Еліміздегі алғашқы кәсіпкерлердің кешкі мектебі Атырауда ашылды.
Жобаны Атырау аймақтық кәсіпкерлер палатасы және Атырау мемлекеттік университеті Атырау қаласының әкімдігі мен Атырау қаласындағы «Болашақ» түлектері қауымдастығының қолдауымен жүзеге асыруда.
Сабақ университет ғимара-тында бейсенбі сайын сағат 16.30-да өткізіледі. Кешкі мектепке кез келген ниет білдіруші келе алады, ал әзірге сабақты, негізінен, АМУ-дің экономика факультетінің студенттері мен жаңадан іс бастаған кәсіпкерлер тыңдап жүр. Өз ісін қалай бастап, қалай жүргізуді теоретик оқытушылар мен тәжірибелі бизнесмендер үйретеді.
Бірінші сабақта старт-ап жобаларының әлемдік тәжірибесі мен студенттерге арналған «Болашақ» бағдарламасының тиімділігі мәселесі талқыланды. Линкольн университетінің (АҚШ) және Анкарадағы Таяу Шығыс техникалық университетінің (Түркия) түлегі Logic Services Centrasia компаниясының бас директоры Серболат ШОРАЕВ сөз алды. Екінші сабақта Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің түлегі, «“Даму”кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Өңірлік филиалының қызметкері Артур АХМЕТОВ «Даму» КДҚ ұсынған кәсіпкерлікті дамыту және қолдау құралдары туралы және кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі мемлекеттік тетіктер туралы әңгімеледі. Жаңадан іс бастаған кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік гранттар тақырыбы тыңдаушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.
Зульфия ИСКАЛИЕВА