Атырау, 27 қараша 00:14
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Құрылыс сапасы сыр берді

2 930 просмотра

Пайдалануға берілгеніне төрт жыл болған Индербор кентіндегі  Ш. Уәлиханов атындағы орта мектептің жағдайы жылдан-жылға нашарлап барады.

Қазынаның 711 млн теңгесіне салынған 624 орындық орта мектеп құрылысын «ЕмбіМұнайЭкология» ЖШС (директоры Жантас ОСПАНОВ) жүргізді.

- Мектепті пайдалануға берген жылы бірінші қабаттағы бастауыш сынып пен шағын топтағы әжетханаға баратын дәліздегі еденге төселген кафельдер өзінен өзі түсіп, оны мердігер жөндеп берген. Ал 2013 жылы бұл оқиға тағы қайталанады. Соның салдарынан дәліз бойындағы еден мен қабырға арасында 3 см-ге дейінгі саңылаулар пайда болып,  кафельдер сынды және дәліз бойының екі жағы төмен түсіп кетті, - дейді мектеп директоры Айман МЕҢДІГЕРЕЕВА. -Оны қалпына келтіру біздің қолымыздан келмейді. Сол себепті біз аудан әкімдігінен көмек сұрап, хат жаздық.

Аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Бауыржан ИМАНҒАЗИЕВТІҢ пікірінше, кәріз құбырының жалғанған тұстарынан тамшы ағып, уақыт өте келе ылғал тартып, еденнің төмен түсуіне жеткізген болуы мүмкін.

Мектепке жапсарлас тұрған  шаруашылық ғимаратының да күйі кетіп тұр. Ғимараттың қабырғаларында, төбесінде үлкен жарықтар пайда болған. Тіпті, бұл жарықтар үлкейіп, ар жағындағы бөлме көрінеді.  

- Бір күні төбесі ортасына түсіп кете ме деп қорқамыз, - дейді мектеп қызметкерлері. - Қабырға мен төбе ажыраса, онда, сөз жоқ, ғимарат құлайды. Себебі, жарылған жерлері  жылдан-жылға үлкейіп барады. 

«ЕмбіМұнайЭкология» ЖШС-нің ғимаратты тапсырғаннан кейін пайда болған ақаулар мен кемшіліктерді қалпына келтіруге кепілдік беретін келісімшартының екі жылдық мерзімі бітіп кеткен. Енді мектептің кем-кетігін қалпына келтіруге бюджет қаржысы пайдаланылмақ. Биыл мектепті жөндеуге бюджеттен 2 млн 236 мың теңге бөлу қарастырылған. 

Бұдан бөлек тағы бір проблема - жазғы су құбырының жоқтығы.

- Біз аудан басшылығының тапсырмасымен мектеп ауласына 100-ге жуық тал еккен болатынбыз, - дейді мектеп директоры А. Меңдігереева. - Бірақ жазғы су құбыры жоқ болса, біз ағаштың бәріне бірдей суды қалай жеткіземіз? Онсыз да мектеп қызметкерлері жыл сайын егілген талды суару үшін іштегі суды шелектеп тасиды. Биыл мектеп жақтағы көшелерге жазғы су құбырын тартуға қаржы бөліп жатқан, неге екені белгісіз, мектеп ескерілмей қалыпты. Мұның себебін округ әкімінен сұрап барғанмын, бірақ ол жарытып ештеңе айтпады. Ал кәріз жүйесі насоспен айдалады. Аудандық білім бөлімінің басшысы Берік ШАКИМОВ осы мәселелерге қатысты былай деп комментарий берді:

- Мектептің күрделі жөндеуіне бюджеттен бөлінуге тиіс 2 млн 236 мың теңге сома таяуда өтетін аудандық мәслихаттың сессиясында бекітілгеннен кейін аудан әкімдігінің есепшотына түседі. Ал жөндеу жұмысы жазда жүргізілмекші. Жазғы су құбырын салу жөнінде аудандық әкімдікке хат жазып отырмыз. Бұл мәселе де биыл шешілер деген үміттемін.  

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

17 сәуір 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.