Атырау, 21 желтоқсан 12:55
 ашықВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Спорт жаңалықтары

5 819 просмотра

Чемпионның қос олжасы

Оңтүстік Қазақстан облысы Кентау қаласында еркін күрестен халықаралық турнир өтті.

Жарысқа Қазақстан мен Өзбекстаннан 400-ден аса спортшы қатысты. Облыс құрамасының сапында Нұржан Мұхтаров (23 келіге дейін) үздік нәтижеге қол жеткізді. Ол бес жеңісті белдесу өткізіп, финалда ОҚО құрамасының өкілі Илья Қайсардан ақпан айында Арыс қаласында өткен турнирдегі жеңілісінің қарымтасын қайтарды. Палуанымыз бұл айқаста 10:0 есебімен жеңіске жетіп, «алтын» жүлдемен қатар «Үздік техникасы үшін» сыйлығына ие болды. 

29 келіге дейін салмақтаНазарбек Әнуарбек күміс медаль, 23 келіге дейін салмақта Рамазан Хосшанов қола медаль жеңіп алды. Спортшылардың барлығы да 1-БЖСМ шәкірттері, оларды А.Жаманбаев, А.Лекеров және Д.Хайбдулов жаттықтырады.

***

 

Жеңілмейтіндер

«Балықшы» ДСК-нде отырып ойнайтын волейболдан Қазақстан чемпионатының 1-туры өтті.

Жарысқа Атырау, Ақтау, Алматы, Қызылорда, Ақтөбе, Орал, Қостанай, Қарағанды және Шымкент қалалары командалары қатысты. Біздің спортшылар барлық матчты да 3:0 есебімен ұтып, чемпионаттың көшін бастады.

11 сәуірде құрамындағы барлық ойыншы Қазақстан құрамасында  өнер көрсететін «Атырау» командасы Тегеранда өтетін Азия чемпионатына аттанды. Жолсапарды облыстық спорт басқармасы қаржыландырды. Маусымда команда Варшава қаласында өтетін әлем чемпионатына баруы қажет.

«Атырау облысы мүгедекте-рінің спорттық клубы» ҚМК шәкірттерінің басқа да жетістіктерін айтып кеткен жөн. Павлодарда өткен оқ атудан Қазақстан чемпионатында Ганюшкино ауылының тұрғындары, ерлі-зайыпты Ердан Сұлтанов пен Фарида Жұмағалиева тапаншамен атудан қола медальға ие болды. Жарыста бәсекелестік өте жоғары болды. Бұған осындай жүлделер алуға бірден-бір үміткер, пневматикалық винтовкадан атудан ел чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері Руслан Айтбаевтың бұл жолы олжасыз келгендігі дәлел болады.  

***

 

Отбасы мен достары атынан 

«Атырау» ДСК-нде 1997-98 ж.т. жасөспірімдер арасында волейболдан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы Марат Өтеғалиевті еске алуға арналған дәстүрлі турнир өтті. 

Жарысқа 8 команда қатысты – Ақтөбе, Ақтөбе облысы Байғанин ауданының, Индер, Махамбет, Құрманғазы, Қызылқоға аудандарының және Атырау қаласының ұжымдары қатысты. Турнирдің жеңімпазы мен жүлдегерлеріне М. Өтеғалиевтың отбасы мен достары атынан ақшалай сыйлықтар табысталды.

1-орынды Атырау қаласының командасы (200 мың теңге), 2-орынды «Ақтөбе-1» (150 мың теңге), 3-орынды «Индер» (100 мың теңге) командасы алды. 15 мың теңгелік сыйлықтарды турнирдің үздік ойыншыларына берді: шабуылшы – Нұрмахан Каршығаев («Атырау»), байланыстырушы – Жалғас Садықов («Ақтөбе-1), тіреуші – Диас Смағұл («Махамбет»), либеро – Әлішер Сүлейменов (Байғанин ауд). Командалардың бапкерлері: «Атырау» - Нұрлан Қайырлиев, Ерлан Бектілеуов, «Индер» - Мұратбек Бижанов.

***

 

Сенсейден дәріс алмақ

Алматыда окинавалық годзю-рю каратеден Қазақстан чемпионаты өтті.

Жарысқа Атырау атынан «Қайсар» спорт клубының командасы өнер көрсетті. «Ката» санатында  Санжар Мұқан, Вячеслав Хороших, Асылхан Айсағалиев және Айнұр Боқашева «алтыннан» алқа тақса, Әнес Меңдібаев, Әбілмансұр Батырғали, Темірлан Сағынаев, Сұлтанбек Мамаев және Аружан Жаңбыр «күміс» иеленді, ал Исабек Инаматов пен Нұрсұлтан Қалиевтер «қола» алды.

