18 сәуірде балық қорғау инспекторлары Каспий теңізінің Мартыши аралынан 37 және 38 жастағы Атырау қаласының екі тұрғынын ұстады.
Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының балық қорғау қызметіне бақылау жасау бөлімінің жетекшісі Асхат ҚАРАБАЛИЕВ әңгімелегендей, инспекторлар аралдардан, қамыс қопасынан үш балықшы үйшігін тапқан.
- Балықшылар орналасқан аумақты тексеру кезінде бір үйшіктің жанынан 500 грамдық бөтелкеден және пластик ыдыстан қара уылдырық табылған. Екінші үйдің жанынан бекіре тұқымдас балықтың тұздалған сегіз кесегі салынған шелек, сонымен қатар ау құралы мен тыйым салынған аулау құралы табылды. Ұсталған екі тұрғынның да «Стандарт» өндірістік кооперативінің қара балық аулауға берген рұқсат билеттері бар екен. Яғни, олардың бекіре тұқымдас балықтарды аулауға құқықтары жоқ, - деді А. Қарабалиев.
Қазіргі уақытта ұсталған балықшылардың бірі торға түскен қызыл балықты өзіне қалдыруды ұйғарғанын айтып, мойындау жауабын берді. ҚР ҚК-нің 287-бабы бойынша («Браконьерлік») қылмыстық іс қозғалды.
Тамара СУХОМЛИНОВА