Пәкістанда 9 айлық бала айыпты ретінде сот залына шақырылды. Мұхаммад Моса Ханға полиция қызметкеріне қоқан-лоқы көрсетіп, мемлекеттік іске араласты деген айып тағылған.
Жергілікті полицейлердің баланың туыстарының әрекетіне ашуланғаны соншалық, олар тұтас бір отбасыны күдікті деп таныған. Жасы бірге де толмаған Мұхаммад Моса Ханның әкесінің айтуынша, олар отбасымен өз аймақтарындағы газдың жетіспеуіне байланысты наразылық акциясына қатысқан. Ал полицейлер болса, аталған оқиғаны басқаша қылып баяндаған. Олар Мұхаммадтың отбасын Лахорда газ ұрлады және тәртіп сақшыларын таспен ұрды деп айыптап отыр.
Алайда, полицейлердің бұл сөзі сотта сандырақ деп танылды. Алдымен балаға қатысты істі тоқтату керек деп аймақтың кіші инспекторы бастама көтерді. Одан соң Пенджабтың бас министрі Шахбаз Шариф та бұл бастаманы қостап, бейкүнә баланы қылмыстық істің басты кейіпкеріне айналдырған полиция қызметкерлеріне қатысты іс қозғайтынын мәлімдеді.
Қазір бала үйінде. Ата-анасы оны кепілдікке ақша төлеп алып шықты. ал оған және оның отбасына қатысты қозғалған қылмыстық іс әлі жабылған жоқ, деп жазады Вести.ру.
Дереккөз: ҚазАқпарат
8 сәуір 2014, 09:12