- Мен бала күнімнен ІІ топ мүгедегімін. Үш балам бар. Жақында маған қалалық жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау бөлімінен өкіл келіп, отбасымның әлеуметтік жағдайын сұрастырып, түрлі сұрақтар қойды. Менің пәтерге кезекте тұрған-тұрмағандығымды сұрады. Ал мен, шынымды айтсам, пәтер алуға құқылы екенімді сол жерде ғана білдім. Толығырақ айтсаңыздар екен, қайда және қандай құжаттар тапсыруым керек? Екінші сұрағым мынадай – 2003 жылдан бері жер учаскесін алу кезегінде тұрмын. Егер алатын болсам, үй салып алуым неғайбыл деп ойлаймын, өйткені көмектесетін ешкімім жоқ. Бәлкім, жерге кезегімді пәтер кезегіне ауыстыра алатын шығармын?
Иван Семиончев
Қазіргі уақытта қалалық жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау бөлімінің қызметкерлері шынымен де өз қарамағындағы жандарға барып тұрады. «Біз 2011 жылға өз дерекқорымыз үшін адамдардың не нәрсеге – арбаға, жеке гигиена құралдарына және т.б. мұқтаж екендіктері туралы мәліметтер жинаймыз. Ал пәтер бөлу мәселесі туралы қалалық әкімдікке хабарласу қажет», - дейді қалалық жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау бөлімінің мүгедектермен жұмыс бөлімінің бастығы Мереке ЖАМБЫРБАЕВ. Қалалық әкімдіктің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінде Семиончев мырзаға Сәтбаев даңғылы 23-ші үйдегімекен-жайы бойынша халыққа қызмет көрсету орталығына бару қажет екендігін, тұрғын үй секторы терезесінен қажетті ақпаратты ала алатындығын айтты. Сол жерден кезекке тұру үшін арыз беруге болады. Жер кезегін пәтер кезегіне ауыстыруға болмайды екен.