Атырау, 27 қараша 00:49
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Жолдар, автобустар, аулалар және баспана кезегі туралы

5 032 просмотра

Кезекті онлайн-конференцияның қонағы - қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар тасымалы және көлік жолдары басқармасының басшысы Еркін ҒАЛИЕВ.

КӨШЕЛЕР ТІЗІМІ НАҚТЫЛАНУДА

- Водников-2 елді мекеніне жол қашан төселеді екен?

- Көкарна ықшам ауданы жолдары қашан асфальттанады?

-Балауса ықшам ауданындағы №36 көшеге жол қашан төселеді?

- Қаладағы Қошқарбаев (Вокзальная) өткелі мен Берғалиев көшесіне асфальт қашан төселеді?.

- Жұмыскер-2 елді мекеніне асфальт қашан толығымен төселіп болады?

- Бірлік елді мекеніндегі Жарылғасұлы көшесіне асфальт қашан төселеді?

- Құрсай ауылындағы Ақжонас көшесі қашан асфальттанады?

- Жұлдыз-1, 2, 3 елді мекендеріне асфальт қашан төселеді?

- Жұмыскер-1 ауылындағы Кентік көшесіне асфальт қашан төселеді?

- Самал ықшам ауданындағы көшелер қашан асфальттанады?

- Жұмыскердегі №№301-310 учаскелерге асфальт қашан төселеді?

- Қала әкімдігі ғимараты артындағы жол қашан асфальттанады?

- Мұнайшы саяжай учаскесіне асфальт төсеу жұмыстары жоспарланған ба?

- Сарықамыс-2 ықшам ауданы көшелерін асфальттау қашан жүзеге асады?

- Вагонная көшесі және Вагонная өткелі қашан асфальттанады?

- Сарымолда Досмағамбетов көшесіне асфальт қашан төселеді?

- «ҚР сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңының 60-бабының 1-тармағына сәйкес елді мекеннің бас жоспары негізінде орындалған құрылыс салу жобасына орай әзірленген жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасы бойынша жүзеге асырылады.

Аталған заңға сәйкес бүгінгі таңда қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі мамандары мен Атырау қаласы аумағына қарасты селолық округ әкімдерімен бірге  асфальт төсеу жұмыстары бойынша селолық округтерге қарасты елді мекендердегі жобалау-сметалық құжаттарын жасақтауды қажет ететін көшелердің тізімі нақтыланып жатыр. Осы шаралардан кейін, яғни, көшелер тізімі нақтыланғаннан соң, жасақталған тізімге сәйкес аталған жұмыстарға жергілікті бюджеттен қаражат көзі сұратылады.

- Орталық Махамбет көшесіне төселген асфальт неге тегіс емес, қазіргі уақытта оның бойында төмпешіктер пайда болған.

аzh.kz поштасынан

- Бүгінгі таңда қаладағы орталық көшелерді орташа жөндеуден өткізу жұмыстарының жобалау-сметалық құжаттары жасақталып, жасақталған құжаттарға сәйкес, республикалық бюджеттен қаражат көзі сұратылған. Осыған байланысты ағымдағы жылы бюджеттен аталған жұмыстарды іске асыруға қаражат көзі бөлінген жағдайда Махамбет көшесіндегі ойлы-шұңқырлы жерлер қалпына келтіріледі.

- Биылғы жылы жаз айларында масаны улау бойынша қандай жұмыстар жоспарланып отыр? Өткен жылы масаның көптігінен балаларымызбен көшеде қыдыру мүмкін болмады.

Сәуле

- 2014 жылы масаға қарсы қала аумағындағы кәріздік тазалау құрылғылары мен буландыру алаңдарына және қала көшелерінің ашық жерлеріндегі шалшық сулар, саябақтар мен алаңдардағы жасыл желектерге дезинфекциялық жұмыстарының техникалық тапсырмасына Атырау қалалық Тұтынушылар құқығын қорғау басқармасымен талдау жүргізіліп, өзгерістер енгізілді. Сондай-ақ, осы жұмыстарға препараттардың жаңа түрлерін қолдану тәсілдері қарастырылуда.

