Атырауда жастарға арналған тегін білікті көмек көрсететін дағдарыс орталығы ашылды.
«Қазақстанның тәуелсіз ұрпағы» жастар қоғамдық бірлестігі дағдарыс орталығын, жастарға психологиялық, құқықтық көмек көрсетуге арналған бірыңғай нөмірді ұйымдастыру жөніндегі және олардың әлеуметтік бейімделуіне қолдау көрсететін жобаларды таныстырды. Жобалар жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша жасақталған. Орталықта психологтар, әлеуметтік жұмыс жөніндегі маман, заңгер-кеңесші жұмыс жасайды. Олар өмірдің қиын кезеңіне тап болған және әлеуметтік қауіпті жағдайда қалған жастарға көмек көрсететін болады.
- Орталық қызметкерлері 14-тен 29 жасқа дейінгі жастар мен жасөспірімдерге өз көмегін ұсынады. Бізде психофизикалық күйзеліске түсетін әлеуметтік тәуекел тобының жастары, кәмелетке толмаған аналар, толыққанды емес отбасының, балалар үйі мен интернаттардың балалары аз емес, жас отбасылар да бар. Олардың барлығы ақылы маманға жүгіне алмайды. Ал бізден жеке кеңестер алып, тестілеуден, тренингтік тақырыптық оқулардан өте алады, - дейді ҚТҰ жетекшісі Ұлықбек ТІНӘЛИЕВ.
Бұдан басқа, кәсіби бейімдеу шаралары, атап айтқанда, балалар үйі мен түзету интернаттары тәрбиеленушілерінің қатысуымен түрлі кездесулер, акциялар мен спорттық сайыстар, «Түйіндемені қалай дұрыс толтыру керек?», «Тайм менеджмент» тақырыптарында семинар-тренингтер өткізу жоспарлануда.
Дағдарыс орталығы Азаттық даңғылындағы «Геотекс» ғимаратында орналасқан және жұмыс күндері сағат 14.00-ден 18.00-ге дейін, демалыс күндері сағат 13.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істейді. Жұма күні тренингтер өткізіледі, ал сенбіде таңертеңгі сағат 10-нан түске дейін заңгер кеңесін алуға болады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА