АСТАНА. ҚазАқпарат - Испандық «Барселона» футбол клубы Мадридте жергілікті «Атлетико» командасынан ұтылып, УЕФА Чемпиондар Лигасынан шығып қалды.
Испанияның астанасындағы матч алаң иелері пайдасына 1:0 есебімен аяқталды. Кездесудің 6-минутында «Атлетико» ойыншысы Коке қарсылас қақпасына гол соқты. Осылайша екі матчтың қорытындысы бойынша (алғашқы кездесу «Камп Ноуда» 1:1 есебімен аяқталған) Месси бастаған еуропалық футбол серкелерінің бірі УЕФА Чемпиондар Лигасындағы бас жүлде үшін күресті аяқтады.
Мюнхендік «Бавария» мен «Манчестер Юнайтед» командаларының ойыны да тартысты өтті. 3:1 есебімен қарсыласын артта қалдырған «Бавария» жартылай финалға жолдама алды.
Естеріңізге сала кетейік, бір күн бұрын турнирдің жартылай финалына мадридтік «Реал» мен лондондық «Челси» құрамалары шыққан. Жозе Моуриньоның тәлімгерлері өз алаңында Францияның ПСЖ командасын ұтты.
Дереккөз: inform.kz