- Мен Авангард 2 ы/а, №5 үйде тұрамын. 2012 жылы үйімізге терможаңғырту жұмыстарын  жүргізген болатын, бірақ одан еш нәтиже болмады. Жасалған жөндеу жұмыстары сметада көрсетілген жұмыстармен сәйкес келмейді. Сондықтан мен келісімшарт талаптарымен келіспей, қол қоюдан бас тарттым. Мен терможаңғырту жұмыстары соңына дейін сапалы жүргізілген жағдайда ғана қол қоямын. Осы сұраққа ықпал етуіңізді сұраймын.

Айбар Есмұханов

- «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту 2011-2020» бағдарламасына сәйкес, тұрғындар техникалық қадағалаушылармен бірге бақылау жұмыстарын жүргізуге құқылы және келіспеушілік туындаған жағдайда құзырлы мемлекеттік мекемесіне («Қалалық тұрғын үй инспекциясы») хабарласа алады.

БАСПАНА КЕЗЕГІ

- Жас жанұяларға арнап салынған Нұрсая мөлтек ауданындағы №66 үй қолданысқа қашан беріледі? Үйдің құрылысы аяқталған, енді халық үйдің тапсырылуын күтіп отыр.

аzh.kz поштасынан

- Нұрсая шағын ауданындағы №66 тұрғын үйді тапсыру ағымдағы жылдың 1-ші жарты жылдығына жоспарланып отыр. Осыған орай тұрғын үй пайдалануға беру мерзімі қосымша хабарланады.

- Жас отбасыларға арналған бағдарлама бойынша құжаттарды қабылдау қашан басталады? Пәтер алу үшін не істеуіміз керек?

Нұргүл, қала тұрғыны

- «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасы шеңберінде жас отбасыларға арналған, жалға берілетін тұрғын үй құрылысы басталды және 2014 жылға жас отбасылардың арыз-құжаттарын қабылдау 15 сәуірде басталып кетті. Тиісті құжаттардың тізімі арыз тапсырылған күні арыз иесіне ұсынылады.     

- Мен ҚР 1992 жылғы 30 маусымдағы  «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Заңының 6 бабына сәйкес Экологиялық апат салдарынан зардап шеккен азаматтар қатарына жатамын және аталған заңның 15 тармағына сәйкес тұратын үйімді меншігіме тегін алуға құқым бар. Қазіргі уақытта отбасыммен (1 ұлым, 1 қызым бар) тұрып жатқан үйім - 2012 жылы жолдасымның атына қала әкімінің ордерімен қызметтікке теңестірілген 2 бөлмелі пәтер. Жолдасым екеуміздің бюджет саласында 10 жылға жақын еңбек өтіліміз бар және әлі де қызмет етіп жатырмыз.
Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендiру қағидаларына  сәйкес барлық құжатты ұсына аламын. Менің сұрағым: жолдасымның нотариалды куәландырылған келісімімен аталған үйді жекешелендіре аламыз ба және ол үшін не істеуім керек?

Қуаныш

- ҚР-ның «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының  101-бабының 3-тармағына сәйкес, Мемлекеттiк қызметшiлер мен бюджеттiк ұйымдардың, мемлекеттiк кәсiпорындардың қызметкерлерi, ғарышкерлікке кандидаттар, ғарышкерлер, мемлекеттiк сайланбалы қызмет атқаратын адамдар, егер олар мемлекеттiк қызметте, мемлекеттiк кәсiпорында немесе бюджеттiк ұйымдарда (мемлекеттiк сайланбалы қызметте болу мерзiмiн қоса алғанда) кемiнде он жыл жұмыс iстесе, өздері тұратын қызметтік тұрғын үйлерге теңестірілген тұрғын үйлерді қалдық құны бойынша жекешелендіре алады.

Аталған Заңның 13-бабының 8-тармағы 6-тармақшасында «Арал маңындағы экологиялық қасiрет салдарынан зардап шеккен Қазақстан Республикасының азаматтары» мемлекеттiк тұрғын үй қорынан өздерi тұратын тұрғын үйлердi заңдылықтарға сәйкес тиісті құжаттарын тапсырып, жекешелендіру мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органға арыз-құжаттарын ұсынады. Қабылданған шешім қосымша хабарланады.

