Қарабай ДАБЫСОВ өзінің 74-ті алқымдаған жасына қарамастан ісіне мығым, шаруашылығын да дөңгелетіп отыр. Бүкіл ғұмырын облыстық ауылшаруашылығы басқармасында еңбек етуге арнаған, бүгінгі күні зейнеткерлікке жеткен Қарекең 1997 жылы Сарыөзек маңынан, халықаралық әуежай ауданынан 5 гектар жер алып, облыстың азық-түлік бағдарламасын орындауға атсалысты.
Бес гектардың екеуіне жоңышқа мен көкөніс егіп тастады. Ақсақал қала тұрғындарын көкөніспен бір жыл ғана қуантып қойған жоқ. Алайда, оның көңілі көп нәрсені қалады. 2009 жылы орман және аң шаруашылығы комитеті Бүкіләлемдік банк қолдауы барысында «Қазақстан ормандарын сақтау және арттыру» жобасы бойынша 4 млн. теңге көлеміндегі грантты алуға конкурс жариялады. Қажетті қағаздарды жинақтау үшін фермердің бір жылы сарп болды. Үлкен іс үшін ақсақал ақшасын аямады. Тренингтер мен семинарларға қатысу үшін астанаға барды. 2010 жылдың 24 қарашасында Дабысовтардың отбасына қуанышты хабар жетті. Конкурстық комиссия Қ.Дабысовқа грант бөлу жөніндегі шешімді қабылдаған екен.
Енді Қарабай ақсақалдың әдеттегі шаруаларынан басқа егіс алаңында тағы бір міндет қосылды: екі гектар жерге жеміс ағаштарын отырғызып, үш жылдан соң одан өнім алу керек. Грант берген комитетпен арадағы жасалған келісім-шартта өнімнің түрлі аурулардан қорғалған экологиялық таза өнім болуы және өнімдерді Еркінқала селолық округі тұрғындары арасына таратуға тиісті деп көрсетілген. Бұл бақта өсірілген жеміс-жидектің бағасы базардан 15 пайызға төмен болуы тиіс. Бұдан басқа, грантты иеленуші тұрғындар арасында экологиялық үгіт-насихат жүргізуге міндетті.
- Егер келісім-шарт талаптарын бұзсам немесе ақшаны басқа бір мақсатқа қолданатын болсам, онда маған айыппұл салып, грантты алып тастайды,-дейді Қ.Дабысов. – Алайда мен зайыбым Жәнипа екеуміздің қолымыздан келер деген үміттемін. Гранттан басқа, мен бұл іске өз жинағымнан 3 млн. теңгемді салып отырмын. Техникалар, израйл технологиясы бойынша тамшылатып суару құрал-жабдықтарын сатып алдым. Алматы және Астраханнан түрлі жеміс ағаштарының бұтақтарын сатып әкеліп, отырғыздым. «Заря Алатау» алмасына жұмсаған ақшам босқа кетті, олардың үштен екісі өліп қалды. Ал, қалғандары жоспар бойынша келеді...
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Сурет қала әкімінің баспасөз қызметінен алынды