28 сәуірде Жайық-Каспий бассейні облысаралық балық шаруашылығы инспекциясының ғимаратында «Бекіре-2014» операциясының үйлестіру штабының кезекті отырысы өтті.
«КӨКТЕМДЕ» ҚЫЗЫЛ БАЛЫҚ КӨРІНБЕЙ КЕТТІ
Балық қорғау, прокуратура, ішкі істер, транспорттық бақылау және шекара қызметі органдарының бірлескен отырысында Жайық өзенінен балық аулаудың аяқталғаныны туралы хабарланды. Балық шаруашылығы нысандарына 5 963,871 тонна мөлшерінде қара балық аулау лимиті бөлініп, осы көлем бойынша төленген сома 85 млн-ға жуық теңгені құрады. Алайда балықшыларымыз 18,6 млн теңге үлесті сатып алып, 1 626,375 тонна балық аулады. Жайықта балық азайған.
Қиғашта көктемгі балық аулау маусымы 30 сәуірде, ал Каспийде 10 мамырда аяқталады. Штабтың мәліметтері бойынша, акция кезінде 451 заң бұзушылық анықталған, олардың 113 өрескел бұзушылықтарға жатады. 30 қылмыстық іс қозғалып, 311 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Балық ресурстарының шығыны 4 млн теңгені құрады. 21 тоннадан артық балық, олардың ішінде 573 келі бекіре тұқымдас балық, 5,9 келі уылдырық, 105 қайық және 479 ау құралы тәркіленді.
- Облыс бойынша анықталған браконьерлік фактілер санының өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда көп төмендегені туралы жағымды алыпқашпа әңгімелер айтылуда, - деді балық инспекциясының және үйлестіруші штабтың басшысы Мұрат ЕРМЕКҚАЛИЕВ. – Бұл - халық арасында жүргізілген үгіт-насихат жұмыстары мен браконьерлікпен күресте тиімді іс-шаралар жүргізгеннің пайдасы.
Расында да, үгіт-насихат пен іс-шаралар арқасында Атырау базарларында қызыл балық пен уылдырық жоғалып кетті. Оларды бұрыннан да сатуға тыйым салынғанмен, адамдар «керек кезінде» қайдан алу керектігін білетін.
- «Бекіре-2014» аясында бірлесе жүргізген рейдтер барысында қала базарларында, атап айтсақ, «Көктемде» заңсыз балық сату фактілері анықталған жоқ.
Журналистердің бірі «заңсыз сауданы анықтау» қалай жүргізіледі деп сұрақ қойған, алайда штабтағылар әскери құпия деп, өз айла-тәсілдерін айтудан бас тартты.
ПРОКУРОРЛАР АНЫҚТАЙДЫ
- 1 сәуірден бері балық өсіру зауыттары үшін 92 бекіре тұқымдас балық ауланды: 8 қортпа, 6 бекіре және 78 шоқыр. Осы балық аулау маусымында алғаш шығып, әйгілі болған 230 келі қортпа аналығы уылдырықты сығып алу кезінде өліп қалды, ал одан кіші түрлері аман-есен уылдырықтарын шашты. Жақын әзірде бірнеше аналық балық теңізге жіберілетін болады,- деп хабарлады штаб отырысында Жайық-Атырау бекіре өсіру зауытының директоры Ғилыман СӘРСЕМӘЛИЕВ. – Зауытта осы уақытта 2 млн қортпа уылдырығы алынып, ұрықтандырылды және инкубациялық аппараттарға салынды.
22 сәуірде «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты аумағында болған түнгі жанжал да («Қамыс арасындағы қақтығыс») ескерусіз қалмады. ҰҚК шекара қызметінің 2016 әскери бөлімі командирінің орынбасары Бауыржан АБСАМАТОВТЫҢ айтуынша, шекарашылар «Бекіре-2014» аясында және заңды негізде шлагбаум құлпын бұзып, аумаққа кірген.
- Ішкі тексеру жүріп жатыр, біздің әрекеттеріміз заңды болды, - дейді сеніммен Б. Абсаматов.
Резерват күзеті бөлімінің басшысы Әлімғали ДАУЫЛБАЕВтексеру қорытындысын күтейік деп ұсыныс жасады.
- Резерват қызметкерлері мен шекарашылардың әрекеттері тексерілуде, табиғат қорғау және әскери прокуратура бірлесіп жұмыс жасауда, қортындысы жақын арада шығады, - деп мәлімдеді прокуратура өкілі.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