Атақты әнші Виктор Цойдың баласы Александр "Біртұтас Ресей" партиясының мүшесі, Мемлекеттік Дума депутаты Евгений Федоровты сотқа бермек.
Ресейдің бұқаралық ақпарат құралдарында әкесін қаралап, жазықсыз айып таққаны үшін ол елдің Тергеу комитетіне өзінің талап-арызын тапсырды, деп жазады Айқын басылымы.
Осыдан он шақты күн бұрын Дума депутаты Евгений Федоров өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңында миллиондардың сүйіктісіне айналған Виктор Цой ЦРУ-дің агенті болып шықты, деп мәлімдеме жасаған.
Депутаттың айтуынша, Виктор Цой барлық әндерін Голливудта жаздырған екен. Әншінің әуендері КСРО-ның тезірек құлауына қызмет еткен.
Федоров бұл ретте "Цойдың әндері АҚШ-та жазылып, КСРО-да орындалды. Кияр, қызанақ туралы ән айтып жүрген қысықкөз бала неге аяқ астынан қайта құру туралы шырқап кетті, мұның барлығы АҚШ-тың арнайы қызмет орындары жұмысының нәтижесі" екенін айтады.
"Голливудте арнайы адамдар Цойға орыс тілінде ән жазды. Мұны біздің ҰҚК анықтап отыр. Мұндай жобалар қайта құру кезінде мыңдап жасалынды. Цой да АҚШ тарапынан арнайы жасалған жоба. Мысалы, оның "Перемень" әні миллиондаған адамдардың санасын улады. Нәтижесінде, КСРО-дай алып мемлекет құлады", – дейді депутат Федоров.
Бірақ Дума депутатының қолында ҰҚК-нің қандай құжаты бар, ол жағы белгісіз күйінде қалып отыр.
"Депутат Федоровтың бұқаралық ақпарат құралдарында таратқан мәлімдемесі шындыққа жанаспайды. Бұл өтірік пен қауесетке толы пікір. Бұл мені және әкемді қорлау болды табылады",–дейді Александр Цой.
Егер депуттың қолында ешқандай нақты құжат жоқ болып, Виктор Цойды жызықсыз қаралаған болса, ол 1 миллион рубль төлеуі мүмкін немесе 240 сағаттық қоғамдық жұмысқа жегілуі керек. Сонымен қатар, атақты әншінің баласы Мемлекеттік Думаның депутаттық этика жөніндегі комиссиясының төрағасы Александр Дегтяровқа да арнайы хат тапсырды.
Қалай айтқанда да, депутаттың мәлімдемесі Цой шығармашылығын дәріптейтін азаматтар мен олардың таныстары мен отбасының арасында наразылық тудырды.
"Кино" тобының музыканты Алексей Рыбин Виктор Цойдың әнді оның көз алдында жазғанын жеткізді. Бұл сөзін сотта нақты дәлелдей алатынын алға тартты.