Атырау, 21 желтоқсан 13:18
 ашықВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Құны 4 миллион тұратын тиын

3 295 просмотра

және «Бейбарыстың» басқа да проблемалары

Атырау қаласындағы мұз сарайында жанкүйерлер «Бейбарыс» хоккей клубының басшыларымен кездесті.

ӨТЕ ДӘЛ СОҚҚЫ

Алдымен ««Атырау барыстары» ойын спорт түрлері бойынша облыстық команда» КМК («Бейбарыс» ХК осы кәсіпорын құрамында) директоры Болат МҰХАМБЕТҚАЛИЕВ мәлімдеме жасады:

- Өкінішке орай, кеше өз алаңымызда үшінші орын үшін теміртаулық «Арыстан» командасымен болған ойыннан кейін келеңсіз оқиға орын алды – жанкүйерлердің бірі төрешіге тиын лақтырды. Нәтижесінде бізге Қазақстан хоккей федерациясынан хат келді, онда клубымызға жанкүйердің безбүйрек әрекеті үшін 850 мың теңге айыппұл салынып, плей-офф сериясының соңғы ойыны Атыраудан бейтарап жерге ауыстырылатыны жөнінде жазылған.

Бір жанкүйердің тәртіпсіз қылығы бізге өте қымбатқа түсуде. Ойын өткізу орнын ауыстыруға байланысты біз 10 сәуірде астаналық «Қазақстан» мұз аренесын жалға алуға тырысып жатырмыз. Бұл өзгерістердің барлығы «Бейбарыс» клубы үшін үш миллион теңгеге шықпақшы. Сонда барлығы 4 миллион теңге болады.

Осы келеңсіздіктен кейін маған Федерация басшылығымен келісімге келу қиындап кетті. Ең нашар жанкүйерлер Атырауда, ең жаман мұз тағы да Атырауда, Мұз сарайының төбесінен су кетеді деп бетіме басады. Қазір барлық жаманшылықты бізге іліп жатыр әйтеуір...

 

ҚЫМБАТҚА АЛҒАН ФИНН

Жанкүйерлер сұрақ қоя бастады.

Асылан: Көш бастап келе жатқан «Бейбарыс» үшінші орынға қалай түсіп қалды?

Б.М.: Мен және бас бапкер Александр ИСТОМИН де өз жауапкершіліктерімізді мойындаймыз. Қаржыландыру қалай болса, жұмысымыз да солай болды. «Бейбарыс» ХК бір кездері жабылудың аз-ақ алдында тұрғаны құпия емес қой. Кадрлық мәселелер үнемі тиімді шешіліп отырған жоқ. Біз Дантон Божечті таңдағанда қателестік, оның сырқаты бар екен, ол ойнай алмады. Өте қымбатқа сатып алған Финляндия құрамасының қорғаушысы Микки Пукк әлсіз ойын өрнегін көрсетті. Осындай сенімсіз ойындарына қарап, оның жалақысын азайтқанымызда, ол заттарын жинай бастады. Плей-офф ойындары қарсаңында Макдональд, Хвила, Салонен жарақат алып қалды. Бұл бәрінің басында болатын жағдай.

Қаржыландыруға келсек. Тәжірибе көрсеткендей, кезекті маусым аяқталар тұста жігіттеріміздің интернет мекенжайларына небір қолайлы ұсыныстар келіп түсіп жатады. Жақсы ойыншыларымыздың көпшілігін өздеріне алған павлодарлықтармен «бәйгеге» түсе алмаймыз. Клубтың жылдық бюджеті 635 миллион теңге, алайда біз бұл ақшаны екі траншпен аламыз. Биыл бізге алдымен 400 миллион берді. Оның 250 миллионын жойып үлгердік. «Бейбарыс» клубы құрылғаннан бері ойыншылардың жалақысын толықтай беріп келеміз.

Ал кешегі матчқа келетін болсақ, теміртаулықтар овертаймда бізге гол соғып кетті («Бейбарыс» - «Арыстан» 2:3). Мұны ешкім әдейі істеген жоқ. Кез келген ойыншыдан сұраңыз, ешбірі мұндай жағдайға жол бермес еді. Ешкімді жазғыруға болмайды, бәрі де тырысып бақты. Тағы да қайталап айтайын, кейбір ойыншыларды таңдағанда қателестік, бұл бізге алда сабақ болады.

А. Истомин: Маусым сәтсіз болды деп есептемеймін. Ол тек өте ауыр болды. Естеріңізде болса, өткен жылы біз кем ұпаймен бастадық (мұз құю машинасы бұзылып, «Бейбарысқа» техникалық жеңіліс есептеген), алайда финалға дейін жеттік. Биыл, шынымен де, ойыншыларды таңдау сәтсіз өткізілді.

Әрине, мен кешегі ойынның нәтижесіне ренжулімін. Қиын ойынға өзгеріс енгізіп, есепті теңестіріп, овертаймда жеңіліске ұшырау – ақылға сыйымсыз...

