Құлсарыдағы осыдан жеті жыл бұрын салынған стадион спорттық нысанға ұқсаудан қалған, айналасында бос шөлмектер тау болып үйіліп, қараусыз жатыр.
Кірпіштен қаланған қоршаулары опырылып, стадионның жасанды газондары да жыртылып, орындықтарының сыры кеткен. Ал жақында 3 мың орындық стадионның бұзылатыны туралы белгілі болды.
- Біз осында волейбол, футбол ойнауға келеміз. Өткен жылы Қазақстанның белгілі спортшысы Серік СӘПИЕВ Құлсарыда болып, дәл осы жерден дене шынықтыру-сауықтыру кешенін саламын деп кеткен еді. Бірақ осы жазғы стадионды бұзудың қажеті қанша? Дене шынықтыру-сауықтыру кешенін басқа жерден де салуға болады ғой? -дейді құлсарылықтар.
Ал Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Нурадин ӨМІРБАЕВ стадионның бұзылатыны туралы әңгіменің қате жеткізілген ақпарат екенін айтады.
- Бұл стадион пайдаланылуға берілгеннен кейін аудандық білім бөлімінің балансында болған, енді оны аудандық спорт және дене шынықтыру бөлімі өз қарамағына алуда. Стадион ескірді, енді оны жөндеу үшін алдымен жобалық-сметалық құжатын жасау керек. Ол үшін жақында облыстық спорт басқармасынан қаржы бөлінуі тиіс, -дейді Н.Өмірбаев.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА