Арық деген аты ғана
Индербор кентінде суағар арықтар қоқысқа толып барады.
Мәселен, Жамбыл тұйық көшесіндегі суағар арықтың ішін (суретте) топырақ басып қалған. Оны жыл сайын жөндеуге тырысқанымен қалпына келтіру мүмкін болмай отыр.
- Бұл суағар арық бұдан бес жыл бұрын салынған. Мердігердің сапасыз жұмысы қазір білініп жатыр. Оны енді табу қиын, олардың келісімшартының кепілдік мерзімі аяқталған, -дейді Индербор кентінің әкімі Бөкенбай НҰРҒАЛИ.
***
Тротуарлар да тозды
Биыл Индербор кентінде демеушілік көмекпен үш шақырым тротуар төсеу қолға алынбақ.
Жуырда облыс бюджетінен кенттегі Тұхфатов, Оңдасынов тұйық көшелеріне тротуар салу үшін 1,5 млн теңге бөлінген. Қазір солардың құрылысының сметалық-жобалау құжаттары жасақталуда.
-Кентте жөні түзу жаяу жүргінші жолдары қалмаған. Тротуарлар салсақ, бірнеше көшенің көркі де келіп қалар еді, - дейді Индербор кентінің әкімі Бөкенбай НҰРҒАЛИ.
***
60 жаңа пәтер
Индербор кентінде 60 пәтерлік үш қатарлы екі тұрғын үй салынады деп жоспарлануда.
- Бір үйдің құрылысы басталып кетті. «КазКонстракшнГрупп» ЖШС жерді тегістеп, іргетасын құю жұмыстарымен айналысуда, - дейді Индер ауданы құрылыс, сәулет және қалақұрылысы бөлімінің басшысы Бауыржан ИМАНҒАЗИЕВ.
Екінші үйдің құрылысы құрылыс жүргізетін мердігер мекемені анықтайтын тендер өткізілген соң басталады.
Екі тұрғын үй де келер жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Биыл олардың құрылысына облыс бюджетінен 1 млрд 68 млн теңге бөлінген.
***
Бүлдіршіндерге тарту
Жылыойлық спортшылар Құлсары қала-сындағы «Қызғалдақ» балабақшасының ауласына 200-ге жуық тал екті.
***
Он мектеп жөнделеді
Құрманғазы ауданындағы он мектепті жөндеуге биыл жергілікті бюджеттен 271 млн теңге бөлінді.
Құрылыс-жөндеу жұмыстарына мердігерлер биылғы оқу жылы аяқталған соң кіріспекші. Жөнделетін мектептердің қатарына Азғыр өңіріндегі бірнеше мектеп іліккен. Сонымен қатар биыл бес балабақша да жөнделетін болды.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА