Атырау, 25 сәуір 06:57
 ашықВ Атырау +20
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Шеттен келетін көкөністер бақылауға алынады

2 147 просмотра

Жергілікті санэпидемиологтар Еуропадан дабыл қақтырар хабар жеткен соң көкөністерді тексеруге кіріспек. Ал біз олардың қай жақтан әкелінетінін анықтауды ұйғардық.

 

Ең алдымен облыстық «Фитосанитария» РМК филиалына хабарластық. Алайда кәсіпорын директоры Қанағат ОСПАНОВА ешқандай ақпараттан хабарсыз екенін, оларда тіпті зертхана жоқтығын, сондықтан түскен көкөністерге бақылау жасалмайтынын айтты. Содан соң Атырау облыстық аумақтық инспекциясының карантин бөліміне хабарласуға кеңес берді. Ондағылар бізге картоптың Нидерланд пен Пәкістаннан, алманың Германиядан, Польшадан, орамжапырақтың, қызылшаның Өзбекстаннан әкелінетінін айтты. Ресейден түйінді пияз, сәбіз, қызылша, қияр, сарымсақ, банан, алма, апельсин, қызанақтар келеді екен.

Бұл жағдайда әңгіменің тек географиялық бағыты жөнінде ғана болып отырғаны түсінікті. Өйткені Нидерландтан келетін картоп Чехиядан, Грециядан  және т.б. жерлерде өсірілген болуы мүмкін. Бізге Ресейден әкелінетін бананның, апельсиннің, қызанның қай жақтан келетінін аумақтық инспекциядағылар айта алмады. Өйткені Кедендік одаққа байланысты шекарада жеткізілімге ешқандай рұқсат берілмеген. Ал жалпы Ресейге экзотика (бананды, кивиді, ананасты және т.б.) дүние жүзінің түкпір-түкпірінен: Эквадордан, Колумбиядан, Оңтүстік Африка Республикасынан, Жаңа Зеландиядан, Оңтүстік-Шығыс Азия және Солтүстік Африка елдерінен келеді.. Мәселен, қызанақтар, түйінді пияз, қияр, орамжапырақ пен картоп (әрине, бір бөлігі) Қытайдан әкелінеді. Итальяндық, француздық алмалар, испан алмұрттары және т.б. да бар.

Қала базарлары мен супермаркеттердің сөрелерін көкөніс-жемістермен қамтитын жергілікті тасымалдаушылардың барлығы дерлік, сондай-ақ саудагерлердің өздері «Дина» көтерме базарынан сатып алатын көрінеді.

«Дина» ЖШС директоры Оспан СӘЛІМГЕРЕЕВТІҢайтуынша, қияр, қызанақ, ақжелек-аскөктер, картоп, пияздар бізге Қазақстанның оңтүстігінен – Шымкенттен, Тараздан және Алматыдан пойызбен және автофуралар арқылы жеткізіледі екен. Ираннан Ақтау порты арқылы апельсин, киви, банан, қызанақтар әкелінеді. Ресейден банан, апельсиндер Астраханнан, сондай-ақ Орал арқылы Самарадан әкелінеді. Директордың айтуынша, сөрелерде қазір негізінен жылыжай көкөністері сатылуда. Алайда маусымның аяғына,  шілденің басына қарай Өзбекстаннан кәдімгі бақшада өсірілген көкөністер түсе бастайды.

Еуропадан тікелей Атырауға көкөністердің ірі партиясы жеткізілмейді. «Бізде ірі терминал-қойма жоқ, - дейді О.Сәлімгереев. – Біздегі көтерме сауда жасаушылардың әрі кеткенде 60, ең көп дегенде 180 шаршы метрдей алаңдағы бір-екі қоймасы бар. Бірақ олар тоңазытатын жабдықтармен жарақталмаған. Сондықтан үлкен партиялармен әкелу бізге тиімсіз».

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

9 маусым 2011, 17:07

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.