Ауыр ойындар алды. Өкінішке орай, соңғы матчтарда біз жарақатына байланысты төрт ойыншыны жоғалттық, ауыстыратын ойыншылар аз. Алайда, дені сау хоккейшілердің бар өнерлерін көрсететін мүмкіндіктері бар. Барлығы бар күштерін салып, «Бейбарыс» құрамында ойнауға лайықты екендіктерін дәлелдеуі керек. «Бейбарыс» бес жыл бойы артта қалып көрген жоқ, қалмайды да.

 

ПОЕЗДАРДАҒЫ ӨМІР

Виталий: «Бейбарыс» балалар командасы жөнінде айтыңызшы.

Б.М.: Облыс әкімінің балалар хоккейі, мәнерлеп сырғанау және шорт-трек топтарын ашу жөнінде тапсырмасы бар. Біз қажетті қағаздарды облыстық туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасына ұсындық. КМК есебінен хоккеймен 60-қа тарта айналысады. «Бейбарыс» жаттықтырушылардың жалақысын төлейді. Бір мүмкіндік табылып, балаларды Рудный қаласына турнирге жібердік. Олар жарыстан тыс қатысса да, екі команданы овертаймда ұтты. Клуб басшылары мен ойыншылары балаларға 30 спорттық киім-кешек кешенін сыйға тартты. Бұл киімдер сатып алуға мүмкіндіктері жоқ балаларға ғана беріледі.

Григорий: Қолдарыңызға тұсау болып отырған проблемаларыңыз бар ма?

А.И.:Поездармен сапарға шығу команданы өте қатты әлсіретеді. Мен бұл туралы Болатқа талай айтқанмын. Поезбен отыз сағат әрі, отыз сағат бері жүру деген өте ауыр. Матч арасындағы уақыт жолда өтеді. Барлық жаттығу үдерісі зая кетіп, команданың көңіл-күйі бұзылады. Маусым басталғаннан Жаңа жылға дейін осылай болды...

Б.М.:Қыркүйекте «Бейбарыс» командасының шотында бір тиын да болған жоқ. Осы уақыттың ішінде команда басқа қаладағы матчтарға кепілдік хат арқылы барып жүрді – «Бейбарыс» хоккей клубы жолсапар мен жатын орынға ақы төлеуге кепілдік береді». Алайда хоккейшілердің жалақысы кешіктірілген емес.

Атын атамаған жанкүйер: «WTst Side» жанкүйерлер қозғалысының көшбасшысы Андрей Кашишьян облыс әкіміне хат жазды және менің білуімше, бұл команданы қаржыландыруға көмектескен. Алайда, жиналыстардыңбірінде облыс әкімі «бізге мұндай хоккей неге керек» деген болатын.

А.И.Біз бұл кезде сапарда болатынбыз. Баспасөзде жазылған сөздер командаға қатты тиді. Әлі есімде сол сөздер: «Бізге көзбояушылық керек емес». Спортшылар мен жаттықтырушылар өмір бойы чемпион боламын деп талпынады. Ал «Бейбарыс» командасы төрт жыл финалда ойнап, екі «алтын» және екі «күміс» жеңіп алды. Мұны көзбояушылық деп атаған дұрыс деп ойламаймын.

 

АТЫ «САРАЙ» БОЛСА ДА...

Георгий: 20 наурызда біз «Арланмен» болатын жартылай финалдық матчқа келгенімізде Мұз сарайының желден кейін тас-талқан болғанын көрдік: төбеден құлаған шатыр кіреберісті жауып тастаған, арена мұзы еріп кеткен. Ойын бейтарап аумаққа ауыстырылды. Нәтижесінде жартылай финалда ұтылдық. Бәрі қолдан жасалған деген алып-қашпа әңгімелер жүріп жатыр...

Б.М.: Атырауда Мұз сарайы 2009 жылы салынды. Ол біздің балансымызға 2011 жылы көшті. Бұған дейін біз мұнда «құс құқығымен» өмір сүрдік. Бұрынғы иелері жарықты, суды кез келген уақытта сөндіріп тастап, жаттығуларды мезгілінен бұрын тоқтата беретін.

Мұз сарайы шатырынан 2011 жылдан бері су ағады. Өткен жылы жөндеуге облыстық бюджеттен 70 миллион теңге қаржы бөлінді. Біз зерттеу жүргізіп, смета жасадық, оны мемлекеттік сараптамаға бердік, ал ол жақтан нысан жаңа болғандықтан, оны күрделі жөндеуге он жылдан кейін рұқсат етіледі деп жауап келді. Бюджет ақшасын қайтаруға тура келді. Биыл дауыл жел кезінде шатыр ұшып кетті. Сол адам қайтып келіп, төбеге шығып, көзі жеткеннен кейін: «Құжаттарыңызды әкеліңіз, мен қол қоямын», - деді. Қазір біз жөндеуге дайындалып жатырмыз.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

7 сәуір 2014, 18:05

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.