Атырауда өткен Unidance Atyrau жобасы кең көлемді би марафонымен аяқталды.
Unidance – кез келген жастағы адамдардың бойында би талантын ашуға көмектесетін халықаралық бағдарлама. «Заманауи би федерациясы» (Ресей) мен PINEAPPLE ірі би орталықтары желісі штаб-пәтері (Лондон) бірігіп әзірлеген жоба соңғы 15 жылда бұрынғы Кеңес елдеріндегі биді ұнататын мыңдаған адамды біріктірді. Қарқынды оқыту курстары заманауи бидің жаңа бағыттарын екі айда игеруге мүмкіндік береді. Мұны жобаның жабылуына арналған кеште биді жаңа үйреніп жүрген бишілер мен балалар топтарын белгілейтін нөмірлер растайды.
Ұлыбританиядан, Ресейден және Украинадан келген оқытушылар екі ай бойы алты жастан жоғары жоба қатысушыларына, соның ішінде «Шаңырақ» отбасылық үлгідегі балалар үйі шәкірттеріне дәріс берді. Қаламызға алғаш болып Street-dance, Popping, Locking, hip-hop стильдеріндегі биді үйрету үшін 24 жастағы итальян қызы Пи Джей келсе, кейін оны Джерри Холливел, «Чай вдвоем», «Отпетые мошенники», DJ Цветков топтарымен жұмыс жасаған белгілі ресейлік хореограф Сергей ЗИНИЧЕВ ауыстырды. Содан кейін хип-хопты дамытуға үлес қосқаны үшін берілетін халықаралық сыйлықтың иегері, әйгілі VOBR-дың (Владимир Образцов) кезегі келді. Жобаны жас талантты биші ұстаз Сергей МАРТЫНОВ аяқтады. Ол кезінде өз жұмыс жолын ММУ жанындағы эстрадалық би мектебінің басшысы ретінде бастап, TODES студиясында оқыған, содан кейін Girls Community командасының қатысушысы болған. Қазір оның өз MB Group командасы бар. Сергей GC, Manizha клиптарына түскен, «Главный герой MTV», «Мама, хочу стать звездой» бағдарламаларына қатысқан.
- Unidance Atyrau қатысушыларының басқалардан айырмашылығы биге деген құлшыныстарында және уақыт өте олардың шеберлік деңгейлері өсетініне мен сенімдімін, - дейді Сергей.– Бұл - менің Қазақстандағы бірінші тәжірибем, мұндағы жұмыс маған қатты ұнады, сондықтан да Атырауға тағы келуге дайынмын. Қалаларыңызда би қозғалысының қалай дамитындығын көзіммен көргім келеді.
Әр тренердің өз стилімен қатар өзіндік үйрету әдістері, қарым-қатынас орнату ерекшеліктері бар. Сергей өз жұмысына психолог мамандығына оқығаны көп көмектесетініне сенімді. Оның пікірінше, белгілі бір қозғалысты көрсетіп қана қоймай, оқушыны әрі қарай билеуге ынталандыру, яғни, биді өз бетінше де жалғастыра беруге үйрету өте маңызды.
Татьяна СТЕКОЛЬНИКОВА би үйренуге тек өзі ғана емес, өзінің 14, 11 және 10 жасар балаларын да алып келген екен. Анасы мен балаларына оқытушылардың ішінен көңілді де пысықай Сергей Зиничев ұнапты. Ол өз шәкірттеріне жұмыс пен мектепте жинаған жағымсыз әсерлерді би арқылы шығарып тастауға үйретті.
Жоба аяқталды, енді оның қатысушылары Атырауда Unidance би мектебінің ашылуын асыға күтеді.
Зульфия ИСКАЛИЕВА