ауылында инженерлік коммуникациялардың жобалық-сметалық құжаттары жасалмақ. Қаржы бөлінген бойда құрылысты бастаймыз, - дейді Б.Иманғазиев.- Тұрғындардың арызы бойынша жер телімдері содан кейін ғана беріле бастайды.
- Жергілікті халық Аққала ауылының жайылымдық жерлері Елтай ауылының құрамында қалуына байланысты малды қайда жайып, егінді қайда егетіндерін білгісі келеді.
- Жайылымдық жерлер Елтай ауылы құрамында болғанымен халық баяғысынша сол жерлерде малын өсіріп, егінін егеді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА