Атырау, 21 желтоқсан 12:54
 ашықВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Құрыш қалай шынығады

3 400 просмотра

Каратеші Дамир ЖАРИКЕСОВТІҢ (суретте) қалалық және облыстық жарыстардан, ел чемпионатынан алған «алтын» жүлделері бүгінде оннан асты. Жақында ол Астрахан қаласында барлық бес қарсыласын да нокаутпен жеңіп, «Каспий Кубогын» иеленді. Ал бұл бала небары 9 жаста.

Иә, сонымен қатар, Дамир сабағын бес пен төртке оқиды, жүзумен, велоспортпен шұғылданады, ағылшын тілі курсына барады. Кездесер алдында мен қазір есіктен кішкентай Дольф Лундгрен кіріп келе ме деп ойладым. Лундгрен емес, денесі мығым, биязы да қарапайым бала болып шықты.

 

БІРІНШІ ЖЫЛЫ ҚИЫН БОЛДЫ

- Ұлым сәби кезінен өте тынымсыз бала болды, - дейді Дамирдің әкесі Ғани. – Ол бес жасқа толғанда жолдасымыз екеуміз оның осы қайнаған қуатын дұрыс салаға бағыттауды ойластыра бастадық. Карате киокушинкайды таңдауымыз кездейсоқ болды – менің бір әріптесім өз ұлын осы секцияға берейін деп жатыр екен, біз көп ойланбастан соларға қосыла кеттік. Содан бастап ол мұнда төрт жылдан бері үзбей шұғылданып келеді. Бір жыл тегеурінді жаттығулардан кейін Дамир алғашқы жетістіктеріне жете бастады.

- Жалпы, бірінші жылда бәрін тастағым келген уақыттар болған, - дейді жас чемпион. – Алғашында бәрі қиын болды.

- Ата-аналарымен бірлесе отырып, біз Дамирге осы қиындықтарды жеңуге көмектестік, - дейді оның жаттықтырушысы Таңат НҰРЫМОВ. – Міне, нәтижесі – ол карате шыңына шығуды жалғастырып келеді. Спортқа жаңа келген адамдардың барлығына осы қиын асуды бағындырып, спортта қалудың сәті түсе бермейді, көпшілігі шығып қалып жатады. Алайда, қиындықтарға қарамастан, спортта қалған адам нағыз ер азаматқа айналады.

- Ал, достар, аула, ойындар, қыздар қайда қалады? Бәрі ойнап, қыдырып жүрсе, сен спортзалда немесе репетиторда отырасың... - деп сұрадым Дамирден. Ол иығын қушитып, балаларша нық жауап берді:

- Мұның барлығы менде бар – жексенбі күндері. Менің заңды демалысым. Менің алға қойған мақсатым бар, соған қол жеткізу үшін аянбай жұмыстануым керек. Кейбір нәрселерді құрбандыққа шалуға тура келер, бірақ көп жоғалтпаймын деп ойлаймын. Керісінше, көп нәрсеге ие боламын.

- Чемпионды өсіру үшін ата-аналар не істеу керек? – деп сұрадым Ғаниден.

- Той-домалақ, қонақтық дегендерді ұмыту керек. Менің және жолдасымның әр күнінің әр минуты жазылып қойылған, өйткені біздің қызымыз да бар ғой, ол бимен және мәнерлеп сырғанаумен айналысады. Иә, кейде газет оқып, теледидардың алдында жатқың келетін сәттер болады... Алайда, өзім ұлымнан тәртіп талап етіп отырып, оған қандай үлгі боламын. Біз мұндай режимге үйреніп кеттік, біз үшін бұл күнделікті жағдай.

...Көптеген таныстарым, әріптестерім ұлыңның балалығын ұрладың деп сөгеді мені. Мен мұнымен мүлде келіспеймін. Керісінше, қазіргі балаларда қозғалыс аз, компьютер, теледидардың алдынан шықпайды. Сондықтан да тұрақты жаттығу жасаудың пайдасы бар екендігіне күмәнім жоқ. Қазірдің өзінде ұлымның ер мінезі бар, сирек ауырады, шыдамды. Мен оның көзінен спорт пен саламатты өмір салтына деген қызығушылықты байқаймын.

 

КАРАТе МЕН МАТЕМАТИКА

- Дамир сәби кезінен бастап созылмалы тонзиллит ауруымен ауырды, - дейді анасы Зинаида. – Лүп еткен желден ауырып қалатын. «Көп ауыратын балалар» қатарынан болды. Балмұздақ жегеннен тамағы қабынбаса, ол үшін бұл таңғажайып құбылыс болатын. Астраханға барып емделдік, Астанаға бардық, істемеген нәрсем жоқ, бермеген дәрумендерім жоқ! Спортпен қалай шұғылдана бастады, ауруының бәрі кетті, тіпә-тіпә, көзім тиіп кетпесін. Мектептегі қарқынды сабақ кестесі де кедергі емес. Ұлым математиканы тереңдетіп оқытатын гимназияда ылғи беске оқиды. Біз оны үйде кейде «каратматик» деп еркелетеміз, математиканы пістеше шағады, құрдастары да құрметтейді.

- Бірде оның немере ағасын қорғап қалғаны бар, - деп еске алды әкесі. – Дамир ағасын соғып жатқанын көргенде көмекке бірден жүгірген.

- Екі соққыға тұрмады, - дейді қабағын түйіп каратеші. – Ол қашып кетті.

- Арманың қандай, Дамир?

- Қара белдік алу, сосын, неге әлем чемпионы болмасқа. Алда Астана Кубогы, Азия чемпионаты келе жатыр. Босаңсуға болмайды...

Анастасия ПАСТУХОВА

Сурет Жарикесовтер отбасылық мұрағатынан алынды

17 сәуір 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.