Облыстық прокуратура 1-ші тоқсанның қорытындысы бойынша брифинг өткізді.
Жыл басында прокурорлық әрекет ету шаралары арқылы «Атыраубалық» АҚ-ның 534 қызметкерінің алдындағы жалпы сомасы 46,3 млн теңге еңбекақы бережақтары өтелді.
- «Теміржол Құрылыс-Атырау» ЖШС-нің еңбекақы бойынша бережағы өтелді. Кәсіпорын өзінің 522 қызметкерінің 55 млн теңгеден астам төлемақысын кешіктірген. Сонымен қатар «Bias Tech» ЖШС 104 қызметкеріне бережағын өтеді. «АСД» ЖШС-нің жағдайы анағұрлым қиындау. Тіпті оның директорына іздеу жариялауға тура келді. Қашқынды ұстаған кезде, ол өз қызметкерлерінің алдындағы бережағын өтеу мүмкіндігін де тапты. Қазіргі уақытта бізде еңбекақыны кешіктіру фактісі жоқ, - деп хабарлады Атырау облыстық прокуратурасының 1-басқармасының бастығы Ғани ТЫНЫМОВ.
Қоршаған ортаға тасталған нормативтен тыс шығарындылар үшін «ТШО» ЖШС-нен ірі мөлшерде зиян сомасы өндіріліп алынды. Тексеру жұмыстары игерілмеген 2500 жер телімдерін, соның ішінде Атырау қаласынан 580 жер телімін анықтады. 1776 жер телімінің қожайындарына бір жыл ішінде жерді игеруі тиіс екендігі туралы ескерту хат берілді. Жалпы жыл басынан бері 6 мыңнан астам заңнама бұзушылық анықталып, жойылды. 257 заңсыз құқықтық актілер жойылды. Әрекет ету актілері бойынша мемлекеттік бюджетке 3,5 млрд теңге шамасында қаржы құйылды.
Зульфия ИСКАЛИЕВА