"Ресей таяуда Оттавадан ресейлік әскери атташе көмекшісінің шығарылуына жауап ретінде Канада елшілігінің бірінші хатшысын елден шығармақ" деп хабарлайды Tengrinews.kz РИА Новости ақпарат құралына сілтеме жасап.
Ресей сыртқы істер министрлігіндегі дерек көзінің мәліметінше, 22 сәуір күні Канаданың Мәскеудегі елшілігінің жетекшісіне 14 күн ішінде елшіліктің бірінші хатшысы Маргарит Атанасовты Ресей аумағынан шығару туралы хабарлама берілген. "Мұндай қадам таяуда Оттавадан ресейлік әскери атташе көмекшісінің шығарылғанына жауап ретінде жасалды" деп түсіндірген дерек көзі.
Министрліктегі дерек көзінің мәліметінше, бұл ресейлік және канадалық сыртқы саясат ведомстваларының арасындағы бір-біріне алғаш "сый көрсетуі" емес және әр кез мұндай "сыйды" алдымен Оттава жасап отырған. Мысалы, еш негізсіз ресейлік дипломаттарға виза беруден бас тартқан. Сұхбаттасушының айтуынша, бұл - Канада билігінің Украина мен Қырымда болып жатқан жағдайға байланысты Ресейге қыр көрсетуі.
Ресей мен Канаданың арақатынасы наурыз айында, Украинадағы жағдайға байланысты нашарлаған болатын. Ай соңында РФ СІМ канадалық санкцияларға орай, Канаданың 13 жоғарғы шенді қызметкерлерінің, парламентарилер мен қоғам қайраткерлерінің Ресей аумағына келуіне тыйым салды. Бұған дейін Канада 9 ресейлік шенділерге және Украина президенті әкімшілігінің экс-басшысы Виктор Медведчукке қатысты санкция жариялаған болатын.
22 ақпанда Жоғарғы Рада Украина президенті Виктор Януковичті қызметінен кетіріп, конституцияға өзгеріс енгізіп, 25 мамырда сайлау өткізу туралы шешім қабылдаған болатын. Ал, 16 наурызда Қырымда референдум өтіп, тұрғындардың басым бөлігі Қырымның Ресейге қосылуына дауыс берді. 18 наурызда Ресей мен Қырым келісімге қол қойды.
Дереккөз: tengrinews.kz