Жақында Қарттар үйінде 64 жастағы Наталья Павловна мен 68 жастағы Шухрат заңды некелерін қиды. АХАЖ қызметкерлері бұл оқиғаны сол жерге барып рәсімдеді.
Басқа тұрғындар жаңа отбасына сыйлық алу үшін зейнетақы күтіп жүрсе, Атырау облыстық қарттар мен мүгедектерге арналған интернат-үйінің директоры Қилымқас КҮЗЕМБАЕВА жас жұбайларға жеке кең бөлме бөліп берді.
- Достық, драма, сезім деген бұл жерде әрдайым да болады, - дейді ол. – Адамдар бір-бірін ұнатып, ғашық болады, ұрсысады. Бірақ үйленген жағдай алғаш рет орын алып отыр.
Жаңа жас жұбайлардың бөлмесі өте жайлы: әжей өзінің мүгедек арбасында отырғанына қарамастан, айналасын жинақы ұстауға тырысады. Үстел үстінде тойдан қалған печенье, кәмпит қорабы... Жас жұбайлардың жүздері бақыттан бал-бұл жанып тұр. Бәлкім, олардың бөлмесінде ерекше атмосфераның орнағаны содан болар.
Әжей әңгімеге байсалды екен, ал атай көңілді, ол мұны жасырмайды да. Сигарасын құлағына қыстырып, қыздарды өзі туралы әңгіме айту үшін қалдырғандай, сыпайылықпен шығып кетті.
- Күйеуімнен ажырасқан соң сәбиімді бір өзім тәрбиеледім. Бірақ бірнеше жыл бұрын жалғыз қызым қайтыс болды да, мен интернатқа келуді ұйғардым, - деп әңгімелейді Наталья Павловна.
- Қайтадан өмірдің қуанышын көремін деп армандамаған да едім. Бастапқыда Шухрат екеуміз жәй араласып тұрдық, оның менімен сөйлесу үшін желеу іздейтінін сезіндім. Оған ұнайтынымды да сездім. Есік алдына шыға қалсам, осы жердегі басқа адамдармен ойнап отырған доминосын тастай сала менің қасыма жақындауға асығатын... Әзіл айтып, күлдіріп, қошемет сөз айтатын... Өзіңіз де түсініп отырған шығарсыз.
Сол кезде бөлмеге темекісін тартып болған күйеу жігіт кірді.
Атай – тройка-костюм киген нағыз денди. Бәтеңкесі жылтырап тұр, көздерінің айналасын әжім торласа да, көздері жарқырап тұр. Мұндай жігітке төтеп беру қайда?
- Мен ешқашан ресми некеде болған емеспін, - дейді ол. – Бір кездері азаматтық некеде тұрдым, одан екі балам болды. Бірақ қазір балаларым алыста тұрады. Өкінішке орай, біз мүлдем араласпаймыз. Болашақ әйелімді осы жерден бірден байқадым. Алдымен сыртқа шығуына көмектесіп жүрдім, мүгедек арбасымен оған қиын ғой... Гүл сыйлайтын болдым (Шухрат ауладағы бауға күтім жасайды). Тек бір жылдан кейін біздің достығымыз махаббатқа ұласып, ол ресми түрде әйелім болуға келісімін берді.
- Қалай сонда… Кәдімгі шынайы махаббат па?
- Иә, солай!– деді Шухрат атай, нағыз серілерше мені мекеменің есігіне дейін шығарып салып. – Жасарымды жасасам да, шынайы сүю дегенді енді ғана түсіндім. Біз ұрыспаймыз, бір-бірімізді жарты сөзден ұғамыз. Мен әйелімді ешкімге бермеймін, ол ең жақсы әйел. Мен бақыттымын!
Анастасия ПАСТУХОВА
Суретті түсірген автор