- Мен қала мектептерінің бірінде мұғалім болып жұмыс істеймін. 2010 жылдың 8 қарашасында үй алу кезегіне тұрып, тиісті құжаттарым мен өтінішімді тіркедім. Әр жарты жыл сайын кезегімді біліп тұрмын. Менің кезегім қашан келеді? Әлі қанша күтуге тура келеді?

Әсима Абулғазиева 

- ҚР-ның «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 74-бабына сәйкес қаланың жергілікті атқарушы органдары мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй берілуге мұқтаждар есебінің тізімін былайша бөлек жүргізеді:

1) Ұлы Отан соғысының мүгедектерi мен қатысушылары;

2) жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар тізімі;

3) халықтың әлеуметтiк жағынан қорғалатын әлсiз топтары;

4) мемлекеттiк қызметшiлер, бюджеттiк ұйымдардың қызметкерлерi, әскери қызметшiлер және мемлекеттiк сайланбалы қызмет атқаратын адамдар;

5) жалғыз тұрғын үйi ҚР-ның заңнамасында белгiленген тәртiппен авариялық жағдайда деп танылған азаматтар.

Сіз 4-тармақта көрсетілген мемлекеттiк қызметшiлер мен бюджеттiк ұйымдар қызметкерлерiнің тізіміне 2010 жылдың 8 қарашасынан бастап тіркелгенсіз. Бүгінгі күні кезектегі реттік саныңыз - №3882.

- Мен бюджеттік мекемеде 1985 жылдан бері қызмет жасаймын. Пәтерді кеңейту кезегінде тұрғаныма бірнеше жыл болды. Өз кезегіңді неге тек жарты жылда бір рет білуге болады (egov порталы ескі мәліметтерді көрсетсе, ТКШ бөліміндегілер әртүрлі мәлімет келтіреді). Және 1 бөлмелі пәтер мемлекетке кері қайтарыла ма?

azh.kzcайтынан

- Сіздің аты-жөніңіз көрсетілмегендіктен, сұрағыңызға нақты жауап беруге мүмкіндік жоқ екендігін хабарлаймыз. Сондықтан сұрағыңызға толық түсінік алу үшін сейсенбі, сәрсенбі күндері Азаттық даңғылы, 101а «Қалалық тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесі ғимаратындағы тұрғын үй секторының №3 терезесіне хабарласуыңыз қажет.

- Привокзальныйдағы 5 м/а, 19 үйдің 16 пәтерінде тұрамын. Қатты жаңбыр жауғанда терезеден су ағады. Қыста суық болғандықтан, үйдің төбесі көгеріп, қырауланады. Үйде қалың киіммен ұйықтауға мәжбүрмін. Үйдің шатыры күрделі жөндеуді немесе ауыстыруды қажет етеді.

Сағира Ғазизова

- Үйіңіздің шатырына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жөніндегі көтерген мәселеңіз бойынша ҚР-ның «Тұрғын үй қатынастары туралы»  заңының 31-бабында көрсетілгендей  үйдің сырты, төбесі, шатыры, балконы, кіреберісі, жертөлесі  пәтерден тыс немесе үйге ортақ инженерлік жүйелер мен жабдықтар және ортақтасып пайдаланатын мүліктер ортақ меншік (кондоминиум) болып табылатындығын хабарлайды. Бұл заң бойынша пәтер иелерінің ортақ пайдаланатын мүліктеріне жөндеу жұмыстарын тұрғындар қосымша  қаражат жинау арқылы қызмет көрсететін «Бастама» ПИК-мен бірлесе жасаулары тиіс және жекеменшік үйлердің жөндеу жұмыстарына әкімшілік тарапынан қандай да мөлшерде қаражат қаралмаған.

 

ПАРАПЕТТІ АУЫСТЫРУ? ОЙЛАНУ КЕРЕК

- Қаладағы Сәтпаев даңғылы мен Азаттық көшесіндегі жол төсемелері (брусчастка) неге жиі ауыстырылады? Жұмыскер, Балықшы елді мекендері, Әлия Молдағұлова көшесі неге абаттандырылмайды?

