Атырау, 5 мамыр 08:16
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +15
$ 441.66
€ 475.14
₽ 4.86

Полицейдің өлімі: Мүрдехана алдындағы баспасөз конференциясы

4 864 просмотра

Алтынбек Құбайдуллиннің әкесі Қалыбай Қаражанов (оң жақта) пен адвокаты Мақсот ТӨЛЕНБАЕВ (сол жақта) мүрдехана жанында тұр.Алтынбек Құбайдуллиннің әкесі Қалыбай Қаражанов (сол жақта) пен адвокаты Мақсот Төленбаев (оң жақта) мүрдехана жанында тұр.27 сәуірде кешкісін өлі күйде табылған Исатай АІІБ бастығы Алтынбек ҚҰБАЙДУЛЛИННІҢ денесі әкелінген мүрдехананың алдында оның әкесі мен адвокаты баспасөз конференциясын өткізді.

Құбайдуллиннің әкесі Қалыбай ҚАРАЖАНОВ:

- 21 сәуірде шамамен сағат 15-те маған ұлымның ұсталғаны туралы хабарлады. Индербордан Атырауға сағат 17-де жетіп, ұлымды көру үшін қаржы полициясына бардым. Бірақ маған көруге рұқсат бермеді. Мен түн ортасына дейін қақпа алдында тұрдым. Сол жерге Исатай АІІБ қызметкерлерін жауап алу үшін әкеліп жатты. Мен олармен сыртта сөйлестім. Олар Алтынбектің айқайлаған дауысын және оған қаржы полициясы қызметкерлерінің қалай айқайлап жатқанын естігендерін айтты. Мен кезекші офицерден ұлымды көруге мүмкіндік беруді өтіндім. Мені кіргізбеді. Түн ортасынан кейін «жедел жәрдем» келіп, бір сағаттан соң медиктер қаржы полициясының екі қарауылымен бірге қолына кісен салынған ұлымды алып шықты.

Ұсталған кезде оның қолында қаржы полициясы таңбалаған ақшалай купюраның бояуы болған жоқ, ол өзіне әдейі ор қазылғанын айтып айқайлады. Баспасөзге берілген жедел бейнежазбада мұның біреуі де жоқ. Өйткені таспаны қиып тастаған.

Маған қаржы полициясы бастығының орынбасары қоңырау шалып, ұлымды табуға көмектесуімді өтінді. Ал өзі теледидардан оның ұсталғаны туралы сөз сөйледі. Сонда олар нені көздеді? Ақыр аяғында өлтірді ме? Мен ұлымның мүрдесін көрдім. Қол-аяғы, денелері көгерген, терілері сыдырылған. Бұл ұрып-соғу белгілеріне ұқсайды. Оны кім жасауы мүмкін? Оны алып кеткен адамдардан басқа ешкім де емес. Ұлыма ақша қажет емес еді. Ол қарапайым жұмысшы отбасынан шықты. Адал жігіт болды, ешкімнің ала жібін аттаған емес.

Оның есірткі туралы іске тартылғаны жайлы әңгіме де жалған. Оны облыстық ІІД қауіпсіздік қызметіне шақырды, сол жерде ол органнан жұмыстан шығу туралы арыз жазды. Бір жылдан соң қайтадан осы жұмысқа орналасты. Ол полицияда бар болғаны 14 жыл жұмыс жасады.  Артында үш кішкентай баласы қалды.

Бұл әдейі ұйымдастырылған нәрсе. Пара беруші – қаржы полициясымен байланысы бар, оның үстіне екі мәрте қылмыстық жауапкершілікке тартылған бұрынғы жедел топ қызметкері. Мен әлдекімге Алтынбектің орны қажет болды деп есептеймін. Осыған дейін браконьерлер шабуыл жасап, оған тас атқылаған еді. Бәлкім, бұл ведомоствоаралық соғыс шығар. Қалай дегенмен де, оны қаржы полициясы алып тастағысы келді. Мен бас прокуратура мен ел президентіне шағымданамын. Жаным жәй таппайды... Ол менің жалғыз ұлым еді.

Құбайдуллиндер отбасының адвокаты Мақсот ТӨЛЕНБАЕВ:

- Алтынбектің туыстары маған 21 сәуірде сағат 23-те қоңырау шалды. Мен Алтынбектің адвокаты болатындығым туралы ордерді тіркеттім де, қаржы полициясының кеңсесіне келдім. Онымен көріскен кезде, оның ұсталғанына 11 сағат уақыт өткен еді. Ал ҚР ҚІК-нің 134-бабы бойынша үш сағат ішінде ұстау хаттамасы жасалуы тиіс. Бұл жасалмаған.

Онымен дұрыс сөйлесе алмадым. Ол өзін нашар сезініп отырғанын, жүрегі ауырып отырғандықтан сұрақтарға жауап бере алмайтынын айтты. Ол менен «жедел жәрдем» шақыруды өтінді. Мен оның қолының көгерген жерлерін байқадым. Маған оның қолкісеннің ізі екенін айтты. Мен оларға қолкісеннен мұндай көгерген жерлер болмайтынын айттым.

«Жедел жәрдем» келіп, қан қысымын өлшеді – 140 болып тұр екен. қысымды түсірмек болды, қайта өлшегенде 130 болды. 10 минуттан соң қысымы қайта көтерілді. Дәрігерлер ауруханаға жатқызу керек дегенді айтты. Алтынбекті қаржы полициясының екі қызметкерінің қарауылымен ауруханаға алып кетті.

Оны қарауылдауға құқықтары жоқ еді, өйткені оны ұстау туралы хаттама толтырылған жоқ және ол ұсталушы деп саналмайтын еді. Келесі күні облыстық прокуратураға менің қорғалушымның заңсыз ұсталғандығы туралы арыз жаздым. Мен ҚР ҚК-нің 346-бабы (заңсыз ұстау) бойынша қылмыстық істің қозғалуына қол жеткізуге жұмыстанамын.

Жазып алған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

28 сәуір 2014, 11:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.