Атырау, 27 қараша 03:16
 бұлттыВ Атырау +3
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Монополист неге асықпады?

2 126 просмотра

Есептегіш жұмыс жасамай қалса немесе тексеруде болған жағдайда, газ үшін төлемақы ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің департаменті (ТМРАД) бекіткен тұтыну нормасы бойынша алынады.

ТМРАД басшысы Райхан МИЗАМҒАЛИЕВАНЫҢ айтуынша, осы күнге дейін облыста 2010 жылғы 28 қыркүйектегі облыс әкімінің шешімімен бекітілген тауарлық газды тұтыну нормалары қолданыста болған. Ал «Табиғи монополиялар туралы» ҚР Заңына сәйкес, коммуналдық қызметті тұтыну нормаларын бекітумен өкілетті орган, яғни, ТМРАД айналысуы тиіс.Үкіметтің 09.07.12 жылғы қаулысымен «Тауарлық және сұйытылған мұнай газын тұтыну нормаларын есептеу және бекіту қағидалары» бекітілді. Оның негізінде жаңа есеп айырысу әдістемесі жасалды.

Өткен жылдың қыркүйегінде ТМРАД «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ облыстық филалының басшылығына тұтыну нормасын өзгерту үшін өтінім беру қажеттігі туралы хат жолдады. Монополист ұзаққа созып, бірнеше рет еске салғаннан кейін толыққанды өтінімді биылғы жылдың 18 наурызында ғана ұсынды. Содан кейін департамент норманы төмендету тұрғысында есеп айырысу жүргізді.2014жылдың 1 мамырынан бастап ТМРАД «ҚТГА» ӨФ есептегіші жоқ тұтынушылардың газ тұтыну нормасын төмендетті: пәтерде газ плитасы мен орталықтанған ыстық сумен қамту жүйесі бар тұлғаларға тамақ дайындау үшін бір адамға айына -  10,5-нан 9,6 текше метрге дейін; газ плитасы мен газбен су жылытқышы бар пәтерде су ысыту үшін (орталықтан ыстық сумен қамту жүйесі болмағанда) бір адамға айына – 25,8-тен23,9 текше метрге дейін; пәтерде газ плитасы болып, орталықтан ыстық сумен қамту жүйесі мен газбен су жылытқышы болмаған жағдайда су жылыту үшін –15,4-тен 14,5 текше метрге дейін төмендетті. Тұрғын ғимараттағы пәтерді жеке жылытуға айына жылытылатын алаңның әр шаршы метрі үшін сегіз текше метр мөлшеріндегі газ шығынының нормасы бұрынғы күйде қалдырылды.

Төленетін норманы төмендету есептегіші жоқ тұлғалар газ үшін бұрынғыға қарағанда аз төлейді деген сөз. Бәлкім, сондықтан да монополист талап етілген өтінімді әзірлеуге асықпаған шығар. 2014 жылғы 1 сәуірдегі мәліметтер бойынша облыста баспананың жеке газ есептегішпен қамтылуы 90,8% құрады: жалпы қажеттілік 96 141 есептегіш болса, 87 298 есептегіш орнатылған.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

25 сәуір 2014, 19:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.