аzh.kz поштасынан

- 2011 жылы Азаттық даңғылы, Әуезов көшесінен Балықшы кентіне дейінгі аралыққа төселген төсемтастар өз қалпында, ауыстыру жұмыстары жүргізілмегендігін хабарлаймыз. Сәтпаев даңғылы – қаламыздың орталық, әуежаймен байланыстыратын және қала қонақтарының ең бірінші көзіне түсетін, қала тұрғындарының демалысына қолайлы жағдайлар жасалған демалыс орындарының көп шоғырланған  басты орталық көшелерінің бірі.

Жұмыскер, Балықшы елді мекендерін, Әлия Молдағұлова көшелерін абаттандыру жұмыстары алдағы уақыттарға жоспарланып отыр.

- Орталық мөлтек аудандағы үйлердің ауласында өсіп тұрған ағаштардың қураған бұтақтарын кесу жұмыстары жүргізіле ме? Әйтпесе, олар аулада тұрған көліктер мен ойнап жүрген балалардың үстіне құлап жатыр.

Телефон арқылы

- Бүгінгі таңда тұрғын үйлер ауласында өсіп тұрған ағаштардың бұтақтарын кесу жұмыстарын жүргізетін мердігер мекеме анықталуда. 

- Құлманов көшесі, №154 үйдің мәселесіне назар аударуыңызды сұраймын. Қаланың орталығы болғанмен, әр жерде қалдық шашылып жатыр, арам шөптер жайылып өсіп кеткен, кейбірінің биіктігі 2 метрден асады, тіпті қамыстар да өсіп жатыр. Балаларға арналған ойын алаңдары мүлде жоқ, сондықтан балалар жол бойына шығып ойнауға мәжбүр. Жаңағы қамыс пен шөп арасында жүретін қаңғыбас иттердің үлкендер мен балаларды қауып алған кездері болған.

Үй тұрғындары

- Құлманов көшесі, №154 үйге тексеру жұмыстары жүргізіліп, тексеріс барысында жоғарыда аталған фактілер анықталмады. Сондай-ақ, қызмет көрсететін «Бірлік» ПИК-іне аталған үйдің айналасын таза ұстауға нақты тапсырма берілген.

Бүгінгі таңда біздің бөлім қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі, қалалық жер қатынастары бөлімі және ПИК мамандарымен бірге тұрғын үйлер аумағынан балалар ойын алаңдарын орнатуды қажет ететін орындарға талдау жұмыстарын жүргізуде. Қорытындысына сәйкес орналастырылатын жерлер анықталғанннан кейін қаражат көзін бөлуге сұраныс ұсынылады.

-Жағалаудағы орындықтарды жаңасына ауыстыру жұмыстары неге жүргізілмейді?

аzh.kz сайтынан

- Жағалаудағы демалыс орындарындағы отырғыштар 2011 жылы орнатылған. Сонымен қатар сынған, бүлінген отырғыштарды ауыстыру жұмыстарының орындалуы бөлім мамандарының қатаң бақылауына алынған.

- Жайықтың жағасындағы бетон қорғаныштарды металдан жасалған қорғаныштарға ауыстыруға болмай ма? Әрі әдемі болып тұрар еді.

аzh.kz сайтынан

- Осы сұрақ бойынша бүгінгі таңда талдау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінде болашақтағы «Атырау қаласынының Бас жоспары» жасақталуда. Сол Жоспарға сәйкес Жайықтың жағасындағы бетон қорғаныштарды металдан жасалған қорғаныштарға ауыстыру жұмыстары қаламыздың сәулеттік кейпіне сай келіп жатса, орындалуға бағытталады.

- Нұрсая ықшам ауданындағы үйлердің ауласына тренажерлар орнатқан болатын. Бірақ жұмыстар қақаған қыста, ақпанда жүргізілгендіктен, қазір оның бәрі құлап жатыр. Мердігерлер жұмыстарына неге жауапсыз қарайды?

Әлібек Өтегенов

- Бүгінгі таңда аталған мәселе бойынша бөлім тарапынан кепілдік мерзіміне сай мердігер мекемеге шұғыл түрде тренажерларды қалпына келтіруге тапсырма беріліп, орындалуы қатаң бақылауға алынған.

