Құрманғазы ауданы Ганюшкино селосының жолдары күрделі жөндеуді әуелден қажет етуде, бірақ жергілікті тұрғындар үшін бұл әзірге арман болып қалып отыр.
- Бізде тек екі, үш көшенің жолы тегіс, қалғаны шұрық-тесік, ойқы-шойқы. Көпірлерден күндіз бірдеңе етіп сақтанып өтеміз, ал қараңғыда иманымызды айтып жүреміз, - дейді тұрғындар.
Құрманғазы аудандық тұрғын үй, коммуналдық-шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімінен алынған мәліметке сәйкес, аудан бойынша 180 шақырым аудандық маңызға ие автокөлік жолдары бар. Ал Ганюшкиноның өзінде28 шақырым жол жатыр. Олар 2009 жылдан бері жөндеу көрмеген. Тұрғындар «Жапырық, «Ескі аэропорт» секілді ескі ықшам аудандарға әрең жетеді, ал жаңа ықшам аудандарда жол тіпті атымен жоқ.
- Жаңа ықшам аудандардың тұрғындары да асфальттың қашан төселетінін жыл сайын сұрайды. Бірақ оған қаржы бөлінбей келеді, -дейдімамандар.
Селоның басында орталық көпірден бөлек «Безымянный», «Крест», «Самаркино» деп аталатын көпірлер бар. Олар көлік және жаяу жүргіншілерге арналған. Әсіресе, «Безымянный» мен «Самаркино» көпірлерінің жағдайы күйсіз. Көпір үстіндегі жаяу жүргінші жолы мен көлік жолының арасына қорған болар тіреуіштер жоқ. Ганюшкиндіктердің бастарын қатерге тігіп, көлік жолына тым жақын жүрулеріне тура келеді.
- Менің балам мектепке осы жолмен барады. Келгенше көлік қағып немесе басып кете ме деп үрейім ұшып отырады. «Жапырық» ықшам ауданына барар жаяу жүргінші көпірі мүлдем қорқынышты, адамдар оның үстімен амалсыздан ғана өтеді, -дейдіӘсел есімді жергілікті тұрғын.
Биыл село ішіндегі жол шұңқырларын бітеуге, күтіп ұстауға және тазалауға облыстық бюджеттен 14 млн теңге бөлінген.
- Бұрын жолды жөндеуге жылына 7 млн теңге бөлетін. Биыл бұл соманы аздап өсірді, бірақ бұл селоішілік жолдарға мүлдем жетпейді, -дейді «Құрманғазы жолдары» ЖШС-нің бастығы Асылан БАЙМЕНОВ. - Көпірлер ешкімнің балансында жоқ. Сондықтан оларды жөндеуге жергілікті бюджеттен көп жылдан бері бір тиын бөлінген емес.
- Азғыр өңіріне баратын жол күтімі де сіздердің міндеттеріңізге кірістірілген бе?
- Оған әлі тендер өткен жоқ. Осы сәуір айында өтеді деп отырмыз.
Алаудандық тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімінің бастығы Әділбек ӘЖІҒАЛИЕВ биыл аудан бойынша Ганюшкино-Приморье-Утеры-Котяевка ауылдарын байланыстыратын жолдың күрделі жөндеуден өтетінін хабарлады:
- Бекітілген жоспарға сәйкес, осы жолдарды күрделі жөндеу жұмысы биылғы жылдың аяғына дейінбітуі тиіс. Ал селоішілік жолдарға қаржы бөлінген жоқ. Жол жағдайын аудандағы ең өзекті мәселелердің бірі деп айтуға болады. Біздер облыс әкімдігіне күрделі жөндеуден өткізу немесе қайта жаңғырту, жаңа ықшам аудандарға көлік жолын салу жөнінде өз ұсыныстарымызды жеткізген болатынбыз. Келер жылы осы мақсаттарға жергілікті бюджеттен бөлек қаражат қарастырылып, Ганюшкинодағы жол мәселесі реттелер деп үміттенеміз.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА