Атырау, 18 мамыр 10:20
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +20
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Балаларына экстремизмді насихаттаған

3 537 просмотра

Жылыой аудандық соты Құлсары қаласында тұратын ерлі-зайыпты Б. және Н.-ға қатысты кәмелет жасына толмаған балаларына (барлығы алты бала) экстремизмді насихаттағаны үшін ҚР ҚК-нің 233-4 бабының 1-бөлімімен («Террористік не экстремистік қызметті ұйымдастыру мақсатында адамдарды азғырып көндіру немесе дайындау не қаруландыру») үкім шығарды.

Жылыой ауданы прокурорының көмекшісі Алтынгүл ИСМАГУЛОВАНЫҢ хабарлағанындай,бұл отбасылық жұп  «қарулы жиһад» идеологиясын қолдаған. Олар өздерінің туысы болып келетін халықаралық террористік ұйымның мүшесі Е.-нің ықпалымен халықаралық террористтер ұйымының құрамында үкіметтің қарулы күштеріне қарсы әскери іс-әрекеттер жүргізу үшін Сирияға кетуге дайындалған. Осы мақсатта ҚР аумағынан шығу үшін өздерімен бірге 4-тен 14 жасқа дейінгі алты баласының да төлқұжаттарын көші-қон полициясы арқылы рәсімдеген.

Бұдан бөлек, олар діни көзқарастарына сәйкес балаларының мектепте білім алуы дінге қайшы, бұл теріс тәрбие береді деген ұғымда  болған және ондағы адамдардың барлығын «кәпір» деп санаған. Осының салдарынан  2012 жылдың қаңтарында балалары оқып жүрген Құлсары қаласындағы мектепке барып, отбасылық жағдайына байланысты Атырау қаласына көшеміз деген сылтау айтып, балаларын мектепке оқуға жібермегендігі анықталды.

- Ал бұл ҚР-ның «Неке (ерлi-зайыптылық) және отбасы» Кодексiнің бабында көрсетілген ата-аналардың балаға орта бiлiм беру жөнiндегi мiндеттерiн өрескел түрде бұзу болып саналады, -дейді прокурор көмекшісі А.Исмагулова. - Арнайы іс-шаралар жүргізу нәтижесінде алынған мәліметтерге қарағанда Е. өзінің жездесі Б.-ны және апасы Н.-ны идеологиялық әсер ету арқылы көндіріп, «жиһадқа» қатысуды үгіттеген. Және «жиһад» жолында жүріп өздерімен бірге балаларының құрбан болуына дайын болып, осы жолға түсіруге нұсқама берген.

Осылайша Е.-нің нұсқауымен (тергеу мәліметтері бойынша, ол қазір Сирияда) ерлі-зайыпты экстремистік сайттарды қарап, қару-жарақтың техникалық сипаттамасын оқып біліп, балаларына идеологиялық ықпал етіп, оларды «қарулы жиһад» идеясына үгіттеген. 

Нақты айтсақ, 2013 жылдың 6 қазаны күні әкесі өзінің балаларына мынадай сөздерді айтқан:  «Кәпірлерге қарсы шығыңдар, ешқайда қашып құтыла алмайды, сол үшін қолдарыңа қару-жарақ, көліктеріңді дайындаңдар, олар Алланың дұшпаны және өздеріңнің дұшпандарыңды қорқыту үшін керек. Оларды сіздер танымайсыңдар, Алла оларды таниды, сонда сарт еткендерді Алла сауабын алады. Егер сенде жиырма мұсылман болса ол, кәпірлердің екі жүзін жеңгені, себебі олар түк білмейтін қауым».

Ал келесі күні анасы балаларының біріне келесі мәтіндегі сөздерді бірнеше рет қайталап айтқызып, жаттатқан: «Дінің не? – Ислам! Пайғамбарың кім? – Мухаммед!. Иншалла өскен соң кім боласың? – муджахид. Не істейсің өскенде? -Атысам! Иншалла муджахид боласың ба? - Иә!, Аллаху уәкбәр – Такфир».

Сотта ерлі-зайыптының кінәлары толықтай дәлелденіп, балалардың әкесіне бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жұбайы да аталған бап бойынша кінәлі деп танылып, тағайындалған жазаны өтеуді балаларының үлкені кәмелетке толғанға дейін кейінге қалдырды.

Қазіргі таңда сот үкімі заңды күшіне енбеген. Б. апелляциялық шағым беріпті.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА    

5 сәуір 2014, 19:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.