- №31 «Балдәурен» балабақшасының қасынан жаяу жүргіншілер өткелі мен қозғалысты тежейтін жасанды кедергілер орнатуын сұраймыз. Бұл маңдағы жаяу жүргіншілер өткелі балабақшадан сәл алшақтау, көлік жуу орталығы мен вулканизация маңына қойылған. Қазіргі уақытта бұл көше 4 жолақты болғандықтан, балалармен жолдан өту қиындық тудырып отыр.

Бекжан, 1-учаске тұрғындары атынан 

- Атырау облысы ІІД Әкімшілік полиция басқармасының нұсқамасымен Баймұханов көшесі бойындағы екі жерге «Шұбатхана» және «Вулканизация» маңына «Жаяу жүргіншілер» жол белгісі қондырылды. Келешекте ұсынысыңыз ескеріледі.

- Привокзальныйдағы Арбатта бұрын жасанды кедергілер болған еді, кейін оларды алып тастады. Сол кедергілерді қайта орнатуға бола ма?

azh.kz сайтынан

- Привокзальный ықшам ауданындағы Арбат алаңындағы  жасанды жол кедергісі тозығы жетіп, істен шыққан болатын. Аталған аралыққа жаңасын қондыру жұмыстары жергілікті бюджеттен қаражат көзінің бөлінуіне қарай жүзеге асады.

- Жол құрылысы жүргізілген уақытта неге жаяу адамдар жүретін тротуарлар мен қорғаныс жасыл желек белдеуі (жасыл ағаштар, газон) қарастырылмайды? Қазір Атырауда салынып жатқан жолдар тек көлік жүргізуге ғана арналған.

аzh.kz поштасынан

- Қазіргі таңда жасақталатын жобалау-сметалық құжаттарда автокөлік жолдары жанынан жаяу жүргіншілер жолының белгіленуі қатаң түрде бақылауға алынған.

- Нұрсая ықшам ауданының мәселесі қашан шешіледі екен? Мәселен, цокольды қабаттарды пайдаға асыру, балаларға арналған ойын алаңдарын орнату, көліктерге арналған тұрақжай жасақтау жоспарланған ба? Бұл ықшам ауданда кешке қарай тәртіп сақшылары болмайды, бейнекамералар жоқ, тұрғындар подъезд алдында көліктерін жуып жатады.

Фархад Төлешев

- Қазір біз тұрғын үйлер аумағынан балалар ойын алаңдарын орнатуды қажет ететін орындарға талдау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Тәртіп сақшылары, камераларды орнату, подъезд алдында көліктерін жуу мәселелері бойынша облыстық ІІД Әкімшілік  полиция басқармасына шағымдануыңызға болады.

- Санаторий және Стройконтора аялдамаларының арасы өте алшақ. Осы аялдамаларды жақындатуға немесе басқа да бір шешімін табуға болмас па екен?

Галина

- Жолаушыларды және багажды таксимен тасымалдауды ұйымдастыру заңына сәйкес автобус аялдамасының ара қашықтығы 400 метрден кем болмауы және 800 метрден алыс болмауы қаралған. Ал аталған аралық 800 метрге жетпейді.

- Бірлік маңындағы жол қиылысында тұрған бағдаршам қашан жөнделеді? Оның істен шыққанына бірнеше ай болды? Күні кеше ғана сол маңда тағы бір жол көлік апаты орын алды.

аzh.kz сайтынан

- Атырау-Доссор трассасы «ҚазАвтоЖол» АҚ теңгерімінде. Осы жолдың бойында орналасқан екі бағдаршам, атап айтқанда  Бірлік елді мекені және Геолог кенті тұсында орналасқан бағдаршам нысандары күрделі жөндеуден өткізуді қажет етеді. Заңға сәйкес, бөлім теңгерімінде болмағандықтан бұл жұмыстарды атқаруға  қаражат көзі бөлінбейді.

- Қаладағы автобустарды арнайы есептегіш құралдармен жабдықтауға бола ма? Ал билеттердің орнына электронды билеттер қолданысқа шығарса.

