Д.Нұрпейісова атындағы мұнайшылар мәдениет сарайында «Жас өрен» қоғамдықбірлестігінің ұйымдастыруымен «Жас мұғалім-2014» қалалық байқауы өтті.
Байқау шартына сәйкес, оған бес жылға дейінгі еңбек өтілі бар ұстаздар қатыса алады. Ал биыл 35 мұғалім қатысты.Қазылар алқасының шешімімен Бас жүлдеге Ю.Гагарин атындағы №4 орта мектептің мұғалімі Айнұрым ТАКЕШОВА (суретте оң жақта) лайықты деп танылды. І орынды «Тағылым» мектебінің мұғаліміӘсем АПУОВА иеленді. ІІ орын Талап ЕҢСЕГЕНОВ (№36 орта мектеп) пен Жансая ҚЫДЫРБАЕВАҒА (№34 мектеп) бұйырды. Ал ІІІ орынды Ринат ЕСҚАЛИЕВ (Еркінқала орта мектебі), Нұргүл ТЕМІРҒАЛИЕВА (Махамбет Өтемісұлы атындағы орта мектеп), Ақтоты ТАПАЛОВА (№33 орта мектеп), Мөлдір ҒАЛИМАТОЛЛА (№6 орта мектеп) және Айнұр ӨТЕМІСОВА (№19 орта мектеп) бөлісті.
Бас жүлдегер Айнұрым Такешова мұндай байқауға бірінші рет қатысып отыр екен. Ол Алматыдағы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың физика факультетінің «ядролық физика» мамандығы бойынша оқуын бітірген соң бір жыл Құрманғазы ауданындағы Абай атындағы орта мектепте жұмыс істеген. Ал №4 орта мектепте физика пәнінен сабақ беріп келе жатқанына екі жыл болған. Қазір Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің физика факультетінің 2-курс магистранты.
- Байқау үш бөлімнен тұрды: 7 минут ішінде шығармашылық тақырыпты қорғау, 15 минут ашық сабақ өткізу және соңғысы – өз өнерімізді көрсету, - дейді А.Такешова.- Менің қорғаған тақырыбым – «Физика пәні сабақтарында жаңа ақпараттық технология элементтерін пайдалану» болды. Мен онда сабақ барысында интерактивті тақта мен мультимедиалық құралдарды және диаграмманы қолданып қана қоймай, e-Learning жобасы арқылы электронды оқулықтарды пайдалана отырып оқытатын әдістемемді таныстырдым. Және соны ашық сабақта қалай жүзеге асыратынымды көрсеттім. Ал соңғы бөлімде 11-сынып оқушысымен бірге сахналық көрініс қойдым. Оқушыма сіңлімнің рөлін беріп, өзім апасын ойнадым. Сценарий бойынша сіңлім қонаққа баратын болып асығып, оған сәнді шаш үлгісін жасап бердім. Және қонақтыққа құр қол бармасын деп, қағаздан раушан гүлдерін жасап ұсындым. Бұл қазылар алқасына ұнап, мені сол себепті де жоғары бағалаған болар деп ойлаймын.
Бас жүлде – Ресей елінің Железноводск қаласына саяхаттық демалыс жолдамасы болса, І орынға планшет, ІІ орынға ұялы телефондар және ІІІ орынға арнайы сыйлықтар тапсырылды.
Айнұр САПАРОВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