10 сәуірде облыстық мәслихаттың 22-ші сессиясы өтті.
2014 жылғы облыс бюджетіне енгізілген өзгерістер туралы облыс әкімінің орынбасары Айгүл ӘЖІҒАЛИЕВА баяндама жасады.
Мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдар қызметкерлерінің жалақысының 10%-ға өсуіне байланысты облыстық бюджетке қосымша 1 млрд 622 млн теңге қосымша қаржы келіп түсті. Сонымен қатар, республикалық бюджеттен облыстық бюджетке келесі трансферттер аударылды: автокөлік жолдарына күрделі жөндеу және қайта салуға – 2,5 млрд теңге; Нұрсая ықшамауданында Неке қию сарайын салуға – 929,5 млн теңге; облыстық білім басқармасына – 980 млн теңге; облыстық денсаулық сақтау басқармасына – 980 млн теңге; облыстық еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына – 54,5 млн теңге; облыстық құрылыс басқармасына – 1 млрд 264 млн теңге; облыстық энергетика және ТКШ басқармасына - 657 млн теңге.
Облыстық бюджеттен қосымша келесі шығындар қарастырылды: арнайы техника алуға – 170 млн теңге (Құрманғазы ауданына – 125 млн, Индер ауданына – 20 млн, Махамбет ауданына – 25 млн); Махамбет ауылының көшелерін жарықтандыруға – 13,6 млн теңге; Құрманғазы ауданы дәрігерлеріне пәтер алуға – 20 млн теңге; Атырау қаласында тұрғын үй құрылыстарының жобалық-сметалық құжаттамаларын жасауға – 10 млн теңге; ауыл шаруашылығы басқармасына мал басын бірегейлендіру үшін – 9,9 млн теңге; облыстық денсаулық сақтау басқармасына – 53,6 млн теңге; облыстық туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасына - 160 млн теңге.
Облыстағы автокөлік жолдары желісінің дамуы туралы облыстық көлік және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Аманжан ТАКЕШЕВ сөз сөйледі.
Үстіміздегі жылдың 13 қаңтарында Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Қазақстанның көлік инфрақұрылымын 2020 жылға дейін дамыту бағдарламасын бекітті. Оның аясында облыс жолдарын дамытуға бөлінетін қаржы биыл 63%-ға артты. Атырау-Индер жолын күрделі жөндеу, Исатай ауданы Тұщықұдық ауылы және Махамбет ауданы орталығының ішкі жолдарын салу жұмыстары жалғасын табады. Махамбет ауданы Сарайшық ауылы және Мақат ауданы Бәйгетөбе ауылына кіретін жолдарды салу да жоспарлануда.
Махамбет ауылы аумағында Жайық арқылы өтетін көпірдің құрылысы басталды – бұл мақсатта 3 млрд теңге мөлшерінде транш келіп түсті. Құрылыстың жалпы құны – 9,7 млрд теңге.
Индер – Қарабау – Миялы – Сағыз бағытындағы жолды қайта салу жұмыстарын жалғастыру жоспарланды. Бұл мақсатта республикалық бюджеттен 2,5 млрд теңге қаржы бөлінді. Мүгедектерге қызмет көрсететін ұйымдар орналасқан жерлерге арнайы белгілер, бағдаршамдар мен дыбыстық белгі беру аспаптары қондырылады және бұл мақсатта республикалық бюджеттен 15 млн теңге бөлінді.
Депутаттардың бірі: «Атырау – Орал трассасының Индер ауданы Көктоғай ауылы тұсындағы учаскесіне қашан жөндеу жасалады?», - деп сұрақ қойды. Бұған А. Такешев биыл бұл мақсатқа 549 млн теңге бөлінді деп жауап берді. Тағы бір депутат келесі мәселені көтерді: «Күзде Атырауға Владимир ПУТИН бастаған ресейлік делегация келеді, осы уақытқа дейін Құрманғазы ауданы маңындағы қираған жолдарды жөндеуге болмай ма?».
Бұл сауалға облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ жауап берді:
- Мен осы Атырау мен Астрахан арасын қосатын осы жолды жөндеу туралы мәселені көптен бері көтеріп жүрмін. Премьер-министр Кәрім МӘСІМОВ өткізген алғашқы селекторлық жиында мен мұны тағы да айттым. Осы жолды жөндеуге жасалған жобалық-сметалық құжаттама ескіріп, қазіргі жағдайға сәйкес келмейді. Егер ЖСҚ-ны алдын ала жасап қойсаң, ол екі жылдан кейін ескіріп кетеді. Ең алдымен жолдарды жөндеудің стратегиялық жоспарын жасап, содан кейін қай жолға бірінші жөндеу жасау керектігін шешу қажет. Ал қаржы аударуға келісім алған бойда ЖСҚ-ны тез әзірлей қоямыз.
Сонымен қатар, әкім архитектура органдарын сынға алды:
Облыс орталығындағы көшелер тар. Бұл қалай осылайша тар болатынын білесіздер ме? Бір құрылыс салушы шарбағын рұқсат етілгеннен бір метр алға шығарып салады, ал бұған келесі құрылыс салушы, содан кейін үшіншісі теңестіреді. Қала көшелері түзу емес. Егер бір машина тұрып қалса, келесісі өте алмайды. Мұны ешкім бақылауға алып жатқан жоқ.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