Атырау, 27 қараша 02:36
 бұлттыВ Атырау +3
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Балық базарындағы қарбалас

4 030 просмотра

Қадағалаушы органдар базарлардағы балық сатушылардан тауардың сату орындарына заңды жолмен келгенін дәлелдеуді талап етуде. Мұндай дәлел ретінде сатушы мен өндірістік кооператив арасында жасалған шарт жүре алады. Алайда, балықшылар шарт жасасуға асығар емес.

Бұл мәселе Атырау өңірлік кәсіпкерлер палатасы ұйымдастыруымен жеке кәсіпкерлер мен өндірістік кооперативтер өкілдері арасында өткен кездесуде талқыланды.

- Бізге «Мерей», «Мұрагер» және «Насиха» базарларында балықты бөлшек саудамен сататын кәсіпкерлер хабарласты. Олардың барлығы әйелдер, отбасыларын асырап отырған аналар, олардың негізгі күнкөріс көздері - осы балық сату. Қадағалаушы органдар балықтың заңды жолмен ауланғанын дәлелдеп, өндірістік кооперативтермен жасасқан шарттарды көрсетуін талап етеді. Алайда, соңғылары жеке кәсіпкерлермен шарт жасасуға мүдделі емес, - деп түсіндірді Атырау өңірлік кәсіпкерлер палатасының басшысы Асылбек ЖӘКИЕВ.

Сатушылардың айтуынша, мұндай жағдай жыл сайын балық аулау маусымы басталар алдында орын алады. Өндірістік кооперативтермен шарт бір жылға жасалады және олар бұл мерзімді ұзартуға асықпайды. Оларға балықты бөлшек саудамен бергеннен гөрі көтерме бағамен өткізген тиімді. Нәтижесінде, ұсақ кәсіпкерлер балықты тікелей өндірушіден емес, делдалдардан алуға мәжбүр болады. Сәйкесінше, балық сату орындарына келгенше қымбаттайды. Сондай-ақ, тауарды жеткізіп беретін көлік қызметіне, базардағы орынды жалға алуға ақша төлеу керек. Сонымен қатар, балық сатушылар оңаша әңгімелесу барысында мойындағандай, «Бекіре» операциясы басталғаннан бері балықтарының ілеспе құжаттары жоқ «қарапайым балықшылар» (сатушылар ұсақ браконьерлерді осылай атайды) базарға «тауарларын» шығара алмай жүр екен. Өндірістік кооперативтерден келген тауар түрінде сатылып жатқан балықтардың барлығы сатушыларға шынымен заңды жолмен келді ме деген сауалға ешқайсысының ашық жауап бермейтіні белгілі. Олардың қазіргі операция кезінде де, басқа күндерде де тиімді ұсыныстардан бас тартпайтыны айтпаса да, түсінікті жайт қой.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы басшысының орынбасары Ардақ КӨШӘЛИЕВТІҢ пікірінше, жеке кәсіпкерлердің базарда балық сату көлемі аса үлкен де емес. Егер бұл мәселені шешпейтін болсақ, базарда балық сатып, күнін көріп отырған отбасылар қатты зардап шегеді.

Шынар ҚҰРМАНҚҰЛОВА (суретте) - ӨКП-ға көмек сұрап хабарласқандардың бірі:

- Мен жесір әйелмін, үш бала тәрбиелеп отырмын, олардың біреуі – мүгедек. Қалған екеуі де жұмыс жасамайды, бірі – студент, бірі – оқушы. Олардың жақсы өмір сүрулері менің осы жұмысыма байланысты. «Мерей» базарында мен сияқты15 сатушы бар. Біз балықты «Көшәлиев», «Дастан» ЖК-лерінен, «Ракуша» және «Каспий таңы» өндірістік кооперативтерінен аламыз. 1 сәуірден бастап базарға учаскелік инспектор күнде келіп, балықшылармен шарт жасасуымызды талап етеді. Әрине, біз бұған келісеміз, алайда балықшылар, негізінен, «Көктем» базарындағы ЖК-мен жұмыс жасайды.

«Ракуша» ӨК төрағасы сатушылардың барлығымен шарт жасаса алмайтынын айтып, бәріне бірдей балықтың да жетпейтінін алға тартты. Қазір кооператив 11 ЖК-мен жұмыс жасайды екен.

- Барлығы «Көктем» базарымен жұмыс жасауды қалайды, өйткені, онда жабық павильон, балық тазалайтын арнайы орын, су, кәріз жүйесі бар. Ал басқа базарлардағы жағдай өзгешелеу, - деп өз пікірін білдірді «Жамбыл» ӨК өкілі.

Атырауда балық аулауды кәсіп ететін 14 өндірістік кооператив бар, сатумен айналысатын ЖК-лер да көп емес, әр кооперативке 3-4 ЖК-ден келеді.

- Балықшылар заңнамалық тұрғыда бөлшек сауда жасайтын өткізушілермен шарт жасасуға міндетті емес, алайда туындап отырған жағдайларға байланысты кәсіпкерлермен келісе алады деп ойлаймын, - деп есептейді «ҚазақБалықшар» қоғамдық бірлестігінің басшысы Әлібек БҰХАРБАЕВ.

Кездесу қорытындысында барлық кооперативтер өткізушілермен шарт жасасатын болып келісілді. Кәсіпкер әйелдер кездесудің нәтижелеріне жалпы көңілдері толғанмен, шарттар аумақ бойынша жасалса деген өтініш білдірді. Мәселен, Дамбы селосында тұратын өткізушілерге «Амангелді» ӨК балықшыларымен жұмыс жасаған тиімді болар еді.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

24 сәуір 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.