Атырау облыстық ҰҚК департаментінің тергеу бөлімі ҚР ҚК-нің 177-бабы («Алаяқтық») бойынша Атырау қаласының тұрғынына – қоғамдық бірлестіктің бірінің басшысына қатысты қылмыстық іс қозғады.
Осы бірлестік қызметінің негізгі бағыты бүлдіргіш діни ағымдардан зардап шеккендерге құқықтық, психологиялық және теологиялық көмек көрсету болып табылады. 2013 жылдың басынан бері оның жетекшісі 2012 жылы ҚР ҚК-нің 233-бабы («Лаңкестік») бойынша сотталғандардың туыстарының сеніміне кіріп алып, оларға түрмедегі жаза мерзімін азайтуға немесе шартты-мерзімінен бұрын босатуға көмектесемін деп уәде берген. Бірнеше сотталушының алданған үй-іші ҰҚКД-ге шағым түсірген. Алаяқтың «табысы» 6 миллион теңгедей құраған. Қылмыстық іс әрі қарай тексеру үшін ІІД-не жіберілді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