Иригуми-го санатында (жекпе-жек) Ибрагим Закариев, Дамир Нұрберген, А.Батырғали, Ұлмекен Жалғас, В.Хороших және А.Боқашева 1-орын, С.Мұқан, А.Меңдібаев және А.Айсағалиев 2-орын алса, Райымбек Төлеген, Н.Қалиев, Т.Сағынаев, С.Мамаев және А.Жаңбыр 3-орынға табан тіреді.

«Қайсар» спорт клубының шәкірттері маусым айында Астанада болатын окинавалық годзю-рю карате бойынша семинарға дайындалып жатыр. Дәрісті жапониялық шихан-сенсей Морио Хигаона жүргізеді.

***

 

Облыс құрамасы іріктелді 

Кіші өнер академиясының спорт залында мектеп және колледж оқушылары арасында дойбыдан облыс біріншілігі өтті.

Жарыстар үш тақтада өтті: екеуінде ұлдар ойнаса, үшіншісінде қыздар сайысты. Қорытындысында жүлделі орындар былай бөлінді (1-орыннан 3-орынға дейін): 1-тақта – Асылжан Абдрахман (Құрманғазы ауданы, Ақкөл ауылы), Мұрагер Әбухалықов (Таңдай ауылы, Махамбет ауданы), Ерзат Кенжеғали (Тайманов атындағы мектеп, Атырау қ.); 2-тақта – Мейірхан Жақып (Ә. Сәрсенбаев атындағы мектеп, Құрманғазы ауданы), Алтынбек Жұмалиев (Ақсай ауылы, Атырау қ.), Жәнібек Талғатов (Бөдене ауылы, Индер ауданы); 3-тақта – Әсел Әлімбайқызы (Ақкөл ауылы, Құрманғазы ауданы), Айзере Бағытжанова (Ақтоғай ауылы, Махамбет ауданы), Іңкәр Әбділдаева (Бөдене, Индер ауданы). Командалық есепте 1-орынды Құрманғазы ауданы, 2-орынды Махамбет ауданы, 3-орынды Атырау қаласы алды. Аталып өткен балалардан облыс құрамасы құрылды. Олар мамыр айында Шымкентте өтетін 7-ші республикалық спартакиадада өнер көрсетеді. 

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

***

 

Қола қолдан сусып кетті

Астаналық «Қазақстан» спорт кешенінде хоккейден Қазақстан чемпионатының ІІІ орны үшін облыстық «Бейбарыс» командасы мен теміртаулық «Арыстан» арасында шешуші матч өтті.

«Мәмлүктер» қолдарынан келгенше айқасты, алайда «арыстандар» овер-таймда шешуші шайбаны салып үлгерді. Бейбарыс – Арыстан арасындағы серияның қорытынды есебі – 2:3 (4:1, 2:3, 4:0, 1:3, 4:5).

Командамыздың чемпионатта осындай сәтсіз өнер көрсетуі «Бейбарыстың» маусым бойына қаржылық қиындықтар көруіне байланысты болғаны белгілі Құны 4 миллион тұратын тиын»).

***

 

Жүсіповтің жеңісті жолы

Қызылордада кикбоксингтен Қазақстан чемпионаты өтті.

60 келіге дейін салмақта өткен жылғы әлем чемпионы АМУ студенті Абзал Жүсіпов «алтыннан» алқа тақты. Ол төрт жеңісті айқас өткізіп, бірін нокаутпен аяқтады.

Азамат Өтемісов(57 келіге дейін) және Әсет Мейірлан (71 келіге дейін) финалға дейін жетті, алайда тек «күмісті» місе тұтты. Данияр Есқалиев (60 келіге дейін) пен Мереке Рысбаев (86 келіге дейін) қола жүлдегер атанды. Спортшыларды 2-БЖСМ бапкерлері К.Қосақов, Р.Қисметов, Д.Юсупов, Е.Сахипов және С.Қасанғалиев дайындады.

***

 

Алыптардың жетістігі

Атыраулық зілтеміршілер Батыс Қазақстан облысының ашық біріншілігінде сәтті өнер көрсетті.

Облыс құрамасының жаттықтырушысы Игорь Мырғамбаевтың айтуынша, ауыр атлетика Оралда бізге қарағанда жақсы дамыған. Біздің зілтеміршілердің осы біріншілікте ойналған алтын жүлделердің жартысын алғаны үлкен жетістік болып табылады.

Өз салмақ дәрежелерінде Руслан Айтқожин, Батырхан Жайлым, Айысбек Ерсаинов және Айбатбек Садықов «алтын» иеленсе, Эльдар Меңдібаев, Мансур Меңдібаев, Қайсар Есқалиев және Айбек Қабдуллаев «күміс» алды. Олардың барлығы мамыр айында Қостанайда өтетін Қазақстан чемпионатында облыс намысын қорғау құқына ие болды. 

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

17 сәуір 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.