аzh.kz сайтынан

- Бүгінгі күні қалада тасымалдаушы мекемелерге жаңа заманауи құрал-жабдықтарды (GPS-система, ішкі-сыртқы бейне бақылау камерасы, электронды билеттер және аялдамаларды электрондық хабарлау) орнатуға тапсырма берілді. Бүгінгі таңда 10 жаңа автобус алынып, 1 сәуірден бастап маршрутқа шығарылды - барлығы жаңа заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Әрі қарай аталған жұмыстар жалғасын табады.

- Қалада велосипедпен жүрушілер көбейді. Бұл, әрине, қуантады. Бірақ велосипедшілерге арналған арнайы жолдар жоқ. Жаға бойымен жүретін велосипедшілер жаяу жүргіншілерге кесел келтіреді. Осы велосипед айдаушыларға арналған арнайы жол салу мүмкін бе?

аzh.kz сайтынан

- Осы сұрақтың шешімін табу үшін талдау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күні қаламыздағы орталық көшелер мен Жайық өзені жағалауында велосипедпен журушілерге арналған арнайы жолдар салуға орындар қарастырылмаған. Сонымен қатар, қаланың «Бас жоспарына» сәйкес велосипедпен жүрушілерге арналған арнайы жолдар салу жұмыстары көзделіп отыр.

 

суағарлар зерттелуде

-Сарықамыс-2 ы/а, №1 көшеге жол белгілері мен жылдамдықты тежейтін жасанды қондырғылар қашан орнатылады? Жақын маңда мектеп бар, балалардың қауіпсіздігі үшін алаңдап отырамыз. Қалаға топырақ таситын жүк көліктері де осы №1 көшемен жүреді.

- Сарықамыс-2 ықшам ауданы №1 көшесінің тұсында  ешқандай орта білім беру мекемесі жоқ. Осы көшеге жол белгілерін, жасанды жол кедергілерін орнату бағытында талдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сіздің көшеңізден өтетін  үлкен габаритті жүк көліктері бойынша облыстық ІІД Әкімшілік  полиция басқармасына шағымдануыңызға болады.

- Привокзальныйдағы Мұрагер сауда үйінің жанындағы қиылысқа бағдаршам қашан орнатылады? Ол жерде көлік апаты жиі орын алады

аzh.kz сайтынан

- Бүгінгі таңда Баймұханов-Берғалиев көшелерінің қиылысына бағдаршам орнату жұмыстары аяқталуда. Жақын арада іске қосылып, пайдалануға беріледі.

- Әуежай-Жеті қазына қиылысындағы қозғалысты реттеуге бола ма?

аzh.kz сайтынан

- Ағымдағы жылы 18 бағдаршам нысанын орнату жұмыстары  басталды. Соның ішінде осы қиылыста (Атырау-Әуежай тас жолы - Жеті Қазына ықшам ауданы)  бағдаршам орнату жоспарда бар және жұмыс кестесіне сәйкес орындалады.

- Азаттық көшесіндегі шұңқырлар қашан бітеледі?

аzh.kz сайтынан

- Бүгінгі таңда Атырау қаласындағы орталық көшелерді орташа жөндеуден өткізу жұмыстарының жобалау-сметалық құжаттары жасақталып, жасақталған құжаттарға сәйкес, республикалық бюджеттен қаражат көзі сұратылғандығын хабарлайды. Осыған байланысты ағымдағы жылы бюджеттен аталған жұмыстарды іске асыруға қаражат көзі бөлінген жағдайда Азаттық даңғылындағы ойлы-шұңқырлы жерлер қалпына келтіріледі.

- Қалада жаңбыр суына арналған арнайы кәріз жүйелері қашан жүргізіледі?

аzh.kz сайтынан

- Бүгінгі таңда бөлім тарапынан арнайы мамандармен бірлесе, қаламыздағы ағынды сулар жүйесінің инженерлік - техникалық тұрғысы жағынан жан-жақты талдау жұмыстары жүргізілуде. Қорытындысы бойынша жұмыстар іске асырылады.

- Ескі базар маңынан Атырау мөлтек ауданына дейінгі жағалауды бекіту жұмыстары жоспарланған ба?

Әсем, қала тұрғыны

- Бүгінгі таңда ұзындығы 763 метрді құрайтын Мечников-Баймұханов көпірінен Мақатаев көшесіне дейінгі аралыққа қорғаныш бөгеттерін салу жұмыстарының жобалау-сметалық құжаттары жасақталды және жасақталған жобалау-сметалық құжатына сай жергілікті бюджеттен қаражат көзі сұратылды.

- Атырау мөлтек ауданынан Балықшы мен Жилгородокқа Махамбет көшесі арқылы қатынайтын маршрут шығаруға бола ма екен? Себебі, №1, 3, 11 маршруттар бұл бағытпен жүрмейді. Және осы маршруттарға үлкен автобустар шығаруға бола ма? 

Гүлшат Пангереева

- Жолаушыларды тасымалдау ережесіне сәйкес қала іші және қала сыртында бір бағытта қатарлас бірнеше маршрут жүруге болмайды. Сол себепті, ережеге қайшы болғандықтан Атырау ықшам ауданынан Махамбет көшесі арқылы Балықшы поселкесіне дейін маршрут ашуға мүмкіншілік жоқ. №1,3,11 маршрут бойындағы шағын автобустарды сыйымдылығы үлкен автобустарға ауыстыруға Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі тарапынан жолаушы тасымалдаушы мекемелерге тапсырма берілді. Аталған тапсырма бөлім бақылауында тұр.   

- Самал, Нұрсая ықшамаудандарына қатынайтын автобустарды көбейтуге бола ма?

Гүлбарам

- Нұрсая ықшам ауданы тұрғындарын автобуспен кідіріссіз қамтамасыз ету мақсатында «АЙС Транс Холдинг» ЖШС Дина базары – Нұрсая ықшам ауданы бағытында қатынайтын сыйымдылығы аумақты 10 дана «Донкфенг» автобусын сатып алып, аталған маршрутқа 1 сәуірден бастап қызмет көрсетуде.

- Нұрсая ықшам ауданында балконды жылытқандары үшін тұрғындардан ақы алады. Төлеу туралы түбіртекте, мәселен, балконмен қосқандағы үй алаңы 55,7 шаршы метр деп көрсетілген, сәйкесінше, біздер балкон үшін де ақы төлеп отырмыз. Бірақ ол жерде жылыту жүйесі жоқ қой. Мен бұрындары да осы сұрақты қозғаған болатынмын, бірақ маған үкіметтің 2001 жылғы бір қаулысына сәйкес ақы осылай жүргізіледі деген жауап қайтарды. Сонда қалай болғаны?

Әлішер Төлеуішов

- Нұрсая ықшам ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің пәтерлеріне 2013 жылдың 15 қазанынан бастап жылудың ақысы тек нақты жылытылатын шаршы метрлерге алынады. Жылу ақысын қайта есептету және басқа да туындаған сұрақтар бойынша  үйіңізге қызмет көрсететін «Қаладағы тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС Нұрсая ы/а №3 үйде орналасқан кеңсесіне тиісті құжаттарыңызбен хабарласу қажет.

- Балықшыдағы Абай Құнанбаев көшесі, №19 үйдің орталық жылу жүйесін қашан қалпына келтіреді?

Тұрғындар

- Бүгінгі күні Сіздің үйіңіз Балықшы орталық жылу қазандығынан жылумен қамтамасыз етіледі.  А.Құнанбаев көшесі №19 үйге дейін жылу жүйесі қалыпты жағдайда. Ал, жертөле ішіндегі ақаулы жылу жүйелерін қалпына келтіру «Тұрғын үй қатынастары» Заңы бойынша тұрғындардың тікелей міндеті болып табылады.

- Авангард, 4 мөлтек аудандағы 2-үйдің жанындағы ыстық су жүйесінің үстіне орнатылған бетон плита қазіргі уақытта орнынан сәл жылжып, тұрғындарға қатер төндіріп тұр. Ол жаяу жүргіншілер жолында жатыр. Осы аумақтағы көшелерді тегістеуді сұраймыз.

аzh.kz сайтынан

- Авангард 4 ықшам ауданы №2 үйдің жанында жылу құбырларының үстіне орнатылған бетон плиталарды қалпына келтіру үшін қызмет көрсетуші «Бірлік» кооперативіне тапсырма берілген.

ДайындағанНұргүл ХАЙРУЛЛИНА

17 сәуір 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.